08 Маусым, 2011

Біз – патриоттар планетасынанбыз!

661 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

 

4 маусымда Қостанай қаласында Қазақстан патриоттарының «Ме­нің Қазақ­ста­ным!» атты рес­пуб­ли­ка­лық форумы болып өткені белгілі. Рәміздер күніне орай осымен төр­тін­ші рет ұйымдастырылған шара ел Тәуел­сіз­дігі­нің 20 жылдық мерей­той­ы­­мен де тұспа-тұс келді. Біз Патриоттар форумына жи­нал­ған қауымнан, жергілікті тұр­ғын­дар­дан әрбір ел азаматының бой­ы­нан табы­луы тиіс осы сезімді қалай тү­сі­не­тін­дерін және патриотизмге қа­тыс­ты ой-пікір, пайымдарын білу мақ­сатында сауалдар қойған болатынбыз. * * * ОТАНСҮЙГІШТІК СЕЗІМ ҰРПАҚТАН  ҰРПАҚҚА БЕРІЛЕДІ дейді Қазақстанның Еңбек Ері Сайран БҰҚАНОВ – Сайран аға, Қазақстан Патриоттарының форумы­нан не түйдіңіз? – Бұл жастардың тәрбиесі үшін жасалып жатқан шара ғой. Жастың жанын желпінтетін мұндай шаралар керек. Қазір бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегіге қарағанда патриотизм күшті ме деп ойлап отырдым. Өйткені, біз ол кезде халықтығымыздың, елдігі­міз­дің, тіпті мемлекеттігі­міз­дің басты белгісі тілді керек етпедік қой. Сонда ол қандай патриотизм еді? Мен өзім орыс мектебінде оқыдым, сту­дент кезімде орыс тілінде сөйлейтінмін. Қазақ тілінде сөйлемедік. Содан Тәуелсізді­гі­міз келген соң ана тілін үй­ре­нуім керек деп мақсат қой­дым. Қазір қазақшам, құдайға шүкір, бір кісідей, газет те оқи беремін. Немерелерімнің барлығы қазақ мектебінде оқи­­ды, шетінен оқу үздігі. Фо­­румнан түйгенім – патриотизмді жас ұрпақтың бой­ын­да тәрбиелеу керек. Ол идеология дәрежесінде болуы тиіс. – Тәуелсіздік сізге не берді? – Маған бәрін де берді. Тіліміз, дініміз, сосын еркіндігіміз қайтып келді. Мен өмір бойы ауыл шаруашылығында жүрмін. Тәуелсіздік келместен бұрын мен маман ретінде жұмыс істей алмадым. Парторг келіп былай істе, аудан­дық партия комитетінің хат­шы­сы келіп олай істе дейтін. Қа­зір шаруашылықты еркін жүргіземіз, өз ойымды жүзеге асырамын. Міне, қазір жаңа технологиямен өсіреміз би­дай­ды. Мысалы, бұрын был­тыр­ғыдай қуаңшылықта ди­қан­дар қырманы бос қалатын. Ал өткен жылы біз гекта­ры­нан 8 центнерден алдық. Елім­нің Ері атанып жатыр­мын. Бұл маған мақтаныш. – Ауылдағы жастардың отыншылдық сезімі туралы не айтар едіңіз? – Менің қолымда 250 адам жұмыс істейді, соның 30 пай­ызы 30-ға жетпеген жастар. Ауылда өскен баланың алды­мен ауылға жаны ашып тұ­ра­ды. Мен мұны олардың патриотизмі, отаншылдығы деп бағалаймын. Биыл маған оқу бітіріп 4 жас маман келді. Олар­ға қолдан келгенше жағ­дай жасаймыз. Жас кезімізде бізді ақсақалдар, ақ жау­лық­ты аналар тәрбиеледі, жалпы ұлтына қарамай, үлкен кісі­лер­дің ақылын алып өстік. Осы көрініс қазір жетің­кі­ре­мейді. Патриотизм атадан ба­ла­ға, ұрпақтан ұрпаққа берілуі керек. Аға ұрпақ өкілдері балаға өздерінің өмір жолда­рын, дәстүрді, тілді, барлы­ғын айтып, үлгі болып отыру­лары керек. Әркім сонда отаншылдыққа үлес қосады. Осы жерде айта кетейін дегенім, мен жыл сайын со­ғым кезінде өзім бастап со­ғым соямын. Ауылдың ақса­қал­­дарын, жастарды шақыра­мыз. Ауылдастарға да шақы­рысыңдар, араласыңдар деймін. Дастарқан басында та­ным­дық, тәрбиелік әңгімелер айтылады. Патриотизмді сап­қа қойып үйретпейді, осылай халқымыздың салтымен, дәстүрімен берілуі керек. Бәрі де шынайы болғаны дұрыс. – Рахмет. Жаңбыр көп болсын, егініңіз бітік өссін.

