04 Мамыр, 2017

«Сіз біз үшін маршалсыз, Ким аға!..»

721 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Сонау 1992 жылдың 21-25 желтоқсанында Жоғарғы Кеңесте «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» еліміздің тұңғыш заң жобасы қызу талқыға салына отырып бекітілді. «Бейбіт ел болсақ, бізге әскердің керегі не деп байбалам салған пацифист-депутаттар көп болды!» дейді сол күндерді толғаныспен еске алған әскери ғылымдар докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, полковник Ким СЕРІКБАЕВ. Әскери ғалыммен Отан қорғаушы күні қарсаңында өткен әңгімеміз былай өрбіді.

«Сіз біз үшін маршалсыз, Ким аға!..»

– Ким Серікбайұлы, сіз Кеңес Одағының Қарулы Күштері қатарында взвод командирінен бастап полк командиріне дейінгі жауынгерлік қызмет сатысынан өттіңіз. Қару асынып жүрген нағыз офицер шағыңызда сіздің  санаңызды түптің-түбінде Қазақстан Тәуелсіз ел атанады, оның өз Қарулы Күштері болады, ал мен... деген секілді ой-қиял тербемеді ме немесе сондай ойдың ұшқыны болды ма?!

– Өтірік айта алмаймын... Ондай ой менің түсіме де кірген жоқ, ойымда да болған емес. Өйткені, мен 12-ден 13-ке қараған жасымда әке-шешемнен жетім қалдым. Мені оқытқан, басымнан сипап өсірген Кеңес дәуірі – сол тұстағы алдымда жүрген аға-апаларым. Балалар үйінде, интернатта тәрбие алдым. Сол қоғамның барлық жақсылығынан үлесімді алған мен өзгедей ой ойлауым мүмкін де емес еді. Кеңес Одағы құлайды, Қазақстан тәуелсіздік алады деген ой болған жоқ. Жасырып қайтейін, қазір ортамызда жүрген кейбір азаматтар «мен сол заманның өзінде тәуелсіздікті аңсап едім, «Алаш» қозғалысын қолдаған едім, Мұстафа Шоқаймен мүдделес едім» дейді, оның барлығы – өтірік.

– Мұныңызды шын мәніндегі нағыз кеңес офицерінің жауабы деп санайық. Ал енді Қазақ­стан Қарулы Күштерінің негізі қа­лай құрылды, сол уақытты еске алайықшы?

– Алматыдағы суворовшылар мектебін даңқты қолбасшы Бауыр­жан Момышұлы ағамыздың аты­на алып бердім. Бұл тәуелсіз­дік­­тің елең-алаңындағы менің өмі­рім­нің бір бөлшегі, белесі, қуа­ны­шы. Осы шараға қатысқан Кеңес Одағының Батыры генерал-лейтенат Сағадат Нұрмағамбетов ағамыз араға көп күн салмай, маған қоңырау шалып, өзіне шақырды. КСРО тамызда құлаған. «Таяу уақыт­та елімізде мемлекеттік қо­рға­ныс комитеті құрылады, бола­шақта, тіпті, министрлік болып қалар. Қазір бізге сенің білімің керек», деп құлаққағыс етті. Көп кешікпей ол кісі комитеттің төр­аға­сы, мен ол кісінің кеңесшісі бо­лып тағайындалдық. Осы коми­теттің есігін аттаған сәттен бас­тап жоғарыда өзің айтқан әлгі сезім мен ой мені күні-түні маза­лайтынды шығарды. Егеменді ел болған соң ата-бабамыздан мұраға қалған байтақ жерді, оның байлығын қорғау міндеті тұрды. Әскерді қалай құрамыз, елді қа­лай қорғаймыз деген төте сауал туын­дады. Ұйқы көрмей іске кірі­сіп кеттік.  Бір күні Сағадат Нұр­мағам­бетов ағамыз маған: «Сен ғалым адамсың, әскери доктрина мен заңдардың тармақтарын жазуды кешеуілдетпей қолыңа ал, айналаңа білікті жігіттерді жина. Осы сенің көмегің болсын, мен – өмір­дегі тәжірибеге сай әскер­ге бас болайын», деді. Ол кісі­нің тәжі­рибесі шынында да зор еді, Орта Азия әскери округі бас қол­бас­­шы­сының орынбасары қызме­тін ат­қарды емес пе? Ел аумағын­дағы бар­лық әскери бөлім көз ал­дын­да, командирлерін де жақсы біледі.  

