05 Мамыр, 2017

Шәкәрімнің қолына су құйған

230 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Аймұхамет Мансұров туралы бір үзік сыр

Шәкәрімнің қолына су құйған

Әдетте, облысқа жаңа басшы келгенде былайғы жұрттың елеңдеп, түп-тамырын түгендей бас­тайтыны бар емес пе, 2003 жылдың желтоқсан айында Прези­денттің Жарлығымен Тайыр Мансұров Солтүстік Қа­зақ­стан облысына әкім болып тағайын­далғанда да, «Қайда туған?», «Қан­дай қызмет істе­ген?» деген сияқты сауалдар біраз әңгімеге арқау бол­ған. Өз басым сол кезде жаңа әкім­нен гөрі оның әкесі – Аймұхамет Көпежанұлын білетіндердің көп болып шыққанына таңғалған едім. Басшылар ат алмас­тырып жатқанда іссапармен өңі­рімізге келген белгілі жазушы Дүкенбай Досжан: «Жаңа басшыға жарыдыңдар. Бұл жай адам емес, тегі мықты азамат. Әкесі Аймұхамет Көпежанұлын жақсы білемін. Жетісу өңірінде отыз жылдай аудан басқарған, өзі де, сөзі де ірі кісі еді. Дестелеп сөйлеп кеткен кезде аузымен құс алатындай шешен болатын. Ол өз ұлтын жүрек төрінен орын бере отырып жақсы көрді, іске жарайтын адамдарды демеп, атын оздырып жіберуге күш салды, алдына көмек сұрап кім келсе де «жоқ» демей, жыртығына – жамау болып жүргенін талай мәрте көрдім» – деп үмітімізге құрық жалғағандай болған. Астанада тұратын тонның ішкі бауындай араласып кеткен досым журналист-жазушы Жанат Елшібек те осы ойды діттей түскен. «Аймұхамет Көпежанұлы керемет кісі еді ғой, зейнет демалысына шығып, Казақстан Компартиясы орталық комитетінің баспасында қызмет істеген жылдары редакцияға жиі келетін. Ескі сөздерді көп білетін, сол кездердің өзінде Мағжанның, Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа айтып отыратын», – деген ол.
Қаламгерлердің айтқандары айна-қатесіз келді. Облысымыздың жаңа басшысы алдынан жұмыс үркетін, әрдайым сөзі мен ісі үйле­сіп жататын, талабы өте күшті, ұстанымы мықты, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы болып шықты. Ол алғашқы күн­нен өзіне Мемлекет басшысы көрсеткен сенімді ақтауға құл­шына кірісіп, төрт жылдың ішінде талай мәселенің түйінін тар­қатты. Солардың кейбіріне тоқ­талсақ, Тайыр Аймұхаметұлы жа­былудың аз-ақ алдында тұрған облыстық тарихи-өлкетану мұра­жайын толықтай қалпына келтірді, мемлекеттік тілдің мәр­тебесін өсіру мақсатында қазақ тілі пәні мұғалімдерінің еңбекақысын бірден елу пайызға өсірді, тұңғыш қалалық қазақ газетін, «Мағжан» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналын шығаруға ұйытқы болды. Жұрт әлдеқашан «сақалды құрылыстардың» қатарына жатқызып қойған, көзге шыққан сүйелдей болған Қызылжар ор­талық мешіті мен православие шіркеуін бір күнде іске қосты, ұлы Абай мен А.Пушкинге ескерткіш қойды... Тайыр Аймұхаметұлы талай жылдардан бері жыры таусылмай келе жатқан Абылайдың ақ үйін қалпына келтіріп, ұлы ханды Қызылжардың төріне қондырып кетті. Сөйтіп, туған еліне адал қызмет етіп, халқының мақтанышына айналған, екі Ленин, Октябрь революциясы, Ұлы Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз», екі «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдар­мен мара­патталған, 1955 жыл­дан 1963 жылға дейін IV-V шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат, Қазақстан Компартиясы V-XIII съездеріне, 1961 жылы КОКП ХХІІ съезіне деле­гат болып сайланған өз заманының озық ойлы азаматы – әкесі Аймұхамет Көпежанұлы Мансұровтың даң­қын одан әрі асқақтатты.
