Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Валерий Вишниченко мен Айгүл Соловьева Украина Жоғарғы Радасының депутаты Олег Ляшкомен жүздесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Депутат Валерий Вишниченко Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымы, елдің қол жеткізген табыстары туралы баяндап берді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында ұлтаралық келісім мен татулық мемлекеттің біртұтастығын сақтаумен қатар, экономикалық-әлеуметтік дамуына жол ашып келе жатқанын айтып өтті. Депутат Қазақстандағы украин диаспорасының бақуатты тұрып жатқанын әңгімеледі. Әсіресе, Қостанай, Қарағанды облыстарында украин ұлтының өкілдері көбірек қоныстанған. Украина қазақтың жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа Киев қаласында ескерткіш орнату үшін жер телімін бөлді. Ал өз кезегінде Қазақстан Тарас Шевченкоға Астана қаласындағы Омаров және Әуезов көшелерінің қиылысында ескерткіш орнатуды жоспарлап отыр.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан мен Украина арасындағы қарым-қатынасты дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды. Украина Жоғарғы Радасының депутаты Олег Ляшко: «Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын жеңісі және бүкіл халықтың қолдауы қазақстандықтардың өз көшбасшыларының идеясы жолында біріге білетінін әлемге танытты», – деді. Мейман халық бірлігі бар жерде экономикалық және басқа да салалар бойынша табыстарға жетуге болатынын тілге тиек етті. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы шетелдік сапары біздің елге жасалғанын Украина жоғары бағалайды. Қазақстан басшысы Ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану мәселелері жөніндегі Киев саммитіне қатысты», – деді Олег Ляшко.
Сұхбат барысында украиналық мейман жуырда Санкт-Петербург қаласында Украина Жоғарғы Радасының төрағасы Владимир Литвинов Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановты өз еліне шақырғанын айтып өтті. Кездесуде басқа мәселелер де сөз болды.