03 Мамыр, 2017

​Ашина

2558 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Тарлан тарихымыз бен түйсік-санамыздың терең қатпарларында қалған жұмбақтарды аша түсетін құнды еңбегінде Рашид-ад-дин жан-жағы қамал сынды заңғар таулармен қоршалған Жерұйық мекен – Ергенеқоннан түскен Бөрте-чино жайында баяндайды. Оның «Уа, қасиетті көк бөрінің оғландары, ата жұртымызды қайтарып алайық» деген сөзінен кейін жауынгер жұрт тауды балқытып, жол салып, туған жеріне оралды дейді аңыз.

​Ашина

Аңыз түбі – ақиқат. Сондықтан бұл аңыздар бізді Көктүрік қағанатын құрған әйгілі Ашина әулеті туралы ақиқатты зерделеуге жетелейді. 

Ашинаның шығу тегі мен олардың Алтай тауларына қалай келгендігі жайында қытайдың «Чжоу шу», «Вей шу», «Тан шу», «Тун дянь» сынды жылнамаларында бірнеше аңыз нұсқалары баяндалған. Мәселен, «Тун дянь» жылнамасының 197-тарауында Ашиналардың шығу тегі туралы мынадай аңыз сақталған: «Көк түрктер әуелден Пин-лиаңды мекендеген Хулардың бірі едi. Олар негізінде ғұндардың бір бұтағы болатын. Арғы тектері – Ашина. Кейiн Вей заманында Тай-ву патша Чие-чу әулетін талқандаған соң Ашина бес жүз отбасымен жужандарға қашып келіп, Алтай тауын мекен етті. Бұл таудың пішіні дулығаға ұқсас болғандықтан, оларды өздерінің тілдерінде дулыға мағынасына саятын Түчүе деп атады».

Қытай жылнамаларынан Ашинаның «сиун-ну» - дан (ғұннан) шыққанын жақсы білеміз. Бұл дереккөздерде түрктердің шығу тегі Ху, Хунну, Со атауларымен өзгеріп отырса да, ғұндармен қатыстылығы ешбір дау туғызбайды. Аңыздар желісі түрктерді Қытайдың солтүстігінен шығарып, Алтын тауға (Алтай) келіп орналастырады.

Ашина әулетінің түпкі тұрағы ретінде Тұрфанның солтүстік-шығысы мен Алтай тауларының оңтүстік-батысындағы таулы аймақ аталады. Кейбір дереккөздерде олардың V ғасырда Оңтүстік Сібірдегі Енисей қойнауынан Богдо тауы (Шығыс Түркістанның солтүстік-шығысы) маңайына көшіп келгендігі баяндалады. Бұған сенсек, Алтай тауларының оңтүстік етегіне көшірілген Ашина әулеті 552 жылы өз мемлекетін құрғанға дейін сол елдің қол астына қарап, темір өндіруге мәжбүр болған.

Көктүрк қағанатын құрған рудың атауы жылнамаларда А-ши-на деп аталады. Ол көбіне Көктүрк билеушілерінің атымен бірге аталып, оларға этникалық туыстығын білдіретін болған. Мысалы, Шаболо Кехан Ашина Хо-лу (Ишбара қаған Ашина Ұлығ), Ашина Мише, Ашина Бужен, Ашина Хиен, Ашина Хуаи-дао, Ашина Син сияқты. Дегенмен, Қытай жылнамаларында Ашина этнонимі көп жазылғанына қарамастан, ол сөздің мағынасы туралы қандай да бір анықтама кездеспейді.

Кейбір ғалымдар Ашина атауының шығу төркінін моңғолша деп топшылайды. Мысалы, П.Будберг оған моңғол тіліндегі ар чинао (чинга) «Он қасқыр/бөрі» анықтамасын береді. Бірақ бұл көзқарас өзге ғалымдар тарапынан қолдау таппады. Сол сияқты Л.Н.Гумилев те Ашинаның моңғол тіліндегі шоно, чино «бөрі/қасқыр» сөзіне Қытай тілінде мәртебелілікті білдіретін а- префиксінің қосылуы нәтижесінде пайда болғанын, сондықтан «қайырымды бөрі» мағынасын беретінін айтады.

