Аймақтар • 03 Мамыр, 2017

Қарқынды құрылыс: ажарлы Атыраудың абыройы биік

192 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырау облысында биыл 2007, келер жылы 4416 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл осынша отбасында қоныс тойы болады деген сөз. Жыл соңына дейін 14 мектеп пен 11 балабақшаның құрылысы аяқталады. Мұнайлы өңірдегі қарқынды құрылыс Жайықты жағалай орныққан елдің сәулеті мен дәулетіне сән қосып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мерей Жантөреев осындай жаңалықтармен бөлісті.

Қарқынды құрылыс: ажарлы Атыраудың абыройы биік


ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ САНЫ АРТАДЫ

-Қазір облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 37 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл басынан бері 119,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 4,2 пайызға көп, - дейді М.Жантөреев. - 2018 жылы облыс орталығында «Береке», «Нұрсая» ықшамаудандарында 44 көппәтерлі үй салынады. Жеке тұрғын үй құрылысының бірыңғай сәулеттік келбетін жасау мақсатында әкімдікпен инженерлік коммуникациясы тартылған 400 учаске дайындалды. Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің эскиздары бойынша 80 тұрғын үйге жоба-сметалық құжаттамасын жасақтау жұмыстары басталды.

Аймақта әлеуметтік нысандар қатары да жыл санап артып келеді. Жылыой ауданының Жаңа Қаратон, Қосшағыл, Тұрғызба ауылдарында, Құрманғазы ауданының Ганюшкино селосында, Исатай ауданындағы Х.Ерғалиев ауылында енді жаңа балабақша болады. Бұдан бөлек,14 мектепке ғимарат салынып жатыр. Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық колледжіне 100 орындық жатақхана құрылысы да басталды.

Атырау қаласының реабилитациялық орталығы мен Н.Тлендиев атындағы Кіші өнер академиясына жапсаржай салынады. Облыс орталығынан оқушылар мен жастар үйі бой көтереді. Басқарма басшысының орынбасары Құрманғазы ауданы Дәшін ауылында балалар саз мектебі мен Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжге спорт кешенін салу үшін қажетті құжаттар дайындалып жатқанынан хабардар етті.

Құрылыс саласындағы жаңалықтардан денсаулық сақтау нысандары да тыс қалмайды. Қазір Индер ауданы Көктоғай ауылында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Атырау қаласында өкпе аурулар аурухасының аумағына бетон қоршау орнату жұмысы да жоспарға сай жүруде. Қызылқоға ауданының Миялы, Қарабау ауылдарында, Исатай ауданы орталығында және Атырау қаласы маңындағы Тасқала селосында денсаулық сақтау нысандары қолданысқа беріледі. Жылыой ауданында туберкулезге қарсы диспансер қайта жаңғыртылып, жүйке ауруларымен ауыратын адамдарға арналған үй интернатын салу үшін құжаттар дайындалады.

Аймақта соңғы жылдары мәдениет ошақтарының саны артты. Қазір 8 мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. «Жыл аяғына дейін тағы да 3 мәдениет үйін тұрғызуға қатысты құжаттар реттеледі. Атырау қаласында Достық үйі бой көтереді», - дейді М.Жантөреев.

Облыс халқының 25,9 пайызы спортпен шұғылданады. Облыс орталығында ғана емес, алыстағы ауылдарда да қазір спорт кешендері бар. Биыл бюджет есебінен Атырау қаласы Томарлы елді мекенінен үлкен футбол мен жеңіл атлетикаға арналған алаңның құрылысы, Атырау қаласы Кеңөзек ауылынан 320 орындық спорт кешені құрылысы, Исатай ауданы Аққыстау ауылынан 160 орындық спорт кешені құрылыстары жоспарланған. Айта кету керек, әлеуметтік нысандар қатарының артуына аймақтағы мұнай компаниялары мен ірі кәсіпорындар да үлес қосып жүр. «Теңізшевройл» компаниясы Жылыой ауданындағы Тұрғызба, Қосшағыл, Майкөмген ауылдарына үш дене шынықтыру сауықтыру кешендерін салу үшін қаржы бөліп отыр. Осы ауданға қарасты Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Жаңа Қаратон ауылдарында да ТШО-ның қаражаты есебінен жаңа кешендер бой көтереді. ҰҚ «ҚазМұнайГаз» АҚ Атырау қаласы мен Ақжал елдімекенінде 5 спорт кешенін салып жатыр. Алдағы уақытта облыс орталығында тағы да 3 спорт зал болады.

ЖАҢА ҒИМАРАТТАР – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Облыстық құрылыс басқармасы берген мәліметте қоршаған ортаны қорғау нысандары жайлы да көрсетілген. Мысалы, «Атырау облысы Жайық өзенінің суын молайту және гидрологиялық режімін жақсарту» жобасы бойынша жұмыстар аяқталуға таяу. Индербор кентінде кәріз–сорғы бекеті мен кәріз жүйесі құрылысын салу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Атырау облысы аумағында Жайық және Қиғаш өзендерін суландыру бойынша жоба – сметалық құжаттамасын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. «Облыс аудандарында 10 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу үшін (Жылыой ауданы Құлсары қаласы, Исатай ауданы Аққыстау селосы, Индер ауданы Индербор поселкесі, Махамбет ауданы Махамбет селосы, Мақат ауданы Мақат кенті, Құрманғазы ауданы Сүйіндік, Котяевка, Ганюшкин селолары, Қызылқоға ауданы Миялы және Сағыз селолары) жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып жатыр, - деді басқарма басшысының орынбасары Мерей Жантөреев. - Атырау қаласындағы 35 тондық түп тұнбасын құрғату станция салуға және Құрманғазы ауданы Қиғаш өзегінен елді-мекендерін су тасқынынан қорғау дамбыларын қайта жаңғыртуға көңіл бөлінді. Атырау қаласында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы, ішкі істер департаменті, Исатай ауданы Аққыстау ауылында ХҚК орталығы алдағы уақытта заманға сай ғимаратпен қамтамасыз етіледі».

Аспанмен таласқан зәулім ғимараттар, қос құрлықты жалғаған көпірлер, күмбезін күн сүйген сәулет ескерткіштері, жаңарған инфрақұрылым, ел игілігіне берілген жаңа нысандар бүгінгі Атыраудың көркем келбетіне айналды. Елімізде, оның ішінде тек қана Атырауда ерекше өнім шығаратын кәсіпорындар қатары көбейді. Елбасы тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа зауыттар салына бастады. Әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Мұның бәрі алып құрылыс алаңына айналған Атыраудың ажарын айшықтап тұр.


Бақытгүл БАБАШ, 

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