Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы мен «Нұр Отан» ХДП-ның Парламенттегі және мәслихаттардағы заңнамалық және норма шығармашылық қызметі жөніндегі комиссиясымен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша шет ел сарапшыларының қатысуымен халықаралық дөңгелек үстел өткізді.
Бұл шараны өткізудегі мақсат ұйымдасқан қылмыс түрлеріне қарсы күрестегі мемлекеттік ықпал ету механизмдерін күшейту, онымен күрестің жаңа түрлері мен әдістерін енгізу, оның өмір сүруін қаржыландыруының қайнар көздерін жою, сондай-ақ онда мемлекеттік қызметкерлердің қатысты болу фактілерін анықтауды қарастырған жоғарыда аталған Ішкі істер министрлігі жасаған заң жобасын талқылау болды.
Дөңгелек үстелге заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Николай Турецкий модераторлық етті. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, фракция жетекшісінің орынбасары, «Нұр Отан» ХДП-ның Парламенттегі және мәслихаттардағы заңнамалық және норма шығармашылық қызметі жөніндегі комиссияның Төрағасы Рахмет Мұқашев пен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы өкілдігі басшысының орынбасары Жаннет Клётцер беташар сөз сөйледі. Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Әубәкіров «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұсаукесер баяндамасын жасады.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 45-тармағын орындау үшін әзірленген. Заң жобасы биылғы жылдың 18 мамыры күні Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
Дөңгелек үстелге Грузия Бас прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Натиа Сонгулашвили қатысып, «Грузия және қылмыс әлемі: құқықтық және тәжірибелік аспектілер» деген тақырыпта сөз сөйледі. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар Н.Әбдіров, Ш.Мырзахметов, Ұ.Елеубаев, Н.Сабильянов заң жасаушыларға сұрақтар қойды.