28 Мамыр, 2011

Қазақстан бар қазаққа қамқоршы болуға тиіс

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанадағы Дүниежүзі қазақ­тарының IV құрылтайы ойдағы­дай ұйымдастырылды. Оған Түр­кі­мен­стандағы қазақ диас­по­ра­сы­ның жетекшісі Бисенғұл Бегдесінов те делегат ретінде қатысуға тиіс еді. Алайда ол тұрып жатқан елінен шыға алмады. Анығын айтсақ, шығармады. Бегдесінов деген кім? Қазақ­стандық ақпарат құралдарындағы дерек көздеріне сүйенсек, Бегдесінов – Түркіменстандағы аз қа­зақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген көзі ашық, көкі­регі ояу азамат. Оның қысымға ұшырап, осындай жағдайға душар болуына Түркіменстанда тұ­рып жатқан қазақтардың мүд­де­сін қорғаудағы белсенді азамат­тық ұстанымы себеп болып отыр­ған сияқты. Кезінде Түркі­мен­стан­да қазақ мәдени орталығын ашу жөнінде бастама көтеріп, өкі­нішке қарай, тіркеуге келгенде, жергілікті биліктің рұқсатын ала алмаған ол көші-қон мәсе­ле­сін­де тығырыққа тірелген қан­дас­тарына қолұшын беріп, жат жұртта жүріп жиған-тергендерін шашпай-төкпей елге ора­лу­лары­на көмектеспек болған. Өйткені, қазақтар Түркіменстаннан тарихи Отанына оралу үшін үй-жай­ын мемлекетке тастап кетуге тиіс. Осының өзі-ақ атажұртқа  қо­ныс аударуды аңсаған қазақ­тар­дың аяғына тұсау болып отыр. Бег­десінов Ресейде тұратын та­ныстары арқылы ықтияр хаттар жасап, көшуге бел байлаған қазақтардың үйлерін жекешелендіруге көмектескен. Оның бар кінәсі осы.  Соған қарамастан, Түр­кіменстанның заң орындары 2011 жылдың 11 сәуірінде Аш­ға­бадта Бисенғұл Оңайұлын алаяқ­тық жасады және пара алды деген айыппен тұтқындаған. Ақыры іс сотқа жетіп, Бисенғұл Бег­десінов өзіне тағылған айып­тардың бірі бойынша шартты түр­де бас бостандығынан айы­рыл­ды. Түркіменстанның Ұлт­тық қауіпсіздік министрлігі  оны қамаудан босатқанмен, жеке ба­сын куәландыратын құжаттары­нан айырып, елден шығуына тыйым салып отыр. Өйткені, соттың шешіміне сәйкес ол мемлекетке өзі жекешелендіруге көмектескен, сөй­тіп, Түркі­менстан қазақ­тары­ның меншігіне ауысқан  үй­лер­дің құнын өтеуге тиіс. Осы мә­се­ле шешілгенге дейін ол ешқайда шыға алмайды.   Меніңше, еліміздің Сыртқы істер министрлігі осы жағдайға араласып, шетте қысым көріп, қу­даланып жүрген Бисенғұл Оңайұлына араша түсуі, сөйтіп оның және отбасының тезірек елге оралуына көмектесуі керек секілді. Әлемнің түкпір-түкпі­рі­не тарыдай шашылған қазақтың бір ғана Отаны бар. Ол – Қазақстан. Сондықтан Қазақстан бар қазаққа қамқоршы болуға, бастарына іс түскенде оларды қорғауға тиіс деп білемін. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты.