Жанболат ҮСЕНОВ,
Халықаралық қатынастар жөніндегі еуразиялық кеңестің директоры
Сириядағы қақтығысты тоқтатуға ниетті тараптар Астанаға осымен төртінші рет жиналып отыр. Елордадағы келіссөздердің маңыздылығы бүкіл әлемнің назарында. Алты жылға созылып, Таяу Шығыстағы ең ірі шиеленіске айналған Сириядағы қантөгіс өз шешімін табуы мүмкін деген де болжамдар айтылуда.
Әрине, бұл оңай мәселе емес. Қазақстанда жиналған өкілетті топтар соғысты бір күнде тоқтатады деп айтуға болмайды. Алайда, Астана процесінің маңызы зор. Елордамызда Сирия үкіметі мен қарулы оппозициясының өкілдері тұңғыш рет бір үстел басына отырды. Бір-біріне оқ атып келген олардың бір-бірімен сөйлесуінің өзі үлкен жетістік. Сирияда атысты тоқтатудың уақытша тетігі де Астанада талқыланғаны белгілі.
Қазақстандағы келіссөздерге Таяу Шығыста мүдделері бар Түркия, Ресей мен Иран тұрақты түрде қатысып отыр. Парсы шығанағындағы елдердің өкілі ретінде Иордания қатысты, Америка Құрама Штаттары да осы жолы өз өкілін жіберіп, Астана процесінің деңгейін жоғарылатып отыр. Келіссөздердің осы кезеңі біткеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Сириядағы жағдайды телефон арқылы талқыға салуды жоспарлап отыр.
Қазақстан Астана процесі мен бұған дейінгі Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздердің арқасында және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына қатысуының арқасында өзінің халықаралық брокер ретіндегі рөлін нығайтуда. Яғни, еліміз ірі мемлекеттердің саясатына ермей, өзінің халықаралық күн тәртібін ұсынып, әлемге өзіндік іс-қимылы бар өкілетті ел ретінде танытып отыр. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің нығаюына тікелей оң әсер етеді.
Санат КӨШКІМБАЕВ,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары
Сирия мәселелері бойынша Астана процестері Женева келіссөздері сынды халықаралық кездесулерді толықтырушы деуге болады. Өз алдына автономды ауқымды шара Сирия дағдарысына қатысты барлық мүдделі тараптардың басқа да келіссөздерімен бір арнада өтуде.
Елордаға Ресей, Иран, Түркия, Сирия оппозициясы мен үкіметінің делегациялары, БҰҰ-ның, алғаш рет АҚШ-тың өкілі келіп отыр. Бұл кездесудің өте биік деңгейін көрсетеді.
Ауқымды шараның мән-маңызы туралы айтқанда, бірінші кезекте, 2017 жылдың қаңтар айында елордада өткен халықаралық кездесуде Сирияның қаруланған оппозициясының өкілдері мен Сирия үкіметінің өкілдері алғаш рет бір үстел басына отырып, бір-бірімен жүзбе-жүз сөйлесіп, өзара мәмілеге келуге мүмкіндік алғанын ерекше атап өту керек. Астана форматындағы келіссөздердің негізі атысты тоқтату режіміне бағытталған, яғни бұл нақты алға қойылып отырған міндет. Сондай-ақ, осы міндеттің техникалық жағына келсек, атысты тоқтату режіміне мониторинг жасау, гуманитарлық көмектің жеткізілуі сынды жұмыстар бар. Бұл мәселелер Женева форматындағы саяси келіссөздерге ықпалын тигізеді. Астана процесінің табыстары Женева келіссөздерінің табысты болуының алғышарты деп санау керек.
Келіссөздер барысында Қазақстан өзінің бастапқы бейтарап ұстанымын сақтап қалды, біздің бітімгерлік миссияны көздейтініміз кездесуші тараптарға келіссөз алаңын ұсынуымыздан-ақ көрінді. Сол себепті, елордаға келген тараптардың барлығы біздің ұстанымымызға оң көзқараспен қарап отыр. Алты жылдан бері жалғасып жатқан Сирия дағдарысының түйінін табу өте қиын. Соғыс өрті бұл елдегі әрбір отбасын шарпыды. Астана келіссөздерге келген сириялық делегация құрамында да жақынынан айырылған адамдар бар. Осыған қарамастан, олар елордаға келіп, келіссөз үстелінің басынан табылып жатыр. Сол арқылы мәмілеге келуге ниетті екендіктерін көрсетуде. Демек, Астана процестерінің өзін Сирия мәселелерін шешудегі жетістік деп бағалау керек.