04 Маусым, 2011

Төрағалық тақырыптары таныстырылды

359 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстанның Ислам Кон­фе­ренциясы Ұйымына төраға­лық ету келешегі Венада өткен дөңгелек үстел кезінде тал­қы­ланды. Іс-шараны Қазақ­стан­ның Австриядағы елшілігі – Қазақстанның Венадағы халық­аралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі мен беделді «Халықаралық бейбітшілік инс­титуты» үкіметтік емес ұйымы ұйымдастырды. Венада орналасқан дипломаттар, журналистер, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси және академиялық топтардың өкіл­де­рі ИКҰ аясындағы ынтымақ­тас­тықтың өзекті бағыттары­мен, сондай-ақ алдағы төраға­лық кезінде Қазақстан ерекше көңіл бөлетін мәселелермен та­ныстырылды. Қатысушылар мау­сымның соңында Астанада ИКҰ Сыртқы істер министрлерінің 38-ші кеңесіне дайындық ба­рысы туралы хабардар етілді. «ИКҰ тетіктері және мұ­сыл­ман әлемі ішіндегі ынты­мақ­тастық» тақырыбы бой­ын­ша Қазақстан Республикасы Тұң­ғыш Президентінің қоры жа­нын­дағы Әлем экономикасы және саясаты институтының ди­ректоры Сұлтан Әкімбеков баяндама жасады. Ал Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің жа­нындағы Қазақстан стра­тегиялық зерттеулер инсти­ту­тының аға ғы­лыми қызметкері Мұрат Лаумулин «Қазақстанның ИКҰ-ға төр­ағалығы қарса­ңын­дағы геосаяси мәселелер» та­қырыбында сөз сөйл­еді. Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрлігінің сараптамалық мате­риал­дарына жүгінсек, еліміз төр­ағалығының мақсаттары айтар­лық­тай ауқымды, әсіресе, мұсыл­ман әлемінде болып жатқан түбегейлі өзгерістер Қазақстанға ИКҰ-ның төрағасы ретінде ауыр міндеттер жүктейтіндей. Осыған дейін Ұйым қызметі негізінен Таяу Шығыс елдеріне көп көңіл бөліп келген және Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы кезінде де осы аймаққа басымдық берілуі әбден мүмкін. Себебі, бұл ай­мақтағы қалыптасып отырған жағдай осыны қажет етеді. Қазақстан ИКҰ-ын басқаруға дайындала келе, алдына төр­аға­лықтың тиімділігін және Қазақ­станның мұсылман әлемі мен батыс арасындағы көпір ретіндегі рөлін арттырудан бастап, ИКҰ-ның халықаралық беделін көтеру секілді жаһандық, аймақтық және ұлттық деңгейлердегі кең көлем­ді міндеттер қойып отыр. Оның ішіне Ұйымның он жылдық іс-шара жоспарын жүзеге асыру, бүгінгі күн сынақтарына төтеп беруде мұсылман елдеріне қол­ғабыс жасау, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту, ядролық таратпау режімін ілгері жылжыту, соның ішінде жаппай қырып-жою қаруына қатысты режімді қарастыру кіреді. Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті, ынтымақтастықты және дамуды алға бастыруға ерекше назар ауда­рылатын болады. Қазақстан дін­аралық келісім, төзімділік және ұстамдылық тұрғысында үнқаты­суды және исламофобияға қарсы іс-шараларды қолдай отырып, өркениеттер арасындағы үнқаты­су үдерістерін жалғастыра береді. Ал Венадағы ИКҰ-ға арнал­ған дөңгелек үстел Хофбург са­рай­ын­дағы Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық жөнін­дегі ұйымның штаб-пәтерінде өтті. Бұл жәйт Қа­зақстанның осы­нау ірі халықаралық ұйым­дар­дағы төр­аға­лығын айтқанда ерекше мәнге ие. Отырыста әртүрлі халықара­лық құрылымдардың қа­зіргі за­манғы қау­іп-қатерлерге төтеп берудегі өз­ара іс-қимылы, олардың дағдарыс­тық жағдайларды реттеудегі рөлі жай­ында жан-жақты әңгіме қозғалды. Жалпы, ЕҚЫҰ мен ИКҰ ара­сындағы үнқатысу ұдайы жүр­гі­зіліп отырғанын айта кеткен жөн. Екі ұйым ынты­мақ­тас­ты­ғы негізінен толеранттылық пен кемсітпеушілік саласындағы ақпа­рат пен тәжірибе алмасуды, ал соңғы уақытта сайлауды бақы­лау және адам құқығы мәселе­лерін де қам­титын болды. Екі ұйым бас хатшылары өзара мезгіл-мезгіл байланыс жасап тұ­ра­ды. Ал былтырғы жылы ЕҚЫҰ-ға Қа­зақ­станның сол кез­дегі төр­аға­лы­ғының шақы­ру­ымен ИКҰ Бас хатшысы Экмеледдин Их­сан­оғлу ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде құр­мет­ті қонақ болып, Тұрақты ке­ңес мү­ше­­лері алдында сөз сөйлеген еді. ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мем­лекеттің сегізі және әріптес 12 мемлекеттің алтауы ИКҰ-ға мүше болып табылады. Бұл жәйт екі ұйымды айрықша түйіс­тіріп, өзара іс-қимылға қосымша негіз береді. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, ал 2011 жылы ИКҰ-ға төрағалық ететін Қазақстан екі ұйым ара­сындағы үнқатысуды тереңдетуге әзір екенін әркез мәлімдеп келеді. Дөңгелек үстел кезінде тал­қыл­анған өзекті мәселелердің бас­қа бір шоғыры конфессия­ара­лық то­леранттылықты алға жылжыту мен өркениеттер ара­сындағы үн­қа­тысу идеяларына қатысты болды. Жалпы, алдағы қазақстан­дық төрағалықтың «Бейбітшілік, ынтымақтастық және даму» ұраны ИКҰ-ға мүше елдер алдында тұрған маңызды мәсе­лелерді шешудегі басымдық­тарды толығымен қамтитыны дөңгелек үстел кезінде айрық­ша атап көрсетілді. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан.