03 Маусым, 2011

Исламдық қаржыландырудың ерекшеліктері мол

1043 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биылғы жыл еліміз үшін Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуімен, Астанада Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының өтуімен ерекшеленеді. Бұл маңызды оқиғалар біздің елімізге инвестициялық капиталды және исламдық қаржыландыру индустриясына ірі-ірі қатысушыларды тартудың құралы болып табылатын исламдық қаржыландырудың кең өріс алуына жағдай жасайтын болады. Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрінің кеңесшісі Ерлан БАЙДАУЛЕТ төменде осы мәселелер төңірегінде әңгімелейді. – Ерлан Әлімжанұлы, Қа­зақстан үшін исламдық қар­жы­ландырудың тартымды­лы­ғы неде? Тіпті мұсылман емес елдердің де өздерінің қар­жылық-құқықтық жүй­есін исламдық қаржылан­ды­ру қағидаттарына сәйкес­тен­діруі неліктен? – Исламдық қаржылай қыз­мет көрсетудің жаһандық ин­дус­­триясы ырғақты дамып ке­ле­ді. Оның әлемдегі жалпы ак­тивтерінің өткен жылы 1 триллион доллардан асып түскені белгілі. Ислам қаржылары ак­тивінің басты сапасы оның тұ­рақтылығы мен шынайы эконо­ми­каның активтеріне сәйкес­ті­гі, мұнда виртуалды алыпса­тар­лық капиталға орын жоқ. Бы­лай­ша айтқанда, исламдық қар­жы­ландыру институттарының бар­­лық операциялары іс жү­зінде қосылған құнды кез келген елдің базалық саласының тауарлары мен қызметтеріне айы­­рбастау нә­тижесінде жи­нақ­тайды, мөл­дір және консервативті сипатқа ие, коррупциялық және мо­раль­дық кемшіліктерден тыс және іс жүзінде өзінің инвести­ция­лық мазмұнына ие. Мәсе­лен, еурооблигацияларға қара­ған­да, сукуктің пайлық серти­фикаттары материалдық активтермен, нақты сектордың нақ­ты жобаларымен және соған сәйкес олардағы тәуекелдермен байланыстырылған, сонымен бірге оларды игеруден түсетін кірістерді немесе шығындарды бөлісуді де қарастырады. Бұл эмитенттер үшін де, сол сияқты осынау шынайы құнды қағаз­дарды ұстаушылар үшін де тиімді әрі әділ. Әзірге капитал­дың оның иелері, операторы және реципиенттері арасын­да­ғы қарым-қатынасының мұн­дай бөлінісі біздің бизнестің менталитетіне сәйкес емес. Сон­дықтан нақты сектордың ин­дус­триялық-инновациялық дамуы тұрғысынан алғанда Қазақстан­ның басым бөлігінде мемлекеттік бюджеттің және қарапайым қаржы секторының аздаған қа­тысуымен ғана емес, сонымен бірге исламдық қаржының да­мып келе жатқан секторы ар­қылы да дамуы өте маңызды. Көптеген адамдардың әлі күнге дейін қаржыландырудың осы көзінің қажеттігіне деген се­німдері аз, өкінішке қарай, бір жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан бірінші исламдық банк әзірге, әсіресе, жеке бизнес үшін кең ауқымды түсінік жұмыстарын жүргізбей отыр. Дегенмен, қо­ғамда қалыптасқан білім-білік­тің әсерінен исламдық қаржы­лардың саясаттан тыс екендігіне және бүкіл халықтың мүд­десі үшін тек қана әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды көз­дейтіндігіне деген түсінік пайда бола түсуде. Атап өту керек, мемлекеттіліктің зайырлылық бас­­тауының бұлжымастығы және инвестициялардың осындай ма­ңызды көзінің бейконфес­сия­ла­нуының маңызды екендігі бар­ған сайын айқындала түсуде. Адал ниетті мұсылмандардың, әсіресе олардың жоғары білімді бөлігінің Қасиетті Құранды оқи отырып несиелік өсімге тыйым салынатындығын мойындауының өзі атап өтуге тұрарлық. Осыған байланысты исламдық банкингті этикалы деп атауға болады, ол кімге де болмасын олардың еркінен тыс ислам құндылықтарын күштеп таңуды мақсат етпейді. Мен этностық мұсылман болып саналмайтын кәсіпкердің, іскерлік мүддені басшылыққа ала отырып, Ислам Даму банкінің табысты заемшысы болғанына және өз бизнесінің айналымын бірнеше есе