03 Мамыр, 2017

​Жаңғырту 3.0 және 6 ұсыныс

315 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ғылымды дамытудың сара жолы тағы да нақты көрсетілді. Яғни, экономиканың өркендеуі үшін оның ғылыми негіздемесі болуы керектігі баса айтылды. Осы орайда, өз тарапымыздан алты ұсыныс айтып көрсек...

​Жаңғырту 3.0 және 6 ұсыныс

Біріншіден, ғылыми ізденістің барлық түрінен оның экономикаға тиімділігін талап ету. Қазіргі уақытта нақты эко­но­мика мен ғылымның байланысы әлсіз. Мысалы, ізденісті өндіріске енгізу актісі қолданбалы ғылыми жұмыстардың 14 пайызында, терең білім ізденістері тек 7 пайызында ғана бар екен. Ал 2014 жылы 434 PhD докторлығын қорғаған ғалымдардың жұмыстарынан тек 6 пайыз ғана өндіріс пен экономикаға пайда бар екендігі анықталды. Сондықтан қорғалып жатқан докторлық диссертациялар мен дипломдық жұмыстарда оның тиімділігі туралы талап болмағандықтан олар бір-бірінен көшірілетін, ешқандай құндылығы жоқ дүниелер болып жүр. 

Екіншіден, ғылымды қаржылан­дыруға жеке секторды, бизнес орта­лықтарын тарту маңызды. Кез келген инновациялық жобаны алып қарасаңыз, онда тәуекелдің белгілі бір қаупі бар. Шығарған шығыныңның орны толмауы мүмкін. Сондықтан қай ел болмасын, Америка, Еуроодақ, Азия мемлекеттерін алыңыз, мемлекет тәуекелдің бір бөлігін өз мойнына алады. Ол дегеніңіз – инно­ва­циялық шығынды толық немесе жар­ты­лай мемлекеттің өз мойнына алуы, соны­мен қатар, салықтағы жеңілдік­тер, пре­ференциялар, мүмкін тіпті кей­бір субсидиялар мен жеңілдетілген несие­лер болуы мүмкін. Мысал ретінде, стар­тап пен жаңа инновациялық кәсіпорынд­арға берілетін ұзақ мерзімді, тіпті бір­неше жылдарға берілетін «салық дема­лыстарын» айтуға болады. Бұл мәселенің төңірегінде конституциялық өзгерістерден кейін әлеуметтік-эконо­микалық мәселелерді шешуде жауап­кершілікті өз мойнына алған Үкімет пен жаңа форматта жұмысқа кіріскен Парламент жаңа заң жобаларын дайын­дайды деген үміт бар.

Үшіншіден, инновациялық эконо­ми­каны бірізділік пен тиімді реттеу үшін арнайы министрлік құрылуының қажеттілігі. Елімізде ғылымды әртүрлі министр­ліктер мен ұлттық компаниялар қаржыландырады, олар Білім және ғылым, Инвестициялар және даму, Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Денсаулық сақтау министрліктері, «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» басқару институттары дегендей. 1990-жылдары Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі құрылып, министрі, тіпті, Премьер-Министрдің орынбасары лауазымында болғанын білеміз. Ол кез экономиканың қиын кезеңі еді, сондықтан уақытынан жерге ерте себілген дән сияқты дұрыс өнім болмады. Уақыт талабына сай, сол министрлік қайта жаңғыртылса экономикамыздың шикізатсыз дамуына септігін тигізер ме еді? Ең бастысы, экономикаға керекті инновациялық жобаларды таңдай біліп, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржыны тиімді пайдалану және жеке секторлардың ғылымға ақша бөлуіне механизм жасап, ғылымды шынайы коммерцияландыру маңызды болмақ.

Төртіншіден, ғылымда орындалып жатқан көптеген жобалардың тапсы­рыс берушілері бизнес орта немесе экономиканың нақты секторы болуы шарт. Алдымен Үкімет қай салаға, қан­дай өндіріске инновациялық ізде­ніс керектігін анықтап барып, универси­теттермен ғылыми зерттеу институт­тары­ның ғалымдарына конкурстық не­гіз­де тапсырыс беруі керек және оның өн­ді­ріске енгізілуі бақылауда болғаны жөн.

Бесіншіден, бүгінгі күні агроөнеркәсіп кешенін ғылыми негізбен және біліммен қам­тамасыз ету жолында «НАНОЦ» ком­мер­циялық емес акционерлік қоғам құра­мында 3 аграрлық жоғары оқу орны, 23 ҒЗИ өздерінің 31 филиалдарымен, 7 тә­жірибелік шаруашылық, 7 селек­ция­лық станса, 4 сервистік компания жұ­мыс істеуде. Олардың қызмет аумағы бүкіл Қазақстанды алып жатыр. Бұл ұлт­тық компанияның басты мақсаты ауыл шаруашылығының тиімділігін көтеру. Олар бәсекеге қабілетті өндіріске енді­ру­ге болатын 646 ғылыми туындыны ірік­тепті. Ғылыми ізденістердің басты ба­ғы­ты ауыл шаруашылығының шикі­заты емес, халық пайдаланатын азық-түлік тауар­ларын шығаруға күш салуын күтеміз.

Алтыншыдан, жас ғалымдарды инновациялық ізденістерге тарту маңызды. Ол үшін жастардың арен­далық баспана алуға, жер телімдерінің бөлінуіне мүмкіндік жасап, оның шығыны субсидиялануы тиіс, немесе өндіріске енгізілетін болашақ пайда есебінен шешкен дұрыс. Жас ғалым өндіріс пен ғылым арасында көп жылдық мерзімге байлануы тиіс, ол құрсаудан босану жолы инновация мен оның коммерциялануы, яғни оның экономикаға пайда әкелуі болмақ.