Мені, әсіресе, әріптестерімнің «Аймұхамет Көпежанұлы сөзге шешен, көп оқыған, Кеңес заманында есімдері ауызға мүлде алынбаған Мағжан, Шәкәрімдердің жырларын жатқа айтушы еді» деген сөздері қатты қызықтырған. Бақ­сам, оның жұмбағы Айекеңнің өз естеліктерінде жатыр екен. «Төс­кейдің сай-саласы, бие бауы, қой өрісі – барлығы да соншалық таныс, жақын... Сонда тайға шап­қан, асық ойнаған құрбы балалары­мен жаяу жарыс жасап, асыр салған ыстық қоныс. Жазықсыз сары биік, көкшіл қоныс, ақ көделі әде­мі өлке... Үзілмей, қатаймай, бір қа­лыппен желпіп соққан әдемі салқын қоңыр жел қандай рахат. Осы желмен құлпыра, толқып, су бетіндей жыбыр қағып шалқып жатқан ал күрең көде мен селеу далалары... дала емес – теңіздейі қандай!» Мен қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов осылай суреттеген өңірде дүниеге келіппін. Қазір ол Абай ауданы деп аталады. Семей облысының батыс бөлігінде орналасқан бұл аудан­ның табиғаты керемет сұлу. Ауданның батысы мен солтүстігі ұсақ шоқылы, ал шы­ғыс жағы жазыққа ұласады. Оңтүстік жа­ғын Шыңғыс тауы алып жатыр. Шыңғыс тауының ең биік жотасы – Ақбайтал. Сол кездері төбесімен көк тіреп тұрғандай көрі­нетін Хан, Қарашоқы, Қара­жартас, Архат, Орда, До­ғалаң – бәрі күні бүгінгідей көз ал­дымда» деп жазған екен Аймұ­хамет Көпежанұлы өзінің «Өмір өт­келдері» деп аталатын есте­лігінде. 
1917 жылдың бесінші мамырында дүниеге келіп, өте күрделі, қиын да қызықты өмір сүрген, өз за­манының қара нары бола білген Аймұхамет Мансұровтың жеңісті жолы әлемге Абайдай ақыл-ойдың алыбын сыйлаған қасиетті топырақтан басталыпты. Балалық шағын Ащысу өзенінің үлкен Шаған өзеніне құятын тұ­сында өткізген ол 1928 жылы мек­теп табалдырығын аттап, үшін­ші сыныпты тәмамдағаннан кейін бір жыл ұжымшарда хатшы болып істейді. Бала кезінен зерек Айекең кейін оқуын Семей қаласындағы жетіжылдық мек­тепте жалғастырады. Мектеп­тен кейін Семейдегі Абай атын­дағы мұғалімдер даярлайтын техни­кумға түседі. Өткен ғасыр­дың басын­да аталмыш оқу орнында Әбді­кей Зейінұлы Сәтбаев (Қаныш Сәтбаевтың ағасы), Мұхтар Әуезов қызмет істеп, сабақ бергені тарихтан белгілі. Осындай ортаның шарапаты шығар, ол аяқ-қолы жерге тимей тез өседі. 1938 жылдың мамырында диплом алысымен облыстық оқу бөлімі оны жолдамамен Абыралы ауданының Ұзынбұлақ орталау мектебіне жібереді. Мұнда тарих пәнінен сабақ берген жас маман арада бес-алты ай өткеннен кейін, желтоқсанның аяқ шенінде аудандық оқу бөлімінің мектеп инс­пекторы қызметіне жоғарылайды. Осы қызметтен іле Қайнар орта мектебіне ауысып, жоғарғы сыныптарға тарих пәнінен сабақ береді, мектеп директоры қызметін қоса атқарады. Сол мектепті басқарып жүрген кезінде соғыс өрті тұта­нып, ол мектеп бітірген бозбалалармен бірге майданға аттанады. Ленинград майданындағы 43-ші Армияға қарайтын 4-ші гвардиялық әуе-десант диви­зиясының 12-ші полкінің құра­мында жаумен шайқасқан Ай­мұхамет Мансұров Старая Русса маңында болған кескілескен ұрыс кезінде ауыр жарақаттанып, ес-түссіз Ярославль қаласындағы гос­питальға жеткізіледі. Тіпті, коман­дирлері оны өлдіге санап, анасына «қара қағаз» жіберіп те қояды. Содан комиссия ұзақ емделіп, сырқатынан айыға бастаған «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Ай­мұ­хамет Мансұровты 1943 жыл­дың маусым айында әскери қыз­метке жарамсыз деп елге қайтарады. 
Абыралыға оралғаннан кейін елдегі жағдайдың да мәз емес екенін байқаған жас жігіт бірден қызметке орналасуға ұйғарады. Өзін жақсы танитын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рахмет Жотабаев: «Соғыста саяси жұмыста біраз тәжірибе жи­нақтаған көрінесің, партиялық қызметке барғаның дұрыс болар» – деп ақыл қосады. Осы әңгіме­ден кейін ол аудандық партия коми­теті үгіт-насихат бөлімінің мең­герушісі қызметіне кіріседі. Осылай Айекеңнің Абыралыда бас­талған партиялық қызметі Же­тісу өңірінде жалғасып, ол ұзақ жыл­дар бойы Сарқант, Ақсу, Панфилов, Іле, Жамбыл аудандық партия комитеттерін басқарады. 