ұлғайтқанына айқын мысал келтіре аламын. Отандық қаржы секторының болашағын ойлайтын адамдар, жоғарыдағы айтқандарды ескере келгенде, исламдық қаржылық қызмет рыногының тікелей инвестициялар тарту қажеттілігі жағдайында зор әлеуетке ие екенін назарда ұстауы тиіс. Ел Президентінің өткен жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылға дейін Өңірлік исламдық қаржыландыру орталығын құру туралы мәселе қоюы кездейсоқтық емес. Мемлекет басшысының қолдауының ар­қасында исламдық қаржылан­ды­руды дамыту туралы тұңғыш заң жобасы қабылданды, алғашқы ислам банкін құру жөнінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Қа­зақстан арасында үкіметаралық ке­лісімге қол қойылды. Мемлекет басшысы белгілеп берген ис­лам­дық қаржыландыруды дамы­ту тұрғысындағы стратегиялық көзқарас бізге іс-қимылдар үшін нағыз басшылық болып отыр. Үстіміздегі жылдың 12 сәуірінде бірегей реттеушіні құру туралы шешімнің қабылдануы Ұлт Көш­басшысының әсіресе, қосылған құны жоғары, бәсекелестікке ие өн­дірістерді дамытуға және Қа­зақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі ретіндегі инфрақұрылымдық ба­ғыт­тарға кең ауқымды инвестициялар тартуға бағытталған күш-жігер мен жүйелі шараларды шоғырландыру орайындағы кө­ре­гендігін бұрынғыдан бетер айқындай түседі. Исламдық қаржылар тек мұ­сылман елдерінде ғана емес, со­нымен бірге Еуропада, Солтүстік Америкада, Қытай мен Ресейде де белсенді дамып келеді. 1 нау­рызда исламдық қаржыларды Ресейге және ТМД елдерінде да­мы­ту мен реттеу мәселелеріне ар­на­лып Ыстамбұлда өткен дөңгелек үстелде мені оған Бахрейн, Сауд Арабиясы немесе Малайзия өкіл­дерінің ғана емес, сонымен бірге жетекші еуропалық елдердің реттеушілері мен қаржылық құры­лым­дарының да қатысуы таңғал­дырды. Онда, мәселен, бір ғана Люксембург қор биржасының соңғы екі жыл ішінде сомасы 22 миллиард доллардан асатын 14 корпоративтік сукук шығарғаны туралы айтылды. Біздің елімізде исламдық қар­жыландыру тиісті заңнамалар­дың қабылдануына байланысты де-юре түрінде жүзеге асты. Дегенмен, осы бағытта қабылдан­ған де-факто күш-жігердің әлі де болса жеткіліксіз және жаһандық экономикада қалыптасқан шы­найы жағдайға сәйкес емес екенін мойындауға тура келеді. – Неліктен сіз қарапайым қар­жыландыруға қарағанда ис­ламдық қаржыландыру не­ғұр­лым үйлесімдірек деп ойлайсыз? – Қарапайым сектор көптеген жағдайда кез келген өндіріске тән тәуекелдерді ескере келе нақты секторды қаржыландыруға ұмты­ла бермейді, олар табыстың жо­ға­ры нормасына қол жеткізудің неғұрлым жеңілірек жолдарын таңдайды. Мемлекет басшысы деңгейінде ірі коммерциялық банк­тер басшыларымен бірнеше рет кездесулер өткізіліп, оларда нақты секторды қолдау туралы сөз қозғалғаны баршаға белгілі. Егер қарапайым банк секторы үшін тәуекелдерден жалтару үл­кен рөл ойнаса, исламдық қаржы керісінше, тәуекелдерді бөліседі, өйткені шындығында онсыз ры­нок жағдайында бәсекелестік те, нақты экономиканы сапалы да­мыту да мүмкін емес. Өкінішке қарай біздің көп­те­ген кәсіпкерлеріміздің менталитеті мен тәжірибесі борыштық зобалаңдармен «байланған». Кә­сіп­кер түрлі айла-шарғымен несие сомасын, «тиісті сыбағасын» шығарып тастай отырып, алмай жатып, ол бизнестің әлі дамуды бастамағанына қарамастан, келесі төлемдерді қандай жолмен жа­батындығы туралы ойлай бас­тайды. Осылайша жиі-жиі кре­дит­тің мақсатты сипаты бұрмала­нып, жобалық қаржыландырудың әркезде де тәуекелді екеніне және әрбір теңгенің құрылымдалуы мен бақылануының маңызды екеніне қарамастан, ресурстар жобадан басқа жаққа кетіп жатады. Қарапайым банктерге табыстың жоғары нормасы жоқ, оның үс­тіне салалық, әкімшілік, опера­циялық және басқа да тәуекел­дері бар