Кеше Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстандағы мәдениет саласының дамуы жайлы жан-жақты баяндап, атқарылған жұмыстар мен болашаққа жоспарланған міндеттер шоғырын тізбектеп өтті.
Ең алдымен, ұлт мәдениетінің бүгінгі жай-күйіне арналған Үкімет сағатын ұйымдастырып отырған Парламент Мәжілісіне зор алғысымды білдіремін, деп сөз бастаған Мұхтар Абрарұлы Мемлекет басшысының, Үкімет пен Парламент депутаттарының ерекше ықыласының арқасында мәдениет саласы үшін 2010 жыл аса нәтижелі болғандығын атап өтті.
Мәдениет саласының бүгінгі күнге дейінгі қол жеткізілген нақты нәтижелері мен жетістіктерін, даму көрсеткіштерін әңгіме өзегіне айналдырған министр бірінші кезекте Елбасының тапсырмасымен қабылданған «Мәдени мұра» стратегиялық жобасына тоқталды. Бұл ретте атап өтерлігі, жоба іске асырылып келе жатқан жеті жыл ішінде 40 археологиялық және 26 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізіліпті. Олардың барлығы ғылымға мыңдаған артық артефакттар берген.
Мәселен, Қытай, Моңғолия, Ресей, Египет, Түркия, Жапония, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне жасалған ғылыми-іздестіру экспедицияларының нәтижесінде елімізге 5 мыңнан астам тарих, этнография, өнерге қатысты құнды мұрағат құжаттары қайтарылған екен. Бұл ұлт тарихындағы «ақтаңдақтардың» орнын толтыру ісіне аса зор серпін берді, деді бұл турасында министр.
Бұдан кейінгі кезекте әңгіме ауаны мәдени кеңістікте айтарлықтай орын алатын тарихи ескерткіштердің жай-күйіне бұрылды. Министрдің сөзіне сүйенсек, «Қазқайтажаңғыру» РМК күшімен тарихымыз бен мәдениетімізге аса маңызды 73 ескерткіш қайта қалпына келтірілген. Оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілгенін айта кеткеніміз жөн. Бұған қоса, 2010 жылғы реставрациялық жұмыстардың нәтижесінде шетелдегі 2 нысанға, республикамыздың 12 облысында орналасқан 19 ескерткішке, Дамаскідегі Әз-Захир Бейбарыс сұлтан кесенесіне де ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Мәдениет ведомствосы басшысы өзінің сөзінде тарихи маңызы бар басқа да ескерткіштерге қатысты басы қайырылған жұмыстардың шоғырын айтып қана қоймай, болашаққа жоспарланған міндеттерді баяндап берді.
Өзінің баяндамасы барысында Мәдениет министрі елдегі мәдени мұраларымыздың инфрақұрылымы кеңейіп жатқанын атап өтті. Мәселен, соңғы 3 жылдың ішінде екі мемлекеттік мұражай – Алматы облысында «Есік» және Шығыс Қазақстан облысында «Берел» қорықтары құрылса, Астанада ТМД кеңістігінде баламасы жоқ классикалық опера және балет театрының, Ұлттық мұражайдың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мәдени мұраларды түгендеу бағытында және осы төңіректегі бағдарламаны іске асыру жылдары Қазақстанның тарихына, археологиясы мен мәдениетіне қатысты 1 миллионнан астам тиражбен 442 аталымды кітаптар жарық көргені де тілге тиек етілді.
Отырыс барысында «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы «Қазақфильмнің» рөлі де айрықша аталды. Мәселен, «Мәдени мұраны» іске асыру жылдарында қалпына келтірілген тарих және мәдениет ескерткіштері туралы 10 фильмнің түсірілімі аяқталса, «Ұлттық мұра» деректі фильмдер циклы бойынша арнайы фильмдер шығарылған. Ал жалпы, жоба аясында 20 фильм жасалған екен.
