Мәжілісте Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен бірлесіп БҰҰ-ның әйелдер және Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының қолдауымен Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның іске асырылу барысы туралы Біріккен үшінші және төртінші ұлттық баяндаманы талқылау жөнінде дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясын 1998 жылы ратификациялаған болатын. Конвенцияның 18-бабына сәйкес қатысушы мемлекет әр төрт жыл сайын БҰҰ-ға оның орындалуы туралы мерзімді баяндама ұсынады.
1999 жылы БҰҰ-ға оның орындалуы туралы бастапқы баяндама, 2004 жылы – екінші баяндама ұсынылды, ол 2007 жылғы қаңтарда қаралды.
БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясының іске асырылу барысы жайында Біріккен үшінші және төртінші ұлттық баяндаманың жобасында Қазақстан Республикасында 2004 және 2010 жылдар аралығындағы кезеңде болған әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы, сондай-ақ бұл конвенцияның осы кезеңдегі іске асырылуындағы прогресс туралы мәліметтер келтірілген.
Жобада Әйелдерге қатысты кемсітуді жою жөніндегі комитеттің (CEDAW) Қазақстанның екінші баяндамасының 2007 жылғы қаңтардағы тұсаукесерінен кейінгі қорытынды түсініктемелері мен ұсынымдары ескерілген. Гендерлік саясатты ілгерілету бойынша Қазақстан өңірде көш басында келеді. БҰҰ Бас Ассамблеясының Қазақстанды таяуда құрылған «UN Women» құрылымының Атқарушы кеңесі мүшелерінің қатарына сайлауы осыны мойындау болды.