Жезқазған мен Балқашқа жол қысқарды
Аумағының өзі Францияға тең Қарағанды аймағындағы аталған екі қаланың облыс орталығынан қашықтығы 500 шақырымнан асады. Кешкісін шығатын темір жол көлігі түнімен жүріп таңертеңгілікте жетеді. Ал автобустар 10-12 сағат теңселтіп барып табан тірейді. Қазіргідей уақыт тығыз, шаруа күйген шақта асығыс жолаушыларға бұл қолайсыз болып келген еді.
Енді жағдай өзгеріп отыр. Қарағандыдан Жезқазғанға, Балқашқа, ол жақтан іле кері самғайтын ұшақтар арқылы осы арада қатынауға 1,5 сағат ғана жұмсалатын болды. Бұдан былай қарай ет пісірімдей уақытта үйде отыруға, не істі бір күнде бітіріп қайтуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта Балқаштан Астанаға, Астанадан Балқашқа ұшатын рейс те ашылғалы тұр.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.
Оқу сертификаттары тапсырылды
Асырауында балалары бар «Асыл Ана» облыстық ұйымы кемтар аналарға жан-жақты қарасуды мақсат тұтады. 14 жыл ішінде қыруар істер атқарды. Қоғамның төрайымы Т. Сәрсекеева мүгедектігіне қарамастан, балаларға шаттық сыйлауды жалғастырып келеді.
Жуырда оның ұйымдастыруымен Петропавл қалалық мәдениет үйінде «Ересектер мен балалар – ажырамас достар» атты шара өтті. Акцияға қоғамдық ұйым, әкімдік өкілдері қатысып, балаларға сыйлықтар үлестірді. Кішкентай бүлдіршіндер де сый-сияпатсыз қалмады. Облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Владимир Литвиненко Теңдік Шайқықызының жанкешті де тынымсыз еңбегін жоғары бағалап, алғыс хат тапсырды. Биыл 9 сыныпты бітірген балалардың колледждерде тегін оқытылатынын мәлімдеп, бірқатарына сертификат берді.
Өмір ЕСҚАЛИ,Солтүстік Қазақстан облысы.
Достығы жарасқан өңір
Өткен аптада облыс орталығында «Ертіс – достық өзені» атты халықаралық фестиваль күндері аяқталды. Бұл биылғы жылғы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Естай ақын атындағы қалалық мәдениет сарайына фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер мен жеке орындаушылар жиналды. Бұл мерекеге ұлы өзен жағасында орналасқан Омбының «Мөлдір» ансамблі, еліміздің Шығыс Қазақстан облысы мен Кереку өңірінің өнерпаздары шақырылды.
Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова фестивальға сәт-сапар тіледі. Өнер ұжымдары бір өзен бойында тұратын әртүрлі ұлт өкілдерінің достығы мен татулығын қобызбен де, домбырамен де, әуелеген әндермен де шырқады. Үш күнге созылған фестиваль соңы гала-концертке ұласты.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.
Жемқорлықтың қай түріне де жол жоқ
Тараз қаласында «Нұр Отан» ХДП Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық және Алматы қалалық филиалдарының партиялық бақылау комиссиялары мен жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес басшыларының қатысуымен семинар-кеңес болып өтті.
Онда партиялық бақылауды және жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттерді ұйымдастырудың түрлері мен әдістері, басым бағыттары сөз болды. Сондай-ақ, семинар-кеңес барысында өткен дөңгелек үстелге Парламент Сенатының депутаты, жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы О.Әбдікәрімов, «Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Қ.Бозымбаев қатысып, жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының жайы туралы баяндады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
Көкшедегі аудио-тактильді кешен
Көкшетау қалалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана мен Ресейдегі Новосібір облыстық арнаулы кітапханасы арасындағы бес жылдық ынтымақты байланыс нығайып келеді. Жуырда «Көкшетау-Новосібір: тарихқа жанасу» атты аудио-тактильді кешеннің тұсауы кесілді.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының, ішкі саясат басқармасының, облыс аумағындағы 7 арнаулы кітапхананың қызметкерлері мен қала жұртшылығы қатысқан басқосуда әлеуметтік жобаның авторы Новосібір арнаулы кітапханасының директоры, РФ НОАК ассоциациясы жетекшісінің орынбасары Юрий Лесновский кешен қызметінің пайдалы әсерлері жайында әңгімелеп, тәжірибелік сабақ өткізді.
Ақмола облыстық зағиптар қоғамының төрағасы Дүйсембай Ақышев, Бұланды аудандық филиалының басшысы Серік Әкімбаев, Луи Брайль жүйесі бойынша облыстық байқаудың жеңімпазы Хаким Қапизов ресейлік әріптестердің игі қадамдарына ризашылығын білдірді.
Ақмола облысы.
Бақберген АМАЛБЕК.
Мерекеге бассейн тарту етті
Балаларды қорғау күні Оңтүстікте лайықты аталып өтті. “Бүгінгі бүлдіршіндер – Қазақстанның ертеңі. Сондықтан оларға қажет дүние бүгіндері дайын болуы керек”, дейді облыс әкімінің тапсырмасына бизнес өкілдері де атсалысты.
Жақында Леңгір қаласындағы орталық саябақта жеке кәсіпкер Анарбек Тастанбеков балаларға жүзу бассейнін пайдалануға берді. Алда – шыжыған шілде. Каникулға шыққан балалар таза әрі қауіпсіз суға түсіп мәз-мейрам. Аудан әкімі Әуелхан Тұрғынбеков пен ауыл ақсақалдары кәсіпкерге ризашылығын білдірді.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.
Атырауға шаңсорғыш көлік келді
Енді Атырау қаласының көшелерін арнайы шаңсорғыш көлік тазалауға шықты. Өткен аптада Атырау қаласының әкімі Мереке Исмұратовқа «CityCat-2020» шағын шаңсорғыш көліктің мүмкіндіктері таныстырылды. Оны Қазақстанға жеткізуші «IPC-Machines» компаниясының менеджері Павел Рацубинскийдің айтуынша, көше шаңын соратын көліктің артықшылығы көп.
Біріншіден, жанармайды 30 пайызға дейін үнемдейді. Екіншіден, тек көшелерді ғана емес, жаяу жүргіншілер жолын, тар өткелдер мен аялдамаларды, арықтарды тазалағанда шаң көтерілмейді. Қала басшылығы тамыз айында осындай екі көлік алдыруды жоспарлауда.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау.