Отырыста алғашқы болып «Астана» халықаралық қаржы орталығы басқарушысы Қайрат Келімбетов, Қазақстан Республикасының Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов және Англия мен Уэльстің экс Бас жоғарғы судьясы Лорд Гарри Кеннет Вульф сөз сөйледі. Жиналысқа аталған кеңестің құрамына кіретін Ұлыбританияның беделді заң фирмалары қатысты.
Кеңес міндетіне Қаржы орталығының жобаларындағы актілерді қарау және сараптау, сондай-ақ өзге де кеңес беру қызметтері жатады. Сонымен қатар, Кеңес құзіретіне Англия мен Уэльстің құқықтық қағидаларын негізге ала отырып, құқықтық базаны қалыптастыру және әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының стандарттарымен жұмыс істеу кіреді.
АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Кеңестің құрамына Англия мен Уэльстің құқықтық құзіреті жүретін елдерде тәжірибиесі бар сарапшылар кірген. Олар болашақта Қаржы Орталығының актілерін әзірлеу мен оның қызметіне көп көмегін тигізбек.
Ол сондай-ақ, Құқықтық консультациялық кеңестің жұмысына Baker McKenzie, Devonshires, Hogan Lovells, Michelmores, Norton Rose Fulbright, and White & Case секілді әлемнің белді компаниялары да тартылып отырғанын мәлімдеді.