Аймұхамет Көпежанұлын осындай биіктерге жетеле­ген қандай күш еді дегенге келсек, замандастары, ол кісімен араласқан, қызметтес болғандардың барлығы оның алдымен қажымас қайрат иесі болғанын, қандай қызмет жүктелсе де терең білім мен іскер­лік танытқанын баса айтады. Ол өзі басқарған аудандардың бүкіл экономикалық, шаруашылық мәсе­лелерін, халықтың тұрмыс-тіршілігін ұдайы назарда ұстап, тұрғындарды еселі еңбекке жұ­мылдыра білді. Төгілген тер зая кеткен жоқ. Соның бір мысалы ол Қазақстан Отан қамбасына тұңғыш рет миллиард пұт астық құйған 1957 жылы бір топ өндіріс озат­тарымен бірге Кеңестер ода­ғының ең жоғары наградасы Ленин орденімен марапатталды және оны Республикаға Ленин орденін тапсыруға арнайы келген Климент Ефремович Воро­шиловтың өз қолынан алды.
Аймұхамет Көпежанұлы қай жерде жұмыс істемесін, мәдениет пен білімге көп көңіл бөлді. Жамбыл ауданын басқарған жылдары заман талабына сай аудандық кітапхана салдырғанын көз көргендердің ұмыта қоймағаны анық. Ол кісінің осындай ізгі қасиеттерін замандастары жоғары бағалады. «Жан-жақты білімді Айкең өте ізденімпаз болатын, көп оқи­тын, әсіресе, экономика, әдебиет, тарих, мәдениет салала­рындағы терең де зерделі таңғаларлық білімі ол кісінің кең пішілген бітімін одан әрі байытып тұратын. Бүгінгі біздің экономикамыз түбірімен өзгеріп, нарық жолына шыққан кезде, мен кейде ойлаймын, Айекеңдер бүгінгі өмірдің көшін бастар еді деп. Ол кісі кімде-кім озық технологияны бұрын қолданады сол жеңетінін сол кездің өзінде жақсы түсінген», – деп жазыпты белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ұзақ жылдар бойы Аймұхамет Көпежанұлымен қызметтес болған Асанбай Асқаров. 
2007 жылдың қыркүйек айында солтүстікқазақстандықтар тоқсанның төріне шыққан көр­некті мемлекет және қоғам қай­рат­кері Бәйкен Әшімовті қарсы алды. Облыстық әкімдікте бол­ған қабылдауда абыз ақсақал әңгімені әріден бастап, алдымен сол кездегі облыс әкімі Тайыр Мансұровтың әкесі жайлы сөз сабақтады. «Айекең шын мәнінде мемлекет адамы ретінде жоғары мәдениетімен ерекшеленетін. Сондықтан да ол өмір бойы оқудан жалықпады. Білуге деген құштарлық қарбалас та жарқын өмірде оған шексіз күш-қуат берді. Ұйымдастырушылық қа­білеті, ғажайып ой-өрісі, бола­шақты көре білуі, нәтижеге жете білуі, болжампаздығы оны қызметтің небір биік бас­пал­дақтарына көтерді, көр­некті тұлғаға айналдыр­ды. Ай­мұхамет Ман­сұров рес­пуб­ликад­ағы ең әйгілі және құрметті аудандық коми­теттің бірінші хатшыларының бірі еді» – деген ол. 
Алаштың аяулы ұлдарының бірі Аймұхамет Көпежанұлы әркез руханиятқа іш бұрып тұрған­дығынан да шығар, елдің алдында жүрген айтулы тұлғалармен көп араласты. Солардың бірі атақты ғалым Манаш Қозыбаев та Айекең туралы жақсы сөз қалдырған екен. «Айекең мен білген тұста ел ағасы, халық данасы болатын. Бүгінгі егемендік ерлері сол Айекеңнің «шинелінен» шыққандар. Айекең жасы үлкендігіне қарамай інің­дей елпілдеп тұратын. Аға­ның тазалығы, имандылық, адам­гершілігі, парасаттылығы ересен еді-ау! Айекең өте шұғыл істің адамы болатын, өте ұшқыр жан-ды, опырып, жапырып бойындағы барын қоғамға молынан бергісі келіп тұратын. Қуанса шын көңілмен қуанатын, ренжісе бар жан дүниесімен күйзелетін», – деп ой түйіпті атақты ғалым.
