Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапонияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Юдзо Харадамен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы мейманның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметінің басталуымен құттықтап, екі ел арасындағы игілікті ісіне табыс тіледі. Қазақстанның Жапониямен арадағы байланыстың дамуына айрықша мән беретінін айтты. Жапония Қазақстанның Қиыр Шығыс аймағындағы саяси және экономикалық сенімді әріптесі саналады, деді.
Қазақстан Орталық Азия мәселелерін шешуге ықпал етуге тырысқан Жапонияның саясатын қолдайды. Мәжіліс Төрағасы «Орталық Азия + Жапония» үнқатысу алаңының өріс алуына тілектестігін білдірді. Жапония Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) сияқты өзара келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталған бастамаларын жоғары бағалайды. Ал Қазақстан өз тарапынан Жапонияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше болуына қолдау білдіруде.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2008 жылғы маусымдағы Токиоға жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынастың дами түсуіне серпін берді. Екі ел арасындағы сауда айналымы 2010 жылы 1 млрд. доллардан асты. Ал ел экономикасына инвестиция салу бағытында әлі де пайдаланылмаған мүмкіндіктер бар. Қазақстан Жапониямен өзара тиімді инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға да мүдделі.
Тараптардың стратегиялық ынтымақтастығына екі ел парламентшілерінің де қосар үлестері аз емес. Өткен жылы күзде Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған Қазақстан парламентшілерінің Жапонияға барған сапары парламентаралық байланысты дамытуға негіз болды. Ал үстіміздегі жылы мамыр айында елордамызда өткен IV Астана экономикалық форумына қатысуға келген Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі және аталған елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатояма мен Орал Мұхамеджанов кездесті.
Наурыз айында Жапонияда орын алған табиғат апатына байланысты Күншығыс елінің парламентшілеріне көңіл айту жеделхаты жолданған болатын. Сонымен қатар, Қазақстан жапон халқына гуманитарлық көмек көрсетті. Елші қиын кезеңде қолдау жасаған Қазақстанға жапон халқы атынан алғысын жеткізді.