жерлерді қаржыландыру қызықты емес. Өз кезегінде ис­ламдық қаржылар тәуекелдерді әділ бөлісе отырып іскерлік қызметтестік ұсынады, сонымен бірге оларды барынша төмен­детудің хеджингтік тәсілдерінен де бас тартпайды, өсімқорлық пай­ызға негізделген қарапайым қаржылар сияқты «өз ішінде және өзі үшін» өмір сүрмейді. Міне, сондықтан да моральдық-этикалық құрамдастары міндетті болып табылатын қаржылан­ды­руды дамыту арқылы елдің нақты секторындағы саламаттылық ық­пал да айтарлықтай өсе түспек. – Қаржы министрлігінің ис­ламдық сукук құнды қағазын шығаруынан қандай тиімділік күтілуде? – Сукуктің инвестициялық сертификаттары үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­­дарламасын жүзеге асыру үшін өте маңызды және үлестік әрі борыштық қаржыландыру элементтерін бірдей үйлес­ті­ре­тін аралас құрал болып та­бы­лады. Олар жобалардың тәуе­кел­дерін өздеріне қабылдай оты­рып, сонымен бірге эми­тентке айтарлықтай борыштық ауыртпалық та түсірмейді. Сон­дықтан осы жылдың екінші жартысында корпоративтік су­кук­тің қанатқақты шығарылым­да­рының жүзеге асатынына үміт мол. Бұл тұрғыда Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі белгілі бір жұ­мыстар жүргізуде. Сукук орта мерзімді қаржы­ландыруды тарту құралы ретінде әсіресе жеке корпоративтік сектор үшін өте маңызды. Осы рынокқа қазақстандық компа­ния­ларды жіберу тұрғы­сын­дағы қажетті заңнамалық өз­ге­рістер тиісті заң жобасында көр­сетілген. Осы айдың басын­да ол заң қабылданады деген үміт зор. ҮИИДБ-ні жүзеге асы­ру үшін корпоративті сукук­тің мақсатты спектрін ашу жөнінен біздің үлкен ниетіміз бар. – Жаңа индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін елге ұзақ та айтарлық­тай арзан қаржылар қажет. Ис­ламдық банктер инвестициялар салуға қаншалықты дайын? – Банктермен, сақтандыру ком­паниялармен, инвестиция­лық қорлармен, активтерді бас­қару жөніндегі компаниялармен, консалтингтік фирмалармен қоса алғандағы исламдық қаржыландыру секторын жүйе­лі түрде дамыта отырып, біз, со­нымен бірге тікелей инвес­ти­циялардың келуі үшін арналар ашудамыз. Біз бірінші кезекте ірі инвесторларға индустрия­лан­дыру картасында бекітілген жобаларды ұсынамыз, салалық конференциялар, дөңгелек үс­тел­дер, екі жақты бизнес-форумдар өткізіп, дипломатиялық өкілдіктермен іс-қимылдарға бастамашы болып, мүдделі инвесторлармен тікелей әңгімелер өткіземіз. Ислам Конферен­ция­сы Ұйымы елдері тарапынан біздің елімізге деген қызығу­шы­лық тұрақты түрде өсіп келеді. Инвесторлар үшін Қа­зақ­стан тұрақтылық аралы, қо­лай­лы инвестициялық ахуалы, дана басшылығы бар және ұзақ мерзімді дұрыс саясат ұстанған бауырлас ел болып табылады. Астанада өтетін 7-ші Бүкіл­әлем­дік ислам экономикалық форумына қатысу үшін мұсыл­ман елдерінен бұрын-соңды болмаған делегациялардың келуге тілек білдіруі менің осы сөзімді растай түседі. – Бүкіләлемдік ислам эко­но­микалық форумын өткізу­ден Қазақстан Үкіметі не күтеді? – Бұл біз үшін Қазақстан экономикасының әлеуеті мен еліміздің инвестициялық ахуа­лын көрсетудің, жаңа байла­ныстар орнатып елге қосымша шетелдік инвестициялар тарту­дың тамаша мүмкіндігі. Аста­наға 2500-дей шет мемлекет­тердің бизнес өкілдері, әлемдік деңгейдегі экономистер мен қаржыгерлер келмекші. Сон­дық­тан Ислам экономикалық форумы – ол бірқатар елдердің экономикалық дамуының озық тәжірибелерімен тағы да бір рет танысу болып табылады. Шетелдік компаниялар өз бизнестерін біздің елімізде дамытуға мүдделі. Сондықтан инвесторларға кең жол ашу қажет. Ал олардың табыстары, өз кезегінде Қазақстаннан ИКҰ елдеріне экспорттық ағынның қалай өріс алатынын айқындайтын болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.