Араб және парсы тілді тарихи еңбектерде де Ашина дегенді білдіретін сөздер кездеседі. Айталық, ислам дереккөздерінде көне кезеңдерде Иранды жаулаған Шана/Сане атты түрк билеушісінің атын М.Гренард, О.Прицак сияқты зерттеушілер Ашина этникалық атауымен байланыстырған.

Ашина атауын түрік тілінен іздеген зерттеушілер де бар. Мәселен, К.Беквиз оны Византия тарихшысы Менандростың (VІ ғ.) «Тарих» атты еңбегінде берілген «Түріктер ұлы билеушілерін Арсыла деп атайды» деген жазбасына қарап, оның шығу төркінін түрік тіліндегі Арслан сөзінен табуға тырысады. Алайда Көктүрктерде қағанат құрушы әулеттің арыстанды тотем санауына, оны атау ретінде қабылдауына байланысты өзге дерек кездеспейді.

Ашина этнонимі туралы тағы бір көзқарастың жақтаушылары оның негізін көне үнді-еуропа тілдерінен іздеді. Синолог ғалым Я.Зуев Ашина сөзі қытай тілінде â­си­нâ<асана~асна деп айтылатынын, сондықтан Ашина мен Усун этнонимдерінің түбірі бір екенін айтып, оны көне парсы тілінің Хотан-Сака диалектісіндегі āсåнä көк (көк, аспан) сөзімен байланыстырады. Ғалымның пайымдауынша, көкті киелі санаған көне түрктер оны тайпаларының атауы ретінде алған. Алайда, бұл атауға табу ретінде қарап, оны өз тілдерінде айтуға жүрексінгендіктен, хотан-сака тіліндегі āсåнä (көк – аспан) сөзін қолданған. Бұл ретте белгілі ғалымның пікіріне уәж ретінде айта кетерлік жайт, егер көне түрктер көк (аспан) сөзін табу деп білгенде, оны жазбаларда мүлде кездестірмейтін едік. Сондықтан өздерінде бар және жиі қолданатын сөзді пайдаланбай, оны өзге тілден алған деген пікір дау туғызады.

Ал көрнекті ғалым С.Г.Кляшторный 1964 жылы жарық көрген алғашқы зерттеулерінде Ашина сөзінің хотан-сака тілінде āсāнa «абыройлы, құрметті» дегенді білдіретінін атап өтіп, оны көне Агнилер диалектісіндегі āсāм және көне Куча қаласының тұрғындарының говорындағы асāм түріндегі баламаларынан табуға тырысады. Ғалым кейінгі зерттеулерінде оны соғды тіліндегі exšene «көк, қара», хотан-сака диалектілеріндегі aссеина­ассена «көк/көгілдір», тохар тіліндегі aснa «көк/көгілдір» сөзімен түсіндіреді. Аталған тілдер арасында хотан-сака тіліндегі «көк» мағынасындағы aссеина­aссена сөзінің әрі фонетикалық, әрі семантикалық ерекшеліктерінің толық сай келуі көңіл аудартады. С.Г.Кляшторный Орхон жазбаларындағы Көктүрк қағанатын құрушылардың этникалық атауы болған «Көк түрк» сөзіндегі «көктің» ру атауы ретінде Ашина этнонимінің баламасы екеніне тоқталады. Сондықтан көне түрк жазбаларындағы Көктүрк сөзі «Көктер мен Түрктер», яғни «Ашина және Түрктер» мағынасын білдіреді деп түсіндіреді.

Бұл тұста С.Кляшторныйдың пайымдарымен де келісу қиын. Көне түрктерде сипат ретінде қолданылғанымен, тек түс атауынан ғана тұратын ру атауы өте сирек кездеседі. Егер Ашина руы «Көк» ретінде аталған болса, ондай рудың атауы сол кезеңнің жазбаларында аталып, қазіргі түрк рулары арасында да сақталуы мүмкін еді. Сонымен қатар, Көктүрк сөзінің алғашқы бөлігіндегі «көк» сөзін көптеген түрктанушы ғалымдар есім сөз емес, сын есім ретінде көрсетеді. Көк – аспан, Көктүрк те Көктен тараған, аспан сипатты, Тәңірі тұрпатты түрк деген мағына береді. Назар аударарлық жайт, белгілі қытай ғалымы Цэн Чжунмянның жазуына қарағанда, қытайлықтар «аспанасты елі» деп әспеттеген аспан, көк ұғымдарын өздерін ұзақ уақыт билеген солтүстік көршілерінен – түрктерден алған сыңайлы.

