Тәртіп пен білім ұштасқанда ғана кез келген жанның адамдық болмысы қалыптасады, сондықтан да әл-Фараби дананың: «Тәртіпсіз берілген білім – қауіпті» дегенінің сыры осында болса керек. Қандай да болсын ұлт пен ұлыстың өркениетке өрлеп, жоғары дәрежеде дамуына білімнің ауадай қажет болатыны сияқты реттіліктің де соншалықты керек екендігі ақиқат. Адам бойындағы тәртіптің түбі тектіліктен тараса керек. Сонда ғана аталарымыз айтқан: «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз өмірден өз орнын табады. Бабадан келген асыл тек пен терең білім қоғамдағы кез келген тұлғаны өз ортасынан дараландырады емес пе? Әсіресе, бұл қасиет елдің көшін өрге сүйреуде еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлердің бойынан табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысындағы аумақтық басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңестің төрағасы Серікбай НҰРҒИСАЕВПЕН болған әңгімеміздің негізгі өзегі де осы болды.
– Серікбай Өрікбайұлы, әңгімемізді мемлекеттік қызметкерлердің қоғамда алар орны мен олардың маңызды міндеті турасында өрбітсек ...
– Әр мемлекеттің заңнамасында сондағы қоғамның дамуына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын реттеп отыратын, тәртібін белгілейтін өзіндік әдіс болады. Заңнамамен нақтылаудағы басты мақсат – мемлекеттік қызметкерлерді қатаң іріктеуден өткізіп, сынақтан сүрінбегендерді қатарға алып, одан әрі тәрбиелеп, білімін біліктілікпен ұштастырып, барынша биік деңгейге көтеру. Бұл мәселенің маңызы аса зор. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлер сол елдің халқының салығынан құралған қазынаның қара қазанынан – бюджетінен қаржыландырылады. Соған сай мемлекеттен қаржыландырылатын қызмет саласының негізгі міндеті – ел мен жердің ертеңі үшін, сол елдің тұрғындарының жарқын болашағы үшін еңбек ету екені айдан анық. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен «Елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы мемлекеттік қызметтің рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Жиырмаға жуық мемлекеттен арнайы өкілдер қатысқан байыпты басқосуда баяндама жасаған Мемлекет басшысы біздің алдымызда тұрған міндеттерді айқындап берді. Олардың қатарында өркениет көшінің өрінде тұрған АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің халықаралық тәжірибесін зерттеу, соның қорытындысына сай өзімізге ғана тән модель жасау туралы мәселелер бар.
Аталған конференцияда Қазақстанның мемлекеттік қызмет саясаты әлемдегі дамыған елдердің мемлекеттік қызмет саясатымен теңдес екендігіне көз жеткіздік. Жалпы алғанда алға қойып отырған мақсатымыз да, проблемаларымыз да ұқсас. Мысалы, тамыр-таныстықпен жұмысқа орналасу, жемқорлық, қызметшілердің кәсіби деңгейі мен олардың білім дәрежесі сынды мәселелер бар елге ортақтығымен ерекшеленеді.
Бізді толғандыратыны – талантты, «сегіз қырлы, бір сырлы», білімі жеткілікті азаматтарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесі. Жасырары жоқ, қолынан іс келетін, жан-жақты білімді, біліктілігі де бір басына жетіп-артылатын азаматтар жоғарыда тамыр-танысының болмағандығынан жұмысқа орналаса алмай жүреді. Оны күнделікті өмірде жиі байқаймыз. Ауылдың кейбір жастары қаражат тапшылығынан Астана мен Алматына айтпағанда, облыс орталықтарына да бара алмай, білімдерін жетілдіре алмай жүргені де шындық. Сондықтан осы мәселеге әлеуметтік тұрғыда маңыз беріп, назар аударған жөн. Ең бастысы, талантты, білімді әрі талапты жастарды мемлекеттік қызметшілердің қатарына қосу жағын ойлауымыз керек.