Өте бір құнды ақпаратты мен Аймұхамет Көпежанұлының шәкірті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Төлтай Бала­қае­втың ұстазы туралы толға­нысынан кездестірдім. «Айекең, кейде дастарқан басында еркін отырған кезде айтқан әңгімелерінің бірінде бірде ауылға келіп, қонақ болған Шәкәрім қажының қолына құманмен қалай су құйып, батасын алғанын айтқаны әлі есімде. «Ол кезде мен 9 жастағы бала едім дейтін», – марқұм. Бұл мөлшермен 1926 жылдардың шамасы, ал Шәкәрім қажының 70-ке тақап, егде тартқан кезі еді», деп жазып­ты ол. 
Болашақты болжай білетін азамат қызметтің қарбаласымен жүріп отбасын, балаларын назардан тыс қалдырған жоқ. Өмірлік серігі Мәкен Тұрсынбекқызы екеуі балаларына жан-жақты білім, терең тәрбие беруге тырысты. Олардың еңбегі жанды, үміттері ақталды. Үлкен ұлдары Зұлхайыр Мансұров Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университет) химия факультетін бітіріп, ұзақ жылдар бойы осы шаңырақта бірінші проректор болып қызмет атқарды. Ол химия ғылымдарының докторы, профессор, Мәскеудегі жо­ғар­ғы мектептің Халықаралық академиясының академигі, құн­ды ғылыми еңбектерімен бірге көптеген шәкірттер тәрбие­леген республикадағы химия ғылымының көрнекті өкілде­рінің бірі. Қазір ол ұлттық универ­ситеттің жанындағы Жану проблемалары институтының директоры. Сол сияқты Тайыр Мансұров та ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасының Ресей Федера­циясындағы Өкілетті және тө­тенше елшісі қызметін абыроймен атқарды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі ретінде де ұлан-ғайыр істер тындырып, халықтың құрметіне бөленді. Ол да ғылым докторы, көптеген ғылыми еңбек­тердің авторы. Осындай аға­ларынан үлгі-өнеге алып өскен басқа бала­лардың да өмірде бағындырған шыңдары биік. Айе­кеңнің ұрпағы Мансұровтар әулетінің ғана емес, жас тәуелсіз мемлекет құрып, әлем­дік өркениет даңғылына бет алған қазақ елінің де мақтанышы десек артық айтқандық болмайды. 
1961-1985 жылдары Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған Социалистік Еңбек Ері Василий Ливенцов өзімен бірге қызмет істеген досы туралы: «Меніңше, ол менің тұстастарым арасындағы өз еңбек жолына соғыс алдындағы жылдары белсенділікпен бастаған, Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан өткен ауыр және бақытты 1950-1980 жылдарда мақсаткерлікпен еңбек еткендердің арасындағы ең белсенді де жарқын жандардың бірі болды. Аймұхамет Көпежанұлы табиғатынан басшылық және ұйымдастырушылық қабілетімен, талантымен ерекшеленген адам болды. Сонымен қатар, ол танымы кең, білімділігімен танылған тұлға еді. Ол бүкіл қоғамға пайда әкелетін әлеуметтік маңызы бар мәселелердің шешім табуға күш сала білген, ірі ауқымдағы басшы ретінде танылған. Мен Аймұхамет Көпежанұлымен бұдан 55 жыл бұрын Талдықорған облысында бірге жұмыс істеп жүргенімде танысқанмын. Екеуміз Талды­қорған, Алматы облыстарында бірге қызмет еткен жылдары, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жүргенде де, кейін зейнеткерлікке шыққаннан кейін де тығыз байланыста болдық. 
Аймұхамет Көпежанұлы Отанға шексіз қызмет етудің тағы­лымына ие болатын бүгінгі ұрпаққа зор өнегесі бар белсенді, қар­баласқа толы әдемі де жа­рық өмір кешті. Дәл осындай адамдардың арқасында ғана дүние көркем, осындай жандар ғана әлемді ұстап тұра алады деп айтылатын қағида Аймұхамет Көпе­жанұлына арналғандай» деп жаз­ған екен, бұған не қосуға болады. 
«Өткенді білу – өскеннің белгісі, өткенді ұмыту – өшкеннің белгісі» – деп халқымыз бекерге айтпаған ғой, ұлттық рухани өмірімізде арқа тірейтін тұғыр­ларымызды іздей бастағанда сан қырлы тау тұл­ғаларымызды алдымен атау­ымыз керек. Солардың бірі – туғанына 100 жыл толып отырған Аймұхамет Көпежанұлы Мансұров. Ол кісінің тағылымы мол өмірі мен қызметі егемен елдің жас құрақтай желкілдеген өрендері үшін таптырмас қазына. 
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Соңғы жаңалықтар