Біздіңше, Орхон жазбаларындағы Көктүрктің тағы бір мағынасы бар. Түрк тайпаларында қандай да бір рудың өз ішіндегі руларды айыру үшін ақ, қара, сары, көк, қызыл сияқты түс аттарымен атау дәстүрі кездеседі. Мысалы, ақ ғұн, ақ ноғай, қара ноғай, қара қыпшақ, сары үйсін және т.б. сияқты. Бұл дәстүр Көктүрк атауына да тән. Көне түрктерде аталған түстер бағыттарды айқындау үшін де қолданылған. Ақ – батыс, көк – шығыс, қара – солтүстік, қызыл – оңтүстік бағыттарын көрсетеді. Сондықтан Көктүрк – «Шығыс түрктері», «Шығыс түрк қағанаты» дегенді білдіреді.

Ал Ашина – түрік-моңғол тілдеріне ортақ сөз. «Қасқыр, бөрі» деген мағынаны береді. Түркияның танымал түрколог-ғалымы О.Серткаяның пікірінше, aшинa, aчинa, aсeнa сияқты формаларда кездесетін бұл сөз «көк бөрінің ұлдары» мағынасындағы Көктүрк әулетінің атауы саналады. Ғалым «Моңғол тіліндегі бөртечине сөзі бөри+ачина түрікше+қытайша бір-бірін қайталаудан тұрады. Ал қазіргі түрік тілінде асена сөзі «ұрғашы» атауын алып «ұрғашы ашиналар» түрінде де қолданылғаны байқалады» дейді.

Жоғарыда көптеген зерттеушілердің Ашина сөзінің моңғол тілінде Чино/Чоно және одан көне формасы Чинганың «қасқырмен» байланысты екенін, түрк тілдерінде аталған сөзге ұқсас сөздің кездеспейтінін, оның орнына «бөрі», «қасқыр» сөздерін қолданатынын атап өткендері туралы жазған едік. Алайда бұл пікірмен келісуге болмайды. Мәселен, өзбек және қазақ тілдеріндегі чиябөрі / шибөрі сөздері кездеседі. Қазірде ол «қасқырдың бір түрі» мағынасында қолданылады. Аталған сөз екі бөліктен «чия» және «бөріден» тұрады. Бұдан көне формасы Шағатай тіліндегі жазба дереккөздерде чөгабөри формасында кездеседі. Біздіңше, моңғол тіліндегі чино (көне формасы шинга/чинга) мен түрк тілдеріндегі чөга/чия сөздерінің түбірі бір. Осылайша моңғол тілінде чинга/чоно, түрк тілдерінде чөга/чия формаларын алуы әбден мүмкін. Кейін көптеген түрк тілдерінде тәуелсіз сөз ретіндегі сипатын жоғалтып, «бөрі» сөзіне жалғанып қасқырдың бір түрі мағынасында қолданыла бастаған сияқты. Қырғыз тілінде «тау қасқыры, қызыл қасқыр» мағынасында чөө сөзінің кездесуі осыны бекіте түседі.

Қазақ халқы қасқырдың атын атамай, оны «ит-құс», «қанды ауыз» деп жатады. Ал еркіндік пен ерліктің символы деп таныған көк бөріні өз атымен атайды. Мысалы, көшпелі жұрт қастерлейтін көкпар ойыны осы көк бөрі сөзінен шыққан. Бұл ретте көкбөрі, көкжал сөздерінің де көкпен, дәлірек айтқанда аспанмен, Тәңірімен сипаттас болуында. Ендеше, Бөрте-чино айтатын көк бөрі оғландарының көктүрктер болуы да әбден заңды.

