Парламент Сенатында палата Төрағасының орынбасары А.Судьиннің қатысуымен «Өңір» депутаттық тобының төтенше жағдайларға назар аудару үшін заңнамалық базаны жетілдіру және осы бағыттағы мемлекеттік жүйені дамыту мәселесін қараған отырысы болып өтті.
Төтенше оқиғалар көбейіп, еліміздің әр қиырында адамдарымыз зардап шегіп жатқанда мұндай отырысқа деген қызығушылық үлкен болары даусыз. Сондықтан да отырысқа журналист қауымы әдеттегіден көп келген екен. Бірақ мәселе қызу талқыланудың орнына жауырды жаба тоқып, сылап-сипау көбейіп кетіп бара жатқан соң, журналистер де отырыстың аяғын тоспай, тез тарап кетті.
Ең соңғы болып сөйлеген сенатор Ж.Төрегелдинов қаралып отырған мәселенің аса күрделі екеніне назар аударды. Алматыда соңғы рет болған жер сілкінісін өз басымнан өткердім, деді ол. Жердің астынан әлдеқандай құдіретті гуіл естіліп, оның артынан үйлер теңселіп, жиһаздар қозғалғанын көрген кезде адам табиғат алдындағы өзінің дәрменсіздігін сезініп, тұла-бойыңды қорқыныш билейді екен. «Сақтансаң сау боларсың» деген бар, сондықтан да бұл мәселені тереңірек зерттеп, жаңадан өрт сөндіру деполарын, биік сатылар дайындауға өз тарапымыздан көмек беріп, қаражат бөлуге ықпал етуіміз керек, деді ол.
Одан әрі сенатор кейбіреулердің халықты қасақана қорқытып, үрей тудырғысы келгеніне назар аудару керектігін айтты. Олар кәсіпорындар мен мекемелердің кадрлар бөлімдеріне телефон шалып, қатты жер сілкінісі болады деп хабарлап, дүрбелең туғызуды мақсат тұтқан. Олардың да көздеген өз мақсаттары болуы керек. Сондықтан ондайларға көңіл аудармай қалдыруға болмайды, кімдер екенін тауып, істеріне тексеріс жүргізу керек. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан орталықтандырылған ақпарат орталығы жұмыс істегені жөн, дей келіп, әлемдік тәжірибеден зілзалаға дайын болу үшін жасалатын кейбір шаралар туралы айтты.
Ал өзінің баяндамасында Төтенше жағдайлар министрі В.Божко Алматыда болғандай жер сілкінісі соңғы бес жылда 70 рет тіркелгенін, одан ешқандай қауіп жоқ екенін айтты.
Шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Сенат Төрағасының орынбасары А.Судьин «Өңір» депутаттық тобының аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге жәрдем беруде маңызды рөл атқарып жүргенін атап өтті. Сенаторлар Ю.Кубайчук, Қ.Ищанов, Ж.Нұрғалиев және басқалар төтенше оқиғалардың алдын алу және олардың зардаптарын азайту, қауіпті нысандардың есебін алу мен бақылау жөніндегі өздерінің ойларын айтты. Сенатор Б.Жылқышиев жекешеге көшіп кеткен су қоймаларын бақылаудың қандай дәрежеде екенін және оларды мемлекетке қайтару ісі қолға алынғанын білгісі келген еді. Оған министр бақылау жасалатынын, бірақ жекешелендірілген мүлікті қайтадан мемлекетке қайтару мүмкін емес екенін айтты.
Отырысқа Президент Әкімшілігі, Үкімет, «Нұр Отан» ХДП, «Республикалық дағдарыс орталығы», «Өрт сөндіруші» АҚ өкілдері қатысты. Жиын қорытындысы бойынша арнаулы хаттама әзірленіп, ол Төтенше жағдайлар және басқа да тиісті министрліктер мен ведомстволарға жеткізілетін болды.
Жақсыбай САМРАТ.