– Тәуелсіз елдің тұңғыш әскери құжатын тұңғыш рет жазу­дың қандай қиындықтары болды? Әскери доктрина жазуда ең алдымен қандай қағидаларға сүйендіңіздер?

– Кеңес заманында «әскери доктрина» атауынан көпшілік бейхабар еді, өйткені ол құпия құжат саналды. Оны тек Орта­лы­қ­тың әскери және Үкімет басшылары ғана білді. Одақтас республикалар әскери доктринамен бас ауыртқан жоқ. Шынын айтайын, лауазымды деген әскери адамдардың өздері ол  туралы нақты мәлімет ала ал­ма­ды. Оның қиындығы – құжат­тың ас­тарында әскери саясат­тың бар­­лығында. Жаңадан құры­лып жат­қан жас мемлекетке жауын­гер­лерді жасақтау, қару-жарақты сай­лау­дан бастап өте таңсық әске­ри саясатты жүргізу оңай болып па?

Қазақ әскерінің тұңғыш әскери доктринасын мен жалғыз жазға­ным жоқ, қасыма генералдар Алтын­бек Сейілбаев, Сәбит Тауланов, Абай Тас­болатов сияқты білімді де бі­лік­ті азаматтарды жинадым. Полковник Ролан Қара­таев, Иван Ралов қатарымызда тұ­рып үлес қосты. Комитетте үш ай бойы пысықталған доктрина мен Президент әкімшілігіндегі қор­ғаныс бөліміне қызметке ауыс­қанда тап-тұйнақтай дайын болды.

Біз – қазақпыз, сондықтан док­т­ри­наға ең алдымен ата-баба­мыз­дан бері қарай келе жатқан  ұлт­­тық дәстүрлерімізді кіргіздік. Ата-ба­бамыз ешкімнің жерін жау­лап алған жоқ, ешкімнің жеріне көз аларт­­қан емес. Қазақстанның най­за­­ның ұшы­мен, білектің күші­мен қор­­ға­ған өз жері өзіне жетеді. Со­ның бә­рін әдемілеп тізбелеп келті­ріп, қазақ әскері бізге байырғы ата-ба­­ба­­мыздан қалған жер мен бай­лық­­ты қорғау үшін керек деген ой түйдік.

– Заңды құжатты Жоғарғы Кеңестің алдына шығарып бекітулеріңіз керек екені бел­гілі жайт. Оны талқылау бары­сында сол тұстағы адуынды депутат­тардың ой-тілегі бір жерден шықты ма?

– Бір сөзбен айтқанда, 1992 жыл­дың 21-25 желтоқсаны арасында еліміз әскерге қатысты тікелей 2 заң қабылдады, соның арқасында бүгінгі әскеріміз құрылды дер едім. Үкіметтің отырысынан ке­йін Қазақстан Қарулы Күштері тура­лы доктринаны Парламент ал­дын­да Армия генералы Сағадат Нұр­мағамбетов қорғап шықты. Одан соң  «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» заң жобасының мәтінін көтеріп мінберге мен шық­тым. Жоғарғы Кеңестің депу­таттары алдында 25 минут баян­дама жасадым. Заңның әр бабын халық қалаулыларына мейлінше түсі­нікті тілмен жеткізіп-ақ  бер­ген сияқты едім. 19-баптағы көр­сетілген Қарулы Күштерге қара­жат бөлу керек деген жерге жет­кен­де тығырыққа тірелдік. «Біз­дер пацифистерміз, соғысты қол­да­маймыз»  деп жалған ат жамылған өзге ұлт өкілдері – депутаттар дау шығарды: «Біз жаңа ғана Қорғаныс ми­нистрін тыңдадық, доктринамен таныстық, ол – Қазақстан өзге ел­дерге көз алартпайды, біздің жауы­мыз жоқ», деді. Ендеше, онсыз да  қаражаттың тапшы кезінде әс­керге соншама ақша бөліп не ке­рек? Тегі Қазақстанға әскер не үшін керек?»  деп байбалам салды.

