Елордадағы «Пекин палас» қонақ үй кешенінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ұйытқы болуымен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы: азаттық, бірлік, тұрақтылық, өрлеу» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырылды. Ұлыбритания, Франция, Италия, Испания, Ресей, Түркия, Польша, Оңтүстік Корея елдерінің және Қазақстанның белгілі ғалымдары мен сарапшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан жиында Қазақстанның экономикалық және саяси жүйелерінің қалыптасуы, демократияландыру үдерісі, мемлекеттің орнығуы мен даму жолының сан түрлі қырлары сөз етілді.
Конференцияның ашылуында сөз алған партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин ел тәуелсіздігінің 20 жылдық кезеңіндегі асу-белестеріне көз жүгірте келе, түрлі саладағы өзгерістер жайына тоқталып өтті. Еліміз бірнеше күрделі де ауқымды кезеңдерді бастан өткізді. Мемлекеттік шекарамыз белгіленді. Конституция, ұлттық заңнамамыз қабылданды. Мемлекеттіліктің құрамдас бөлігі саналатын армиямыз құрылып, ұлттық валютамыз айналымға енгізілді. Басқару инфрақұрылымының негізі қаланды. Тәуелсіз Қазақстан қоғамы саяси тоталитарлық жүйеден демократиялық жүйеге ауысты. Соның нәтижесінде елімізде көптеген демократиялық институттар бой көтерді. Алайда, елімізді ілгерілету үшін әлі де талай жұмыстар атқарылуы керек. Осы орайда, бүгінгі халықаралық конференцияға жиналған шетелдік сарапшылардың, ғалымдардың ой-пікірлері мен байламдары біздің мелекетіміз қай бағытты бетке алуы керек деген сауалға белгілі бір мөлшерде жауап алуымызға сеп болуы мүмкін, деді Н.Нығматулин.
Бұдан кейінгі сөз тізгіні алыс-жақын шет елдерден келген сарапшылар мен ғалымдарға беріліп, олар тәуелсіздік алған жылдардан бергі Қазақстан мемлекетінің жүріп өткен жолы төңірегінде өз пайымдарын жеткізуге тырысты.
Алғашқы болып сөз алған Италиядағы «Vox Populi» ғылыми-зерттеу орталығының президенті Эрмано Визинтайнер «Қазақстан: саяси, әлеуметтік және экономикалық табыстың себептері» тақырыбында баяндама жасады. Бүгінде Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде қоғамды модернизациялау мен алға жылжыту үдерістері бойынша үлгі көрсетіп келе жатқан бірден бір ел. Мұндай жетістіктерге қол жеткізу оңай емес. Әсіресе, соңғы уақытта орын алған оқиғалар ислам әлемінің оңтүстік бөлігін күрделі өзгерістерге ұшыратты. Мұның сыртында Египет, Тунис, Ливия елдеріндегі, Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдайлар әлемді әлі де айрықша алаңдатып отыр. Осы жағынан алып қарағанда, Қазақстан Президенті конфессияаралық текетірестерді болдырмау және алдын алу бағытында үлкен жұмыстар атқарып келеді. Мұндай саясат ежелден тамыр тартатын ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңаша демократиялық қоғам құрудың алғышарты болып саналады, деді Эрмано Визинтайнер.
Ал Ұлыбританиядан келген ғалым, Лондон университетінің профессоры Ширин Акинер өзінің сөзінде «Қазақстанның сыртқы саясатындағы эволюция» мәселесі жайында әңгіме өрбітсе, Испанияның Халықаралық істер жөніндегі Барселона орталығының зерттеушісі Николас де Педро «Қазақстан 20 жыл өткеннен кейін: қол жеткен табыстар, алдағы сынақтар» тақырыбында сөз қозғап, онысы өте әсерлі шықты. Ғалым көп этносты Қазақстан мемлекетінің өзіне тән моделінің ерекшелігіне тоқталып, демократиялық қоғам құру бағытындағы батыл бастамаларын тілге тиек етті. Ал М. Ломоносов атындағы ММУ Посткеңестік кезеңдегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерделеу жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының бас директоры Алексей Власов бүгінгі заман алға тартқан жаңа геосаяси және геоэкономикалық үдерістер үлкен өзгерістерді қажет етіп отырғанын, Ресей мен Қазақстан да мұндай әлемдік өзгерістерден сырт қала алмайтынын алға тартты.
Бұл күні сондай-ақ, Оңтүстік Кореядағы Хангук халықаралық зерттеулер университеті Орталық Азия зерттеулер институтының профессоры Ким Санг Чхольдің, Түркиядағы Таяу Шығыс стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Хасан Канболаттың, Франциядағы Ғылыми зерттеулер ұлттық орталығының директоры Франсуаз Ролланның, Польша халықаралық қатынастар институтының сарапшысы Томаш Сикорскидің сөздерінде де Қазақстанның әлем елдерімен әріптестік байланысы, 20 жылдық асуды бағындырған елдің экономикалық және саяси жүйелерінің ерекшелігі жан-жақты сараланды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.