28 Мамыр, 2011

КЕШЕ...

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
...ІНДЕТ ОШАҒЫНДА БОЛДЫ Ақжайық ауданына қарасты Тінәлі ауылындағы ірі қара мен қой-ешкі малдары аусыл ауруына шалдықты. Атап айтқанда, мұнда соңғы деректер бойынша, 552 бас ірі қара мен 1642 бас қой-ешкі жой­ылды. Қазір 64 түтіні бар Ті­нәліде тұяқ серпер түлік қалмаған. Кеше індет ошағында Батыс Қа­зақстан облысының әкімі Бақ­тықожа Із­мұ­хам­бетов болып, тұр­ғындарға тө­мен­дегі жәйтті мә­лімдеді: – Үкіметтің 2003 жылғы қау­лы­сына сәйкес, аусыл ауруына тап бол­ған ірі қара үшін 40 мың теңгеге тарта, ұсақ малға 8 мың теңгеден астам қаржы бөлінуге тиіс. Алайда біз тұрғындар талап­тарына орай, Үкімет пен тиісті министрліктерге осы өтемақыға қо­сымша үстемеақы қосу жөнінде ұсыныстар білдірдік. Республика­лық қаржы комиссиясы бұл ұсы­ныстарымызды мақұлдады. Қауіп толық сейілді деп айтуға әлі ерте. Жұқпалы аурудың ок­руг аумағындағы Алқап және Кең­түбек қыстақтарына да жеткені айтылуда. Аусыл Оңтүстік Қазақ­стан облысынан келді деген ұй­ға­рым жасалып отыр. Бұған дейінгі тәртіп бойынша, індет табылған нүк­теде ауру малдар ғана жойы­лып, қалғаны егілуден өтетін. Ендігі жерде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасын­дағы Кеден Одағы талабына сәйкес, індет ошағы аумағындағы барлық мал толығымен жойылмақ. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы. * * * ...«МЕН ҚАЗАҚША БІЛЕМІН» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ «Мен қазақша білемін» бай­қауын жыл сайын З.Қабдолов атындағы және «Алшы» қорлары бірлесіп ұйымдастырып келеді. Осы байқауға «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны да қаржылай қолдау көрсетуден шеттеген емес. Кеше аталған байқаудың биылғы сайысы басталғаны жария етілді. Осыған орай ұйымдастыру­шы­лар байқаудың мақсаты мен шарт­тарын таныстырды. Профессор Қа­дір Жүсіптің пікірінше, мемлекеттік тілді өзге ұлт жастарының арасында кеңінен насихаттау үшін шараларды көбірек өткізген жөн. Ал «Теңізшевройл» өкілі Гүлнар Айт­жанова алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің қолданыс ая­сын кеңейту және оны насихаттау үшін демеушілікті жалғасатынын жеткізді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * ...ХАС ШЕБЕРДІҢ САПАРЫ АЯҚТАЛДЫ Каратэ-додан «Мариошикай» халықаралық ұйымының президенті, JKF бойынша 7-дан, JKMO бойынша 8-дан иегері Сасаки Ташиатсу Қызылжар өңірінде болып, карадо-дэ және шотоканмен айналысатын жастарды бірнеше күн бойы жаттықтыруға уақыт таба білді.Семинарлар өткізіп, енді ғана қанат жая бастаған күрестің қыры-сырына қанықтырды. Бұл Күншығыс елі оғланының Қазақстанға атбасын  тіреген   тұң­ғыш  сапары әрі  уақытының ты­ғыз­дығына  қарамастан,  өзімен бір­ге келген жапониялық сэнсэй және Сібір мен Қиыр Шығыс бой­ынша одақтың бас бапкері  Мирон Квон екеуі Астана мен Теміртаудан және Солтүстік Қазақстан облы­сы­нан жиналған  каратэші­лерді шеберліктерімен тамсан­дырды. Мәр­те­белі меймандар жас спорт­шы­лардың аяқ алысына жоғары баға берді. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.