Маңызды мәселенің күрмеуін тарқатуға қатысты қарап отырғанымыз жоқ, атқарылып жатқан жұмыстар мен іс-шаралар өте ауқымды. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің алға қойған мақсатының айқындығы мен іскерлігіне назар аударуға тырысамыз. Өйткені, олар мемлекеттік қызметке келген соң қара басының қамын емес, елге қалай қызмет ету жағын ойлауға тиісті. Мысалы, біздің елде мемлекеттік қызметке келген маман мемлекеттің болашағына негізделген басты заңдарды қаншалықты меңгергені жөнінде сынақ тапсырады, ант қабылдайды. Атам қазақ ант, серт деген сөздерге ерекше маңыз беріп, оны бұзған жандарды елден аластаған, жек көрген. Соның өзінен-ақ, анттың айбары мен мәртебесін анық байқауға болады. Ант қабылдаған мемлекеттік қызметкер өз жұмысын адал атқаруды, бірқатар нәрселерден шектелуді, мемлекеттің саясатына қызмет етуді әрдайым есінде ұстағанда ғана аты мен атқаратын міндетіне көлеңке түсірмейді. Алдына маңызды мақсат қойып, мойнына жоғары жауапкершілік жүктеген азаматты мемлекет те өз тарапынан қолдап, оқытып, тәрбиелеп, баспанамен қамтамасыз етіп, кәсіби деңгейін шыңдап отырады. Қазақстанда бұл тұрғыда да көптеген келелі істер атқарылуда. Бір айта кетерлігі, біздегі мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейі жоғары. Соған сай басты мақсат та сол білімді халықтың игілігіне жұмсау. Дегенмен, арамыз сыбайлас жемқорлықтан, басқа да келеңсіздіктерден тап-таза деп айта алмаймыз. Жер бөлу, пәтер беру барысында асыра сілтеп, заңсыз артықшылықтар жасау, пара алу сынды жағымсыз деректер кездеседі. Қазіргі кезде мұндай келеңсіздіктерге қарсы күрес барынша күшейтілді.
– Мемлекеттік қызметкер – халықтың үміт артар адамы. Десек те, кейде халық пен билік өкілдері арасында біртұтастықтан гөрі алшақтық басым түсіп жатады. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Қызмет көрсетуші бар да, оның қызметін тұтынушы бар. Халыққа қызмет ететін болғандықтан, ең бастысы жалпақ жұрттың көңілінен шығуды ойластырған жөн. Бұқарамен байыпты да, мәдениетті қарым-қатынас жасап, сыпайылық таныта білу қасиеті – мемлекеттік қызметкердің бойында міндетті түрде болуы тиіс. Оны ешкімнің естен шығармағаны абзал. Көрсеткен қызметіңе де нақты бағаны халық беретінін ұмытпа. Соған сай мемлекеттік қызметкерлердің халықтың алдындағы абырой-беделі де оның қолындағы билікке қарап емес, халықтың көңілінен шығып, қызмет көрсеткеніне байланысты қалыптасады. Мәдениеттілік, пайым-парасат пен білім-біліктілігі және кәсіби деңгейі заңға сәйкес болуы тиіс.
«Мемлекеттік қызметкерлер жиі тексеріледі» деген әңгімеден біздің де хабарымыз бар. Дегенмен мұның шындыққа жанаспайтынын ашық айта аламын. Іс жүзінде мемлекеттік қызметкерлерді ешкім тексермейді. Олардың құқы мен бостандығы Ата Заңымызбен қорғалады. Мұндағы тексерілетін нәрсе – қызметті атқару барысында Қазақстан заңдарының дұрыс қолданылуы. Және мұндай іспен негізінен прокуратура және тағы басқа да қадағалаушы органдар айналысады. Мәселен, заң бұзылғаны белгілі болысымен оған кінәлі адамды анықтап, жиналған материалдарды көбіне бізге береді. Тәртіптік кеңес оның мәселесін қарап, өзара кеңесе келе қандай жаза тағайындау жөнінде шешімге келеді де, тиісті орындарға өз шешімдерін жөнелтіп, ұсыныс жасайды.
Жалпы, мемлекеттік қызметкерлер халыққа билік жасамайды, керісінше жұртқа қызмет көрсетеді дегенді көп адам әлі жете түсінбейді. Ондайлар қалың бұқараның ғана емес, сол мемлекеттік қызмет саласындағылардың арасында бар екенін жасырып, жабуға болмайды. Мұны көпшілік қауым түсінуі қажет. Сонымен бірге халықтың да мемлекеттік қызметкерге, әкімге түрлі әлеуметтік мәселелер жөнінде талап қоюға құқы бар. Өйткені, халықтың еңбекке қабілетті бөлігі жұмыс істеп, мемлекетке салық төлеп, қазынаның қара қазанын толтырып отыр. Сондықтан олардың табан ет, маңдай терімен жиналған қаржының қалай жұмсалып жатқанын білуге, игілігін көруге деген ынтасын түсінуге болады.
