03 Мамыр, 2017

Бөгенбай батырдың айбалтасы

390 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыр бабаның айбалтасы Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайына тапсырылды.

Бөгенбай батырдың  айбалтасы

Қанжығалы қарт Бөгенбай атанған батырдың есімі бүгінгі күні де даңқ биігінде. Батырға қатысты кез келген мәлімет пен деректерге қызығушылық танытылады. Күні кеше ғана «Ақ жол» партиясының кеңсесінде ұйымдастырылған шара соның айғағы.  

Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердің 25 жыл­дығына орай аты аңызға ай­налған батыр бабаның айбалтасы Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайына тапсырылды. Мәжіліс депутаттары, Қорғаныс министрлігі мен БАҚ өкілдері қатысқан шарада «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев айбал­таның тарихына тоқталды. Оның айтуынша, ұрпақтары үш ғасырдан бері сақтап келе жатқан батырдың айбалтасы  кеңес өкіметі кезінде-ақ бел­гілі болған. «Ақ жол» партия­сы Қорғаныс министрлігінің ұсы­нысымен батырдың тікелей ұрпақтарымен келісім жасасып, айбалтаны көрмеге қоюға алып келген. «Айбалта батырдың тікелей ұрпағының зайыбы Фатима Жұмағазықызының қолынан кепілдік хат арқылы алынды. Көрме жұмысы аяқ­талған соң заңды иелеріне қайтарылады. Айбалта ақ болаттан жасалған. Күміспен зерленген», деген партия төрағасы айбалтаны Қарулы Күштер әскери-тарихи музейі қызметкерінің қолына тапсырды.

Айгүл СЕЙІЛОВА, 

«Егемен Қазақстан»