Мәдениет министрі Мәжіліс депутаттарын қазақтың дәстүрлі музыкасы мен мәдениетінің үлгілерін жүйелеу және оларды халық пен болашақ игілігіне айналдыруға қатысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанынан да хабардар етті.
Мұхтар Абрарұлы сәті келгенде Парламент депутаттарына «Қазақфильмге» қатысты айтқан сындары үшін де алғысын білдіре келе, бұл сыннан тиісінше қорытынды шығарылып қана қоймай, бүгінде ұлттық киноның жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін де тілге тиек етті.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, сонымен қатар, театр өнерін дамыту, отандық мәдениетті шетелдерде таныту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, егер, ел тәуелсіздігіне дейін әлемдік опера классикасы негізінен орыс тілінде орындалса, қазір олар түпнұсқа тілінде қойылып келеді. Сөз орайында министр соңғы уақытта депутаттардың арасында, опера мен балет өнерін бағалаушылардың қатары өсе түскенін алға тартып, депутаттық корпусқа отандық опера мен балетті қолдап жатқандары үшін алғысын жеткізді.
Мәдениет министрінің баяндамасындағы енді бір сүбелі мәселе – тіл саясаты саласындағы басы қайырылған жұмыстар болды. Бұл ретте М.Құл-Мұхаммед 2010 жылдың басты қорытындысы – 2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды аяқтау мен келесі онжылдыққа жаңа бағдарлама әзірлеу мәселесін жан-жақты саралап өтті.
Баяндамасының қорытындысында министр Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына байланысты Мемлекет басшысының Жарлығымен тарихи датаны атап өтудің тұжырымдамасы мен жоспары, сондай-ақ, мерейтойлық медаль туралы Жарлығы әзірленіп, бекітілгенін айтты.
Министрдің баяндамасынан кейін Мәжіліс депутаттары мәдениет саласының жұмыстарын оң бағалап, өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Депутаттарды, әсіресе, елдегі тіл саясаты, ономастикалық жағдай толғандыратындай көрінді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов министрге еліміздің мәдениет саласының дамуы туралы жан-жақты ақпарат бергені үшін алғысын білдіре келе, тілдерді дамыту мен қолға алудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсатын қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне толық ие болуына, мемлекеттік тілді Қазақстандағы этносаралық тіл болу дәрежесіне қол жеткізу деп белгілегеніміз дұрыс болады деген ойын жеткізді. Сондай-ақ, ол қазақ тілінің қолданысында бар барлық терминдер қамтылған терминологиялық сөздіктің жай-күйі төңірегінде сауал қойды. Алғашқы сұраққа жауап берген министр бағдарламаның депутаттық корпустың қатысуымен жан-жақты талқыланып жасалғанын, себебі ол таразы басын тең ұстаған, Қазақстанның басым көпшілігі қолдайтын бағдарлама екенін атап өтті. Ал екінші сауалға жауап берген министр жалпы алғанда өзінің терминдерді келсін-келмесін қазақшалай беруге қарсы екенін, яғни аударма мәселесіне терең мән беру қажеттігін жеткізді. Осылай дей келе, М.Құл-Мұхаммед министрліктің қолға алуымен 2013 жылға дейін қазақ терминдерінің 30 томдығын шығару көзделіп отырғанын айтты.
Ал Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев: «Біз бүгін мәдениет саласына өзінің жан-жүрегімен, ынта-жігерімен берілген басшысының баяндамасын тыңдай отырып, берілген жауаптарға көңіліміз толды. Сондықтан, жүйелі жүргізіп отырған жұмысыңызға сәттілік тілейміз», – деді. Солай дей келе, ол республика көлеміндегі тарихи және мәдени маңызы бар, бүгінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізілген ескерткіштердің жүйеленуі мен жай-күйіне қатысты өз ойын білдірді.
Депутаттарды толғандырған сұрақтардың әрқайсысына мұқият жауап берген министр: «Сіздердің бұдан ары да қолдау көрсетулеріңіздің арқасында мәдениет саласының белсенді дамитынына сенімім мол», деп сөзін түйіндеді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.