Депутаттармен генерал Баһа­дүрбек Байтасов, академик Ма­наш Қозыбаев «Өз әскерінен ақша аяған ел өзге елдің әскерін асы­райды деген тарихи мазмұнды сөз» бар деген пікір тайталасына шы­қты. Олардың екеуі де Ұлы Отан соғысын бастан кешкен батыр­ларымыз еді. Соған қара­мас­­тан, барлығы 36-баптың қал­ған өзге баптары қаралды да, 19-бапты  талқылау кейінге ше­ге­ріл­ді. Әскери қызметкерлер мен қыз­метшілердің әлеуметтік мәселесін қорғау туралы екінші заңды сол кездегі Қорғаныс ми­нистрінің бірінші орынбасары, қазақтың тұңғыш ғарышкері, авиация генерал-майоры  Тоқтар Әубәкіров тамаша қорғап шық­ты. Сол тұстағы болашақ еңбек де­ма­лысына шығатын әскери­лері­мізге айлығының 80 пайызына дейін зейнетақы береміз деген бап жолдары, бүгін еске алсам, қазақ армиясының аяғынан тұруы­на орасан зор көмек болған екен. Өйткені, шын мәнінде ол кез­де армияда біздің ұлттық кадр­лары­мыз тым жеткіліксіз, өте тапшы еді. Кем дегенде 4-5 жылға дейін сырт мамандарды ұстап отыру үшін осындай қадам жасалған. Ол қадам сәтті болып шықты, жемісін кейін берді.

– Тығырыққа тірелген 19-бап­тың одан арғы тағдыры не болды?

– Иә, бақсақ «пацифист-депу­таттарымыздың» бізбен таңды-таңға ұрып дауласатын түрі бар. Олардың барлығы сөзін қанша жерден бүркемелегенімен, шын мәнінде қазақ армиясының құры­луына өлердей қарсы еді. Соңғы сөзді Президентіміздің өзі айтты. Мән-жайды тез саралап, байқай қоятын Нұрсұлтан Әбішұлының Жоғарғы Кеңестің биік мінберінде тұрып «Бұл арада ешқандай да әңгіме болмауы тиіс, әскерге қара­жат қажетінше беріледі», деп кесіп айтқаны есімізде. Екі заңды да мақұлдап, өзі қол қойды. Осыдан соң пацифист болып көрінгісі келген депутаттар аузын жапты.

Бүгін айтуға ғана жеңіл, ол кезде болашақ әскеріміз үшін қаншама ащы тер төгілді. Екінші заңның қуаттылығы арқасында орыс, украин, белорус офицерлері біздің әскеріміздің құрамында 5 жыл емес, 8 жылға дейін қызмет атқарып, зейнетке шықты. Алтынға бағаланған аз уақыт кезеңінің ішінде біз де қарап жатпай, ұлттық офицерлеріміздің қатарын көбейтіп алдық. Президентіміздің сол қиын-қыстау кезеңде болашағымызды болжап, тіпті, былай айтқаным дұрыс болар, төтенше шешім жасауы – көрегендігі және кемеңгерлігі емес пе?! Президенттің айтқанына арқа сүйей жүріп осы жылдар ішінде взводтан бастап, рота, батальон, полк командиріне дейін қазақ офицерлерін дайындап, тағайындап үлгердік. Халық бұл шындықты білуі керек қой деп ойлаймын. Біз бүгін айтпасақ, оны ертең кім айтады?!

