Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Шараны Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Зағипа Балиева ашып жүргізіп отырды. Ол өзінің кіріспе сөзінде ХХІ ғасырдың зияткерлік меншік ғасыры деп аталып жүргені бәрімізге мәлім. Оған біздің көзқарасымыз ашық та дәлелді. Шынымен ғылыми-техникалық прогресс дәуірі басталып, зияткерлік меншіктің рөлін бағаламау мүмкін болмай қалды. Осы мәселенің маңызы сонда, ол тек жеке мемлекеттік шеңберде ғана емес, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы деген айдармен әлемдік деңгейде талқыланып жатыр, деді.
Келесі кезекте З.Балиева қарастырылып отырған мәселенің өзектілігіне тоқталды. Менің байқауымша пираттық өнімдер Қазақстан рыногында ғана орын алып отырған жоқ, еліміз БСҰ-ға мүшелікке өткелі даярлық жасап жатқанда зияткерлік меншіктің бағасын халық ұғына бастады деп ойлаймын. Осыған орай Халықаралық бизнес және менеджмент академиясының профессоры Владимир Романовтың баяндауынша, зияткерлік меншік қорын алтын қорынан артық көріп, «біз гауһарға тең байлықтарымызды аяққа басып жүрміз. Ең пайдалы ісімізді құқық бұзушылардың қолына беріп қойдық», деп шырылдағанын атап өткім келеді, деді.
Шынында да зияткерлік меншіктің құқын қорғауды қамтамасыз ету үшін бар күш-қайратымыз жұмсалуы тиіс. Зияткерлік меншікті қорғау деңгейі бәрінен бұрын тиімді нормативтік құқықтық базаға байланысты екені белгілі. Заңды жасап қана қоймау керек, ол іс жүзінде орындалғаны қажет. Сол үшін осы дөңгелек үстел басына жиналып, Әділет министрлігі әзірлеген заң жобасын талқылау басты мақсат болды.