Алдымен айтарымыз, көптің көңілінен шығатындай тұшымды телехабарлардың аз болу себебі, тележурналистиканың қадірін түсіріп алдық. Өйткені, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мамандық иелері тележурналистиканы жаулап алды да, кәсіби мамандар шеттеп қалды. Тележурналистердің «нанын тартып алғандардың» сыртқы келбеті көрікті, бірақ басқа талаптарды былай қойғанда, олардың тележурналистиканың әліппесінен де хабары жоқ. Басым бөлігінің сөздік қоры шолақ, сөйлеу мәдениеті төмен. Ән шырқағанда асқақтаған дауысы бар шығар, бірақ, ол дауыс телесалаға келе ме, жоқ па? Оны ойламайды. Тележүргізушілердің дауысы құлаққа жағымды болуы тиіс. Көрерменді тартып, еліктіріп әкетуі керек. Мәнеріне қарап жатқан да ешкім жоқ. Ал тиісті білім алған журналистерге осы мәселелерге байланысты жеке-жеке сабақ өтеді. Студент кезден бастап машықтанады. Тәжірибе жинақтайды. Осының бәрінен өткен тележурналист ысылып, төселеді. Ал оның орнына фонограммамен ән шырқап жүрген әншіні әкеп қойсаңыз қалай болады? Сахнада ән шырқау мен телекамераның алдында хабар жүргізу екі бөлек дүние. Осындай себеп-салдарларға байланысты көбіне хабарлар сүреңсіз шығады, көрерменін тартпайды.
Ең сорақысы сол, олардың көбі не айтып тұрғанын өздері түсінбейді. Тележүргізуші сөйлемнің мағынасына, сөздің айтылуы мен астарына жете мән беруі тиіс. Дұрыс тыныс алу, дауыс ырғағы, екпін түсіру деген бар. Мұның бәріне болашақ тележурналистер оқу ордасының қабырғасында жаттығады. Ал, суфлердегі мәтінді судыратып оқып шыққан тележүргізуші не оқығанын өзі де, көрермен де түсінбегендіктен, оның ақпаратын қабылдай алмайды. Өйткені, көп телехабарларда жүргізуші мәтінді өзі жазбайды, оған дайын күйінде беріледі. Тіпті, дәл хабар басталар алдында қолына тиюі мүмкін. Дайындалуға да мұршасы болмайды. Кейде тікелей эфир кезінде тележүргізушілердің асып-сасып, абдырап қалатынының себебі де осы.
Онымен қоймай, экранға шыққан кезде «Пәленше Пәленшиев, журналист» деп титр беретінін қайтерсің? Телеарнаның басшылары осыған мән беруі керек. Өйткені, олардың журналистік мамандығы, дипломы жоқ. Сондықтан «журналист» деп жазуға құқы жоқ. Титрға жазғысы келіп бара жатса «тілші» деп жазсын.
Әншілердің жүргізген хабарларында жасандылық бірден байқа-
лады. Оны көзі ашық, көкірегі ояу көрермен бірден байқайды. Сондықтан тележурналистиканы осы саланың оқуын оқып, тоқуын тоқыған, қыр-сырын бес саусақтай білетін мамандардың өздеріне қайтару керек. Сонда ғана тележурналистика өркендеп, жақсы хабарлар көбейеді.
Отандық телеиндустрия Ресей телеарналарының көшірмесі болудан аулақ болғаны жөн. Әсіресе, шоу бағдарламаларды жасағанда айнытпай көшіріп ала қояды. Ол жоба ұлттық менталитетке келе ме, тәр-
биелік, тағылымдық мәні бар ма, оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Қырық-елу жастан асқан кәсіби тележүргізушілерді экраннан алас-
тату да дұрыс емес. Шетелдік телеарналардың басым бөлігінде таңертеңгілік және ақпараттық бағдарламаларын жүргізетіндер мен дайындайтындар – орта жастағылар. Өйткені, көзі жыпылықтаған жасанды тележүргізушілермен салыстырғанда, олардың ақпаратына көрермендер иланады, сенеді.
Телехабарлардың сапасын көтеру бәсекелестікке байланысты. Сондықтан, аутсорсингтік жұмыстарға жол ашу керек. Бәсекелестік бар жерде жақсы нәтиже болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.