Газет редакциясы қызметкерлерінің қызметтік телефонында тыным болмайды. Оқырмандар, хат-хабар иелері, өзге де адамдар жиі қоңырау шалып жатады. Түс мезгілі жақындап қалған болатын. Телефон тағы қоңыраулатты. Тұтқаны көтердім, хабарласып тұрған Алматы облысы, Талғар ауданы, Туғанбай ауылындағы «Цегун» шаруа қожалығының төрағасы Байжұман Смайыл аға екен.
– Мемлекет басшысының өзі қолтаңба жазып әрі қолын қойып, жіберген «Еуразия жүрегінде» атты кітабын алып, ерекше қуанып отырмын, – деді Байжұман аға аман-саулық сұрасқан соң. – Сол қуанышымды ел газеті «Егемен Қазақстанға» жеткізейін деген ниетпен хабарласып жатқан жайым бар. Ауылдағы қарапайым шаруа адамының лебізі мен өтінішін газеттеріңе шығардыңдар ғой...
Көз алдыма Тәуелсіздік сарайы, 8 сәуір күнгі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік қызметке кірісуінің ұлықтау салтанаты, ұлықтау салтанатына делегат ретінде қатысқан Байжұман Смайылмен екеуара әңгіме, сондай-ақ ол кісінің қолындағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осыдан он үш жылдай бұрын жарық көрген «Қазақстан ХХІ ғасыр табалдырығында» атты кітабы оралды.
– Аға, шынында да, бұл үлкен сыйлық екен, қуанышыңызға ортақпыз. Президент өзінің кітабын екінің біріне сыйлай бермейді. Бұл өте сирек болатын жағдай, – деп Байжұман ағадан Елбасының қолы қойылған сөздер мәтінін электронды поштамен газет редакциясына жіберуін өтіндім.
Аңқылдаған ақ жүрек шаруа адамының қарапайымдылығын қараңызшы, көнбеді, бірден бас тартты. Қолқалап қоймаған соң:
– Жарайды, жіберейін, – деді Байжұман аға. – Бұл мен үшін, менің отбасым үшін ең қымбат сыйлық. Өтінішімді аяқсыз қалдырмағаны үшін Елбасына жүректен шыққан шынайы алғысымды білдіремін.
Телефон тұтқасын орнына қойдым да, газет тігіндісін тездетіп парақтай бастадым. Мемлекет басшысын ұлықтау салтанатына арналған «Егеменнің» 9 сәуірдегі нөмірі түрлі-түсті бояумен ерекше безендіріліп шыққан болатын. Онда ұлықтау салтанатына қатысқан бір топ қазақстандықтардың пікір-лебіздері де суреттерімен жарияланған еді. Міне, газеттің бесінші бетінде Байжұман Смайылдың пікір-лебізі өз аты-жөнімен жарияланыпты. Оқып шықтым.
Ол мақаласында Президентті ұлықтау салтанатына қатысып, соған куә болғанына өзін ерекше бақытты санайтынына тоқтала келіп, орта тұста былай деген екен: «Егер қазақтың тарихына жүгінер болсақ, хан көтеру Тәуке ханнан, Хақназардан басталып, бері қарай Абылай ханнан жалғасады. Осы бабаларымыздың барлығы қаншама рет құлшыныс танытса да, жасай алмаған Қазақстанның тәуелсіз іргелі ел болуын Нұрсұлтан Назарбаев жасап, қалыптастырып берді. Менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл қазақ халқының бағына берген ұлы да дара тұлға!».
Өткен жылы еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, оншақты жылдан бері өтпеген Ұйымның Саммитін Астанада табысты өткізгені белгілі. Осыған байланысты Байжұман Смайыл: «Әрбір елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткісі, жоғары деңгейдегі саммит өткізгісі келеді. Шынын айтайын, кейбір елдердің бұған қаражаты жетпеді, ыңғайы келмеді... Қазіргі кезде Қазақстанда қаражат та жеткілікті, сыртқы саясаттағы ұстанымы да орнықты», – деп пікір білдіріпті.
Тәуелсіздік сарайының ішінде әңгімелескенімізде Байжұман ағаның қолындағы кітапқа көзіміз түсіп, оның жайын сұраған болатынбыз. Осыған байланысты біз өз тарапымыздан автордың пікірінің соңына былай деп қосқан едік: «РS. Байжұман ағаның қолында Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан ХХІ ғасыр табалдырығында» деген кітабы бар екен. Пікірлесу барысында соның себебін сұрадық. «Бұл кітапты қолыма ұстап жүргеніме 13 жылдан асты, – деді Байжұман аға. – Елбасыға жолығып қалсам, осы кітапқа Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан қолтаңба қойдырып алсам деп жүрмін. Өкінішке қарай, мүмкіндік болмады. Дегенмен, Елбасын ұлықтау салтанатына қатысқан біраз өнер қайраткерлеріне қолтаңба қойдырып алдым».
Арада екі күн өткенде, Мемлекет басшысының Байжұман Смайылға сыйлаған «Еуразия жүрегінде» кітабы сыртқы мұқабасының, осыған байланысты Елбасының қолы қойылған мәтіннің және Президент Кеңсесінің Басшысы Махмұд Қасымбековтің Байжұман ағаға жолдаған хаты мәтінінің электронды нұсқасы қолымызға тиді. Елбасының қолтаңбасында былай деп жазылған: «Құрметті Байжұман Смайылға. Алғыс сезіммен ұсынамын. Сіздің де өз шаруашылығыңызды Астананың қарқынымен дамытуыңызға шын жүректен тілектеспін. Астана, Ақорда, 2011 жылғы мамыр».
Ал Президент Кеңсесінің Басшысы Махмұд Қасымбековтің хатында: «Құрметті Байжұман Смайыл! Жіберген хатыңыз бен «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 9 сәуір күнгі санында жарық көрген мақалаңыз Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа көрсетілді. Нұрсұлтан Әбішұлы нақты іспен айналысып, өнім өндіріп жүрген қарапайым еңбек адамының тарапынан осындай жылы лебізге толы хат алғанына зор ризашылығын білдірді. Сайлау науқанына белсене қатысып, қайта Президент болып сайлануына қосқан үлесіңіз үшін Сізге шынайы алғысын және деніңізге саулық, отбасыңызға амандық пен береке-бақыт, өзіңіз жетекшілік ететін шаруа қожалығының жұмысына мол табыстар тілеген ізгі сәлемін жеткізуді тапсырды.
Сондай-ақ тілегіңіз бойынша Сізге өз қолтаңбасы қойылған «Еуразия жүрегінде» кітабын жібергенді жөн көрді. Өзіңіз сүйсіне аралаған жаңа елордамыз туралы жазылған Президентіміздің бұл кітабы Сіз үшін қадірлі сый болады деп үміттенеміз. Қабыл алыңыз. Қосымша: 1 кітап», – деп көрсетілген.
Міне, бұл Мемлекет басшысының уақыты өте тығыз болса да, қарапайым еңбек адамының өтініш-тілегін аяқсыз қалдырмайтындығын, сондай-ақ мерзімді басылымдарды үнемі оқып, ондағы мәселелерді ұдайы назарда ұстайтындығын көрсетеді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.