– Еліміздің заң шығарушы ең жоғарғы органындағы «қан­төгіссіз» өткен оқиғаны өте жақ­сы баяндап бердіңіз, Ким аға. Ал енді сол тұста  еліміздегі ұлтжан­ды азаматтардың ұлттық әскер құруға деген көңіл күйлері қан­дай еді, хабарыңыз бар ма?  

– Тәуелсіздіктің жылы лебін сезін­ген қазағымның қаны көтері­ліп, қызына бастаған. Кей­бі­рі­нің патша заманындағы ата-бабалары­ның көрген қорлық­тары есіне түсті, кейбірі Кеңес заманындағы бірқатар жақсы­лықтарды ұмытты, жамандықтар көз алдына елестей бастады деген­дей. Менен жасы үлкен ға­лым ағаларымыздың «Ким, сен әңгі­мені қой, қазақ әскері тек қана қазақтан құрылуы керек» деген­дері қаншама еді? Әскери маман-ғалым емеспін бе, ондай аға­ларыммен түсінік жұмыстарын жүргізуге тура келді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, дәл сол уақытта әскер­дегі жалпы қазақтың саны 5-6 па­йыздан аспады. Офицерлері одан да аз. Дегенмен, сондағы біз­дің жұмыс тобы жасаған әске­ри саясат бүгінгі әскерімізге жақ­сы тұғыр болып қалыптасты деп сенім­мен айта аламын. Сол құжат­тың көмегімен әскеріміз негізінен Қа­зақ­станда КСРО-дан мұра болып қалған әскери бөлімдердегі тех­ни­ка­лар мен қару-жарақтың, Қазақ­­стандағы 40-шы армияның есе­бінен жасақталды. Әскери авиа­ция мен әуе қорғанысы құрал-жаб­дық­тарының барлығы да Кеңес дәуі­рі­нен қалған техника мен қару-жарақтар.

– Олардың барлығы да бір­дей бір дауыспен болашақ қазақ армиясына тобымен өте салды ма, қолдады ма? Іс ба­ры­сында қандай да бір кедергілер туындаған жоқ па?

– Орыс халқымен ежелден дос болғанымыз сол тұстары біз­ге жаман болған жоқ. Ол кезде Ресей­дегі билік басында елдің тұң­ғыш Президенті Борис Ельцин отыр­ған еді, біздің Елбасымен жақ­сы араласып жүрді. Бір сөзбен айт­қан­да, осыдан кейін де шығар, Ре­сейд­ің өте лауазымды әскери қол­бас­шылары да бізге дұрыс көз­қарас танытты. Екі ел көпке дейін ортақ қорғаныс кеңістігін құр­ды. Халықаралық ахуалды да жете түсінді. Сондай саясатты ұста­у өте жөн еді, өйткені сырт­қы жауларымыздың көзқарасы бізге мүлдем беймәлім-тін.

Президент Назарбаевтың 1992 жылғы 7 мамырдағы Қазақ­стан Қарулы Күштерін құру туралы Жар­лығының 4-бабында Қазақ­стан­дағы әскери бөлімдер, қару-жарақтар, техникалар, поли­гон­дардағы барлық дүние Қазақстан­ның мүлкі болып саналатындығы туралы ашып айтылды. Егер қандай да бір мүлік яки зат ел шекарасынан шығарылса, мүлік иесі жауапқа тартылады деген сөздер жазылды. Ол тұста Қазақстан аумағындағы әскердің 75, тіпті 80 пайыз құрамы ресейліктер, украиндықтар, бела­русьтықтар және басқа ұлт өкіл­дерінен жасақталған. Олар да өз елдері, болашағы туралы ойла­мады дейсіз бе? Кейбіреулері елі­не құрқол бармау үшін қызмет бабын пайдаланып, ақырындап қару-жарақ пен техниканы алып кеткісі келді.

