Медицина • 05 Мамыр, 2017

Жаңғыру ұлттық кодты сақтаудан басталады

174 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ой түбінде жатқан сөз толқығанда шығады. Осыдан сәл аз уақыт бұрын Елбасы «Ұлы Дала ұлағаттары» деген мақаласында туған жер, ана тілі жайлы толғанып, оның өткеніне тоқталып, болашағын бағамдағаны белгілі. Оқып, сүйсінген едік. Өкінішке қарай, ондағы орамды ойлар мен терең толғаныстарды қалың жұртшылыққа жеткізіп, елдің рухын көтеріп, рухани болмысын жаңғыртуға келгенде еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» болмаса, басқа бұқаралық ақпарат құралдары бір-екі хабармен шектеледі. Өкінішті...

Жаңғыру ұлттық кодты сақтаудан басталады

Енді, міне, Елбасының «Егемен Қазақстан» газетіне, одан кейін жапа­та­рмағай жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ла­сы шығып, ойды қозғады.
Шын мәнісінде, бұл мақала бізде ұлттық идеология жоқ деп өздерінше популизмге бой алдырған адамдарға бұлт арасынан жарып шыққан найза­ғай­дай әсер етті.
Мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» туралы І бөлімінде «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» деп тұжырымдаған Елбасымыз: «Жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең бас­ты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніміздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп ашығын айтады.
«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихы тәжірбие мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу» деп ұлттық кодты сақтаудың да жолын көрсетеді мақала авторы, және де: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бас­тайды», деп те ескертеді әрі.
«Ұлттық кодты – ұлт жадынамасы» деп сипаттаған Елбасының тұжырымы бізге де ой салады. Қазақтың бірігу, ұйы­су тарихында ұлттық кодын жою­дың небір қитұрқы әркеттері жасалынды. Кезіндегі қытай-моңғол шапқын­шы­лы­ғына төтеп берген ұлтымыз кейін­гі патшалық Ресей мен кеңестік дәуір­де ұлттық жадынан ажырай жаз­дады. Мысалы, патшалық Ресей біз­дің тарихымызды жоққа шығарып, «бұратана» санаса, Кеңес өкіметі «түрі социалистік, мазмұны ұлттық» деген желеумен мыңдаған жыл бойы қалыптасқан салт-дәстүріміз бен ұлтт­ық құндылықтарымыздың түбі­не жетпекші болды. «Халықтар лабо­ра­ториясы» деп еліміздің шеттен не­бір ұлт пен ұлысты күштеп көшіріп әке­ліп, ұлтымызды, ділімізді, дінімізді тілі­міз­ді жойып жіберуге шақ қалған жоқ па?
Рас, Тәңірі сыйлаған Тәуелсіздік тұтас халықтың есін жиғызып, санасына – ұлттық кодтың жадын енгізді. Алайда, көпвекторлы саясатты әсіре пайдалану – ұлттық кодты сақтауда тағы қауіп төндірді. Батысқа ессіз еліктеушілік, теледидардағы мағынасыз сериалдар, ұлттық салт-дәстүрлерді мансұқтау біздің сана-сезімімізге сел­кеу түсіре бастағанын мойындау қажет. Ересектер кітап оқымай, интер­нетке телміретінді шығарды. Адам­ды азғыратын әлеуметтік желілерге жасөспірімдер елігетін болды. Зорлық-зомбылыққа, ұятсыздыққа бейімдейтін шетелдің телесериалдары ой-сананы өз­герту үстінде. Оған қарсы отандық пара­сатты фильмдер некен-саяқ. Теле­дидар әншілердің ермегіне айналды. Шын қаһармандар экранның сыртында қалды.
Бұдан шығатын жол қалай? Елба­сы «Туған жер» бағдарламасынан бөлек «Қазақстанның қасиетті руха­ни құн­ды­лықтары» жобасын жедел жасап шы­ғаруды тапсырып, жат идео­­ло­­гия­ларға «ұлттық құн­ды­лық­та­ры­­мыз арқылы ғана төтеп береміз» деп төте жолды нұсқайды. Және де «Жа­һан­дағы заманауи қазақстандық мәде­ниетті қалыптастырудың жобасын» жасауды тапсырды. Ақырында әлем «Қазақ­станды қара алтынымен емес, мәде­ниеті бәсекеге қабілетті ел және сол мәдени жетістігімізбен тануы тиіс», дейді.
Күні кеше ғана халық әні «Дай­дидаумен» әлемді мойындатқан Димаш Құдайберген арқылы әлем қазақ мәде­ниетін таныды. Менің пікірімше, мә­де­­ни-рухани жаңғыртудың басында Өзбекәлі Жәнібеков, Ілияс Омаров сияқты сұңғыла мемлекеттік көш­басшылар тұруы керек.
Қараңызшы, күні кеше ғана экранға жол тартқан Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ елі» көп сериялы фильмі жұрт­шы­лықтың ілтипатына ие болды емес пе? Соған қарағанда, қазақ мәдениетін шырқау шегіне шығаратын тұл­ғалар­ды шеттен іздемей, өз әлеуе­тімізді пай­даланған орынды.
Осының барлығы, сайып келгенде, ұлттық кодты сақтап, жаңғыртуды жеделдетуге септігін тигізері хақ. Сонда ғана біз: «Біртұтас Ұлт болу үшін бола­шаққа нық қадам басатын бола­мыз». Сол арқылы – әлемдегі ең дамы­ған 30 елдің қатарына қосыларымыз анық. 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Республикалық «Асыл мұра» журналының бас редакторы
Жамбыл облысы, 
Талас ауданы

 

Соңғы жаңалықтар