Рашид-ад-диннің әйгілі еңбегінде Шыңғыс ханның 22-ші бабасы Бөрте-чиноның Ергенеқоннан шығатыны айтылған. Бұл орайда түрк аңызындағы бөрі мен Бөрте-чино арасындағы ұқсастыққа назар аударғымыз келеді. Сонымен қатар Ашина әулеті мен көктүрктерге ұран болған бөрі мен таутеке таңбасы Шыңғыс хан шыққан Боржигин (Бөрітегін) руының Бөрте-чино мен Маралдан тарағаны жайындағы аңызға сәйкестігі де кездейсоқтық емес. Көңіл аударатын тағы бір жайт, Ергенеқонды паналағандар – түгел түркі жұртының аңызға айналған түпкі атасы Оғыз ханның ұрпағы Ел ханнан тарайды. Оның үстіне, моңғолдар барақты – итті қастерлесе, Шыңғыс хан шыққан әулет бөріні кие тұтып отыр. Ендеше, бөріден тараған Бөрте-чино ұрпағы Шыңғыс хан көктүрктердің билеуші әулеті Ашинамен туыс-тектес болып шығады. Сондықтан, Ашина әулетін көктүрк қағандары етіп сайлаған күллі түрк жұрты бәтуаға келіп, оны хан көтеріп, Ергенеқондай биік шың мен құзға теңеп, «Шыңғыс» деп атаған сияқты. Ашина әулеті сияқты батысқа бет алған Шыңғыс хан құрған мемлекетті сондықтан ғұндар мен көктүрктердің заңды жалғасы деп атауға әбден болады.

Ашина туралы аңыздардың бәрінде түрктердің шығу тегі бөрі арқылы тарайды. Қытай жылнамаларындағы аңыздағы бөрі, әуелі түрк қағанатының символы болса, кейін барлық түрк халықтарының тотеміне айналды. Түрктер мекен еткен аймақтардан табылған археологиялық мұралар да осы аңызды қайта еске салып тұратындай әсер береді. Мысалы, Бұғыты кешеніндегі тас ескерткіште аналық қасқырдың баланы емізіп тұрғандығы; Ром мен Римді емізіп тұрған аналық қасқырдың мүсіні; сақ-ғұн дәуіріне жататын Жетісудан және Ордос маңынан екі бөрінің тау ешкіні жәукемдеп жатқаны бейнеленген бір-бірінен айнымайтын екі археологиялық олжаның табылуы; Алтай, Монғолия, Тува және Қазақстанда жартас беттерінде кездесетін бөрі бейнелері бұл мәселені кең көлемде қарастыруды талап етеді. Мысалы, көне үйсін дәуіріндегі ерлік жырға арқау болған әйгілі аңызда Бөже батыр әулеттен аман қалған сәбиді ана қасқырдың емізіп тұрғанын көріп, оны ғұндардың қағанына тапсырады. Күнби деп атын қойған, ержеткенде жұрты «көк бөрі» атаған бала даңқты әміршіге айналады.

Күн астында күндей күркіреп жортқан ғұндардың, көктүрктер мен Ашина әулетінің қасиетті ұраны уақыт пен кеңістіктің жойқын кедергісіне қарамай, қайта жаңғырып, жарыққа шықты. Араға ғасырлар салып, алаш рухы мен ұлт жадысының абыз шырақшысы болған семсер сөзді Сүйінбай:

Бөрі басы ұраным,

Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым!

– деп жырлап, есте жоқ ықылым заманнан ұлттың кодында, түпкі тұңғиық жадында сақталған көк түріктің бөрілі байрағын, Ашинаның айбарлы ұранын қайта жаңғыртып, санасы қалғи бастаған халқына қалқан етті.

Елбасы мақаласында айтылғандай, әр қоғамның тамыры тарихтың тереңінен бастау алатын «рухани коды» болады. Ол халықтың жадында сақталып, ұлттың ұғым-танымында өмір сүреді, болашағына бағдар береді. Біздіңше, Ашина да жауынгер жұрттың жүрегінде жатталған сондай қастерлі «кодтың» бірі. Бөрілі байрақ көтерілгенде рухымыздың жаңғырып, аруақтанып кететіні де сондықтан болса керек.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

«Егемен Қазақстан»