– Оны сіздер сезе қойды­ңыздар...

– Сезгенде қандай, 1992 жылғы 28 қазан күні Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, өрескел әрекеттері үшін ішкі әскердегі екі генарал орнынан алынды. Арнайы комиссия құрылып, 20 күннің ішінде іс қорытындысын Елбасының алдына алып бардық. Рас, әскери адам болған соң біз қатты кеттік, айыптыларды аяусыз соттау керектігін талап еттік. Ол туралы мен «Қазақстанның Қарулы Күштері» атты кітабымда да жаздым, бірақ Елбасы бізді сабырлылыққа шақырды. Бұл арада аса терең саясат мәселесі күн тәрібінде тұрды. Дегенмен, осы шарадан сол кездегі әскер басшылары үлкен сабақ алды. Айтпақшы,  Қазақстанда туып-өскен орыс, украин, белорус коман­дирлерге қызметте басымдық берілді...

– Әлгі генералдардың мойны­на қандай кінә тағылды, әлде ол әскери құпия ма?

– Өздеріне бедел алу үшін олар бірқатар әскери техниканы шекара асырып жіберген. Осыдан соң-ақ қалған техника мен қару-жарақты қатаң бақылауға алдық. Генералдар Президенттен бас иіп кешірім сұрады, бірақ барлығы да қызметтерінен босатылды. Былай қарап отырсаң, сол уақытта генералдарға не жетпеді дейсің?

– Әскерде «генерал болуды армандамаған солдат болмайды» деген баршаның құлағына қанық на­қыл болушы еді?! Әскердің не­гіз­гі құрамында жауынгерлік-сар­дар­лық барлық сатыдан өткен жа­йы­ңыз бар, көңіліңізде неге мен осы генералға жете алма­дым де­­ген өкініш, өкпе, неме­се бір то­сын ой-ұшқындары бол­май ма, кейде?..

– Өте жақсы, айналайын, ай­та­йын. Өзің айтқан әлгі әскери жолым менің құжатымда – жеке ісім­де жазулы тұр. Әскердегі 35 жыл­дың ішінде мен бірде-бір рет ес­керту алмаған екенмін. Есесіне ма­ра­паттаулар жетіп-артылады. Пол­ковник атанғанымның өзіне биыл 40 жыл толды. 1977 жылы КСРО Қорғаныс министрінің өзі мені Кеңес Армиясының туған күнімен құттықтады. Әскерде екінің бірін Қорғаныс министрі құттықтамайды. Кеңес Армиясы сол 1978 жылдың өзінде ағаңды аттестаттау кезінде генералдық қызметке ұсынған. Ондай төрт жылда бір рет офицердің атқарған қызметіне баға беретін аттестаттау үрдісі, қуанарлығы сол, біздің Армиямызға да енді келіп жетті.

Алматыдағы Конев атындағы жал­пы әскери жоғары училищеге Мәскеуден арнайы жіберілгенде 40 жаста едім. Болашақта осы оқу ор­ны­ның бастығы болады деген ба­ғыт­пен жіберілгенмін. Жарай­ды, әңгімені осы жерден доға­ра­йық... Қазақстанның бүгінде қан­ша­ма генералы бар, қаншама ми­нистрі­міз, Қарулы Күштердің бар­лық біл­гір­лері мені көргенде орын­дары­нан ұшып тұрып: «Сіз біз үшін мар­шал­мен теңсіз, Ким аға!» дейді. Сол атақ жетпей ме? Сол маған жеткілікті...

– Әңгімеңізге рахмет, Ким аға. Қарулы Күштеріміздің ширек ғасырлық мерейтойы құтты  болсын!

Әңгімелескен 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретті түсірген 

Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