04 Маусым, 2011

Заң мен оның орындалуында алшақтық болмауы тиіс

336 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше «Дипломат» қонақ үйінде «Болашақ» Консалтингтік тобының» ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы нормашығармашылық: теориялық және практикалық пробле­малары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференция жұмысына сәттілік тілеген Әділет вице-министрі Дәу­лет Құсдәулетов еліміздегі заңдар­ды жетілдірудегі олқылықтар қо­ғам­дық қатынастарды ғана емес, макро­эко­но­миканы да кейінге тар­та­тынын атап көрсетті. Оның елдің даму жо­лына кедергі болатын фактор екені де анық. Сондықтан, заң шығар­ма­шылығындағы сапалы заң­дар қо­ғам­ды алға жетелейтін үлкен күш болып табылатынын анық ұғ­ын­ғандықтан, біз осы жолдағы жұ­мыстарды жан­дан­дыруға тиіспіз. Мәселен, заңдар­ға енгізіліп жүрген толықтырулар мен өзгерістер көбіне күткен дәре­жесіндегі тиімділікті әкелмейтіні рас, сондықтан заң нормаларын же­тілдірудің маңызы өте зор, деді ол. Осыдан кейін конференция жұ­мысына модераторлық етуші заң ғы­лымдарының докторы, профессор Марат Сәрсембаев «Норма­шы­ғарма­шылық қызметін жетілдіру» та­қы­ры­бында баяндама жасап, ға­лым осы мәселе тұрғысында бірнеше ұсыныс­та­рын айтты. Біз заң өмірге келгеннен кейін оны еркін қоя береміз, ол заң қалай орын­да­луда, қай аймақта қалай орындалып жүр, дұрыс, пәр­мен­ді заң болды ма, егер орындал­маса, оның себептері қандай, ол жағын зерттеп жатпай­мыз. Сондық­тан заңның қоғамға дұрыс қызмет етуі үшін оған мониторинг жүргізу маңызды. Бұл орайда жыл сайын мемлекеттік бюджеттен осы мақсат­қа арнайы қаражат бөлу және құ­қық­тық мониторинг жүргізуді ұйым­дас­тару жұмысына заңгерлер даярлай­тын белді жоо-лар мен ғылыми зерттеу институттарын тарту керек, деді М.Сәрсембаев. Бәл­кім, біздер Үкі­мет­ке қабылдан­ған заңдар мен ха­лық­аралық келі­сім­дердің қаншалық­ты пайда әкеле­тінін тексеретін ар­найы қаржы-ау­дит мемлекеттік ор­га­нын құру жай­ын­да ұсыныспен шы­ғармыз. Шы­ны­мен, ғалым айтқан пі­кірдің жаны бар. Шет елдерде ос­ындай орган­дардың жұмыс жасау тәжірибесі жинақталғаны белгілі. Шетелдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынты­мақ­тастықты дамытуда қолданыс­тағы заң­дарды жетілдіріп отырумен қатар, әлемдегі заң жасау үдерісінде мем­ле­кеттердің бір-бірінің заң шы­ғарма­шы­лығындағы тәжірибелерін ескеріп отыратыны аян. Конференцияда баяндама жасаған келесі шешен қоз­ға­ған тақырып осы мәселе төңірегінде болды. Заң ғылымда­ры­ның докторы, Республикалық заң шығару инсти­ту­тының директоры, профессор Жұма­бек Бұсырманов «Нор­машығарма­шы­лық және құ­қық­ты интернацио­нал­дан­дыру» та­қырыбында жасаған ба­ян­дамасында мәселенің Ресей, Қа­зақстан, Беларусь арасындағы Кедендік одақ ба­рысында алға шығып от­ырғанын тілге тиек етті. Конференцияға қатысушылар нор­­машығармашылық қызметінде ғы­лыми әлем мен азаматтық қоғам өкілдерінің бұл іске белсенді түрде атсалысуының маңыздылығына мән берді. Нақты құқықтық нормалар мазмұнының дәлдігі мен анық­ты­ғына қол жеткізу, нормативтік құ­қықтық актілер мен халықаралық шарттардың сәйкестендірілуі және жалпы құқықтық құрылымдардың үйлесімді жұмыс атқаруы сынды қадау-қадау мәселелер конференция барысында жан-жақты сөз болды. Ғылыми-практикалық конферен­цияға қатысушылар нормашығар­ма­шылықтың отандық жүйесін әрі қарай дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеп, осында жасалған баяндамалар мен шешендердің жарыссөздегі сөздерін жинақ етіп шығаруды ұй­ғар­ды. Өйткені, бұл тақырып бір күн­де қозғалып, сонымен қоя сала­тын та­қырып емес деді, жиналғандар. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.