Кеше елімізде Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы аясында мәні мен маңызы жағынан айтарлықтай шара өтті. Астандағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадионда тұңғыш рет құрылтайға қатысушылар арасында футболдан турнир ұйымдастырылды.
Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен бұл спорттық шараға кешегі қиын-қыстау кезде шет ел асуға мәжбүр болған қандастарымыздың ұрпақтары ішінен Еуропа қазақтарының біріккен командасы, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Түркиядағы ағайындардың құрамалары мен Қазақстанның жас аяқдопшылары қатысып, бақ сынасты.
Турнирдің ашылу салтанатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары Талғат Мамашев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқаров, Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов пен басқа да азаматтар футбол жарыстарының мәні мен маңызын, олардың қазақ жастары арасында достық қарым-қатынасты, бауырмалдық пен ынтымақтастықты қалыптастыратынын айтып, қазіргі кезде мұндай турнирлер Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы кезінде өткізілетінін атап өтті.
Одан әрі спорт мерекесінде «Сарыарқа» ұлттық аспаптар ансамблі мен «Еркес» балалар ұжымының қатысуымен концерттер қойылып, дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінен ойындар көрсетілді. Онда асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресін құрылтай қонақтарына насихаттау мақсатында ұлттық ойындардың ережелері қазақ және ағылшын тілдерінде таратылып берілді. Осы кезде Елсияр Қанағатов болашақта тек футбол ғана емес, басқа да спорт түрлерінен жарыстар өткізу жоспарланып отырғанынан хабардар етті.
Осы турнирдің жартылай финалынан бастап қатысқан Қазақстан құрамасы ширек финалда Түркия қазақтарының алдын ораған оңтүстіктегі көрші елдегі ағайындардан жеңіліс тапты. Сөйтіп, екі кездесуде қарсыластарын ұтқан Өзбекстан қазақтары финалға жолдама алды. Ал олардың қарсыласы Ресей мен Еуропа командалары арасында өткен ойында анықталды. Бұл матчта Ресейдің Омбы, Саратов, Орынбор, Алтай өлкесі мен басқа да қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарынан құралған команда еуропалық бауырларынан 2:0 есебімен басым түсті. Осы ойында алғаш рет 11 метрлік айып добы берілді. Оны Азамат Жұматов орындады. Үшінші орын үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы Еуропа командасын 2:0 есебімен жеңіп, қола жүлдеге ие болса, аса қызықты және тартымды негізгі уақыттағы есеп 1:1 болып аяқталған финалда Ресей құрамасы Өзбекстандағы ағайындарын 11 метрлік пенальтиде жеңіп кетті.
Сөйтіп, таңертеңнен кешке дейін созылған алғашқы турнир мәресіне жетіп, жеңімпаз бен жүлдегер командалар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды. Осы турнирдің үздік шабуылшысы болып Еуропа командасының мүшесі Емре Залын атанса, үздік қақпашы атағына Нұрсұлтан Рүстембеков (Ресей), үздік қорғаушы атағына Дархан Көшербаев (Қазақстан) ие болды. Ал жарыстың ең үздік ойыншысы болып Руслан Әбішев (Өзбекстан) танылса, Мехмет Әлпер Калкан (Түркия) жеңіске деген жігерлілігі үшін дипломымен марапатталды.
Дастан КЕНЖАЛИН.