Менің ойымша, мемлекеттік қызметкер халыққа лайықты құрмет көрсетіп, бағалауы қажет. Ел болмаса олар кімге қызмет етеді? Осыны жете түсінгендері дұрыс. Елбасының тапсырмасымен әкімдердің халық алдындағы есеп беруі қолға алынғалы көптеген игі істер жүзеге асырылды. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілер де өздерінің атқарған жұмыстарына орай есеп береді. Бұл талап оларды жауапкершілікке, ыждағаттылыққа үйретеді.
Мемлекеттік қызметкер қоғамда болып жатқан кез келген мәселеден тысқары қалмауы керек. Өз жұмысын дұрыс атқарумен қоса, мемлекеттік және ұлттық құндылықтарға да асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Осы орайда біз «Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл» деген байқау өткізіп отырамыз. Өйткені, мемлекеттік тіл үнемі қолданыста болатындықтан оның мәртебесін асырып, қолданыс аясын кеңейтуге бірінші кезекте, мемлекеттік қызметкерлер, мүдделі болуға тиісті. Тілді дамытып, оны алға жылжытатын күш – мемлекеттік қызметкер. Ауылдық жердегі әкімдіктерде жұмыс істейтіндердің бәрі қазақ тілін жақсы меңгерген азаматтар. Бірақ, олардың білім деңгейі облыстық басқармада қызмет ететіндермен салыстырғанда төмен екені рас. Дегенмен сөзге шешендікке мән бере отырып, білімді бірінші орынға қойған дұрыс. Өйткені білім нашар болса, тіл шеберлігінің пайдасы шамалы. Өмірде барлық мәселені нақты іспен шешу керек. Бұл байқауда ауылдық жерден шыққан азаматтар білім жағын қамтуға тырысса, қалада өскендер қазақ тілін жақсы меңгеруге атсалысып, сөздік қорын толықтырады. Сонымен бірге, «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Мемлекеттік қызметкер және мәдениет» деп аталатын байқауларды өткізгеннен бері мемлекеттік қызметкерлердің ішінде барлық жағынан талантты азаматтардың көп екенін байқадық.
Біз әрдайым мемлекеттік қызметкерлердің беделін биіктетіп, абыройын асқақтатып, халық алдында үнемі жоғары деңгейде көрсетуге ұмтыламыз. Оның жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, іс-қимылына, ұйымдастырушылық қабілетіне, адамдармен қарым-қатынасына көңіл аударып, мән берген абзал.
– Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауын жүзеге асыруда нақты қандай шараларды қолға алып отырсыздар?
– Елбасының Жолдауына сай мемлекеттік қызметкерлерден үлкен насихаттық топ құрылып, халық ішін аралап, ауыл-ауылдарда, қалаларда жылдың басты құжатында айтылғандарды жергілікті жұртшылыққа түсіндіреміз. Жолдауда айтылған әрбір сөзді жан-жақты таратып, халыққа, азаматтарға, мемлекеттік қызметкерлерге жеткізуге тырысамыз. Мемлекеттік қызметкер Жолдауды дұрыс түсініп, Елбасының тапсырмасын жүзеге асыруға атсалысуы қажет. Мысалы, менің өзім соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі бойынша аудандарды аралап, бір жарым сағаттық дәріс оқып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземін. Онда алдымызда қандай өзгерістер бар, қандай талаптар қойылып отыр, мемлекеттік қызметкерлердің міндеті мен мәртебесі туралы, заңға қандай өзгерістер енгізілді деген сынды сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітеміз. Бүгінгі күні облыс көлемінде сегіз жарым мың мемлекеттік қызметкер бар. «Ертеңгі күнде бұлардың орнына кімдер келеді?» деген сұрақ мазалағаннан кейін І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетпен бірігіп, осы жоғары оқу орнынан «Мемлекеттік қызметкер» даярлайтын бөлім аштық. Ол жерде қазіргі таңда 118 студент, үш магистрант білім алуда. Астанадағы мемлекеттік басқару академиясымен де келісім-шарт жасадық. Онда екі жыл оқып, екі бірдей жоғары оқу орнының дипломын алып шығады. Ең бастысы, біз болашақтағы мемлекеттік қызметкерді өзіміздің Жетісу мемлекеттік университетінде даярлауға мүмкіндік алдық.
