03 Маусым, 2011

Инвестициялар игілігі мол

371 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Көмірсутекті шикізат қоры жағынан әлемдегі жетекші елдер ондығына енген Қазақстан ТМД елдері арасында кен бай­лығы жағынан Ресейден кейін екінші орынды иеленіп отыр. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ния­сы өткен жылдың қоры­тындысы бойынша жиырма екі миллион тонна мұнай мен газ конденсатын өндірді. Мұның өзі алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда, он жеті пайызға артық. Ал республикада мұнай мен газ конденсатын өндірудің жалпы көлемі бойынша «ҚазМұнай­Газ» компаниясы үлесінің 28 пайызға өсуі көп нәрседен хабар берсе керек. Алайда, «Қаз­Мұнай­Газ»  АҚ-тың шетелдік компаниялармен, әсіресе, қы­тай­­лық әріптестерімен бірлескен жобаларды дамыту мәселелері төңірегінде көпшілік арасында түсініспеушілік орын алуда. Қа­лыптасқан қағида бойынша қан­дай жағдайда болмасын ақиқатқа көз жеткізудің маңызы зор. «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың бас­қар­ма төрағасының орынбасары Болат Палымбетовтың қатысуы­мен Алматыда өткен баспасөз мәслихатында, міне, осы мәселе төңірегінде кеңінен сөз болды. Ұлттық компанияның шетелдік компаниялармен, сонымен қа­тар, қытайлық компаниялармен бірлескен жобалары негізінен  жер асты байлығын пайдалану құқығы аясында жүргізіліп, бұл бағытта ешқашан заңнамадан ауытқушылық болмағандығын Болат Палымбетов атап айтты. – Өткен 2010 жылы «Қаз­МұнайГаз» АҚ қатысқан жобаларда мұнай және газ конден­сатының жалпы өндірісіндегі қы­тайлық компаниялардың  үле­сі 15,4 пайызды құрады. Ком­панияның 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары бойын­ша 2015 жылға қарай бұл үлес 11 пайызды құрамақ. Ал, енді 2020 жылға қарай оның көлемі 5 пайызға дейін азаяды деп жоспарланып отыр. Көпшілік назарына ұсынылатын тағы бір жағдай Қытай компаниялары негізінен бұрыннан пайдаланы­лып келе жатқан, яғни өндіру шыңына жеткен және өнімнің мөлшері азайған немесе мұнай өндірудің едәуір өсуі үшін әлеуеті жоқ кен орындарын игеріп жатқан  компаниялардағы үлестерді сатып алды, – дейді «ҚазМұнайГаз» АҚ игеру және өндіру технологиясы департа­мен­тінің директоры Нұрлыбай Қиялбаев. Жалпы, елімізде үлестік қа­тысумен жұмыс істейтін 11 мұнай өндіруші компанияның арасында қытайлық компаниялар 5 бірлескен кәсіпорында әріптес болып табылады. Олардың қата­рында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ (67 % CNPC), «Тор­ғай Петролеум» ЖШС (33,5 %CNPC), «ҚазГерұнай» БК ЖШС (33,5 %CNPC),  «Қаражан­басмұнай» АҚ (50 % CNPC) және «Маңғыстаумұнайгаз» компа­ниялары бар. Жоғарыда аты аталған өндіруші компаниялар­дағы ҚХР азаматтарының саны 1-3 пайызды құрайды. Басқосуға қатысып, сөз алған сала маман­дары жер асты кен байлығын пайдалану құқығы ашық конкурс ұйымдастыру негізінде өткізіле­тін­дігін де атап өтті. Ең бастысы, Қазақстанның мүддесін қорғау тетіктері – лицензиялау, салық салу режімі, жер қойнауы бай­лығын пайдалану туралы шарт­тың міндеттемелері толықтай қам­тылған. Кәсіпорынның жыл сайынғы міндеттемелері жазыла­тын қатаң келісімшарттық міндеттеме және  қазақстандық үлес­ті орындау жөніндегі міндеттемелер де өзекті мәселеге айна­лып отыр. Сондықтан да инвес­торларды  таңдағанда, оларға қойы­латын басты талап олардың қай елден екендігі емес, керісінше, жоғарыдағы мемлекеттік маңыз­ды талаптарға толықтай сай келуі. Қазақстанның мұнай рыно­гында қытайлық компаниялар­дың үлесі 22 пайыз болса, аме­рикалық әріптестер 24 пайыз үлесті иеленуде. Мұнай өніміне жыл сайынғы қажеттілігі 400 миллион тоннаға жуықтайтын Қытай өзінің жақын орналасқан көршілері Ресей мен Қазақстан­нан жылына 15 және 11 миллион тонна мұнай алуды жоспарлауда. Еліміздегі  бірлескен компанияларда жұмыс істейтіндер арасын­да қытайлықтар басымдық таны­туда деген қауесет те шындыққа сай келмейді. Қазіргі таңда Қа­зақстанның мұнай-газ рыногында АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Қы­тай, Жапония және басқа да мемлекеттердің компаниялары жұмыс істеуде. Шетелдік компаниялар біздің еліміздегі ең ірі салаға өздерінің бай тәжірибе­лерін ғана емес, сонымен қатар технологияларын да әкеліп, инвестициялар салады. «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың шетелдік компаниялармен, сонымен қатар, қытайлық әріптестермен бірлескен жобаларды дамыту мәселесіне арналған жиында әңгіме жалғыз мұнай өндірісімен ғана шектеліп қалған жоқ. Компания басшылары Қазақстанның Қытаймен  энергетикалық ынты­мақтастығы төңірегінде де сөз қозғады. Өткен жылдың маусым айының басында Қазақстан-Қытай газ құбырын салу мен пайдалануды ұйымдастырудың негізгі қағидаттары туралы келісімге қол қойылды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ішкі рыноктағы газға деген сұраныстың ұлғаюын ескере отырып, еліміздің оңтүс­тік өңірін қазақстандық газбен қамтамасыз ету болып отыр. Бұл жобаның жүзеге асырылуы нәти­жесінде 577 елді мекенді газбен қамтамасыз ету және энергети­калық тәуелділіктен құтылу мүм­кіндігі туындайды. Сондай-ақ, газға негізделген орта және шағын кәсіпорындарды дамыту мәселесі де өз шешімін таппақ. Бүгінде Қазақстанның батыс өңірінде өңделетін газды оңтүс­тікке тарту жұмыстары жүргізі­луде. ҚХР-дың даму жөніндегі ұлттық агенттігінің мәлімет­тері­не орай, Қытайдағы газ тап­шы­лығы 2014-2015 жылдарда 40-45 пайызды құрайтындығы анық­тал­ды. Сарапшылардың баға­лауын­­ша, ҚХР-да газ тұтыну мөл­шері жылына 250-280 миллиард текше метрді құрайды. Дегенмен, Қазақстан мен ҚХР арасындағы үкіметаралық келісімге сәйкес «Бейнеу-Бозой-Шым­кент» газ құбырының қуаты бірінші кезекте еліміздің тұр­ғындарының ішкі тұтынуын то­лықтай қамтамасыз етуге бағыт­талған. Сонымен, «ҚазМұнай­Газ» ұлттық компаниясының шетелдік компаниялармен, сонымен қатар қытайлық әріптестермен бірлескен жобаларын дамыту бағытында заңнама талабынан ауытқушылық жоқ. Екі жақты ынтымақтастықта ең алдымен мемлекеттік, ұлттық мүдде жан-жақты қорғалып, бұл мәселе жоғары қойылуда. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.