Аймақтар • 04 Мамыр, 2017

Алматы апорты қайта гүлдейді

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аты аңызға айналған алманың атасы апорт бір кездері Алматының көркі еді. Бұл күнде дәмі емес түрі де есімізден шығуға шақ қалған әлем таныған Алматы апорты қайта жаңғыртылады дегенді естігенде төбеміз көкке жетті. Осы күнді асыға күткен Алматылықтар алып ұшып Іле Алатауын бетке алды.

Алматы апорты қайта гүлдейді

Бірнеше автобусқа мінген үлкен-кіші Алатау баурайына Алматы апортының жаңа сұрпын отырғызуға  асықты.  Игі бастаманы Алматылық кәсіпкерлер қолға алған. Инвестициялық жобаның жалпы құны 400 млн теңге. Іле Алатауы баурайындағы 17га аумаққа бастапқы уақытта 3 мың, кейіннен 10 мың жасыл желек отырғызылмақ. 17га аумақты 49 жылға жалға алған кәсіпкерлер, алманың жаңа сұрпын жандандырып, аталған бақтағы бұрыннан бар алма ағаштарын ерекше күтімге алып, қайта қалпына келтірмек.

«Отырғызылған көшеттерді жетілдіру үшін ешқандай химиялық қоспа қолданбаймыз. Яғни, ағаштар табиғи жолмен өсірілетін болады. Мал жайылымынан сақтау үшін бақ төңірегін шарбақпен қоршайтын боламыз. Нағыз апорт ағашының қалыптасуына құнарлы топырақ пен ерекше күтім қажет» дейді аграном Самир Исмаилханов. 

Мамандар егілген жаңа сұрыпты көшеттер тек 9 жылдан кейін жеміс бере бастайтынын айтады. Дәмі тіл үйіретін, көлемі қауындай Алматының әлемге әйгілі әсем апортымен қайта қауышатын күнде алыс емес деп үміттенейік.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ                                                                             

Соңғы жаңалықтар