– Облыста өтіп тұратын Тәртіптік кеңес отырысының маңызы өте зор. Онда мемлекеттік қызметкерлердің кемшіліктері сынға алынады. Осы Тәртіптік кеңестің мемлекеттік қызметкерлер жұмысын ретке келтірудегі әсері қаншалықты? Талқылаудан сабақ алатындар бар ма?
– Тәртіптік кеңес – жазалайтын орын емес. Біз мемлекеттік қызметкердің кемшілігін талқыға салып, түзетуді мақсат тұтамыз. Тәртіптік кеңестің отырысына ақпарат құралдарының өкілдері де қатыса алады. Сондықтан оны халық көріп, теледидар мен газет-журналдар арқылы құлағдар болады. Мұндай отырыс ашық түрде өтетіндіктен мемлекеттік қызметкер қателік жібермеуге тырысады. Өйткені, оның кемшілігі теледидар арқылы көрсетіліп, газет бетіне жарияланып жатса, өзіне абырой әпермейтінін жақсы біледі. Тәртіптік кеңестің отырысында талқыланған, жаза тағайындалған азаматтарымыз қоғамның, отбасының, туған-туыстарының, бірге жүрген қызметтестерінің, бала-шағасының алдында ұятты болып жүреді. Сондықтан тәртіптік кеңестен сабақ алады дегенді сеніммен айта аламын. Біздің міндетіміз мемлекеттік қызметкерді тәрбиелеу болғандықтан, Тәртіптік кеңестің мүшелері оған жақын адам ретінде қарайды. Кінәсін, жіберген қатесін мәдениетті тұрғыда түсіндіріп, тәртіпке шақырамыз. Кемшілікке жол берген мемлекеттік қызметкерге бұрындары жаза, қатаң жаза, сөгіс беріліп, ескерту жасалатын. Биыл заңға өзгеріс енгізіліп, мұның бәрі алынып тасталынды. Ендігі жерде «Істеп жатқан қызметіне толық сәйкес емес» деп шешім қабылдап, қызметін төмендетеміз, кей жағдайда тіпті, қызметінен босатамыз. Демек, заң өте қатал. Бұрын Ант қабылдағаннан кейін әрқайсымыздың толтыратын декларациямыз болатын. Ол сол қалпында қалатын. Қазір сол декларацияны біз ҰҚК-мен бірігіп, міндетті түрде тексереміз.
Мемлекеттік қызметкерлер халықтың алдында сыйлы, абыройлы, беделді болса екен дейміз. Білімін жетілдіріп отыруға мемлекет тарапынан жағдай жасаудың да себебін осыдан іздеген жөн. Бүгінгі таңда ауылдарда электронды жүйе бойынша сұрау жіберу мүмкіндігін қарастырудамыз. Егер, ойымыз орындалса, жергілікті жұртқа арыз-шағымын Тәртіптік кеңеске дер кезінде жеткізуге тамаша жол ашылады. Қолмен жазылған хат жоғалып кетуі мүмкін. Егер хатты электронды поштамен жіберетін болса, ол ешқашан жоғалмайды және өзінде де сақталады. Міне, осындай оң өзгерістер мен жаңалықтар бар.
Сөзімді қорытындылай келе, қай қоғамда, қай салада, қай ортада болмасын тәртіпке бас иген құл болмайды дегім келеді.
Еліміздің өркендеуіне, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, экономикамыздың өрлеп, халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайының көтерілуіне Алматы облысының қосып жатқан үлесі зор. Мұның барлығы бабаларымыздың сан ғасырлық арманы болып, бүгінгі жас ұрпақтың маңдайына бұйырған бақ – Тәуелсіздігіміздің жемісі. Жиырма жыл жүйрік көңілмен өлшейтін болсақ, аз ғана уақыт. Ал осы қас қағым сәтте еліміз ғаламат жетістіктерге қол жеткізді. Осының барлығы сарабдал саясаткер Елбасымыздың табанды еңбегінің жемісі. «Елбасы біреу – халқы оған тіреу болсын» деген сөзді әрбір қазақстандық сезінгенде ғана бұдан да жарқын болашаққа қарышты қадам жасайтынымыз ақиқат. Бұл бағытта да мемлекеттік қызметкерлердің алар орны мен олардың іс барысындағы тәртібі өте маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.