* * *

БІЗДІҢ ХАЛЫҚ НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН дейді белгілі ақын, сазгер, қайраткер Әкім ЫСҚАҚ – Әкім Әбдіхайымұлы, сізге патриотизм туралы сұрақ қоюдың өзі ың­ғай­сыз сияқты. Өйткені жұрт­тың көз алдындағы сіздің бар ісіңіз патриотизм. Осы ойыммен келісесіз бе? – Келісейін. Қосарым, біздің халқымыз намыстан жаралған. Патриотизм дегеніміз – өзіңді өзің бағалау, адам ретінде бағалау. – Форумда сіздің «Көк тудың желбірегені» атты әніңіз шырқалды. Әнге де, әншіге де риза болдық. Ән­нің шығу тарихын білгіміз келіп тұратын әдетіміз ғой. – Әннің шығу тарихынан бұрын оның сахнада әр орындалуы бір тарих болып келе жатыр. Осы форумда да уақыт жетпейді деп тізімнен алып тастапты. Форумға келсем, сонау Аралдан шақыр­тып алған әнші Нұрболат Сейтмұратов ренжіп, қонақ үйге барып жатып қалыпты. Патриоттар форумында, Мем­лекеттік рәміздер күні аталып өтіп жатқанда Көк туымыз туралы ән айтыл­маса қандай ән айтылуы керек? Форум жүріп жатқанда оны тізімге қайта қостырып, қонақ үйден әншіні алып келіп, айтқыздық. Мен жазған «Халықтың көші-қоны тура­лы» Заң 1997 жылы қабыл­дан­ғанда қасымдағы көмек­ші оралман ағайындар көзіне жас алып қарсы алды. Сонда ақын Алмас Ахметбекұлы маған арнап «Көк тудың желбірегені» атты өлең жазды. Енді 2011 жылы Тәуелсіз­дігімізге он жыл, ал досым болып кеткен Алмас 40-қа толды. Мен Алмасқа сый­лық ретінде осы өлеңге ән жаз­дым. Алғаш Мұрат Өтем­баев орындады. Ән Мемлекеттік рәміздер тура­лы шығармалар байқауында лауреат атанды. – «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды қазақ тілінде жазып шықтыңыз. Әзірге мемлекеттік тілде жа­зылған жалғыз заң. Оны неге сіз жаздыңыз, намыс­тың ісі ме? – Мен ол кезде Парламент депутаты едім, бірақ қазақ тілінде заң жазып шы­ғамын деген ойым болған емес. Мен мүшесі болған комитеттің төрағасы Өмірбек Жолдасбеков осы заңды маған берді. Заңды оқып шық­қаннан кейінгісі намыс­тың ісі болды. Менің намы­сымды қоздырған заңдағы «Қазақстан Республикасына сырттан көшіп келген азаматтар жергілікті бюджеттен, ал Қазақстаннан сыртқа кө­шіп кететіндер республика­лық бюджеттен қаржылан­ды­рылады» деген жолдар бол­ды. Сонда 90-шы жыл­дардың ішінде сырттан келіп жатқандар кімдер, сыртқа көшіп жатқандар кімдер еді? – Форумға бірінші рет келген екенсіз. Қандай ой түйдіңіз? – Керек дүние екен. Мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау, құрметтеу арқылы жастардың бойында ұлтжан­дылық мінез қалыптастыру керек деп ойлаймын. Бірақ мұны тек ұрандатқаннан гөрі тереңдетіп, өзге шаралар қосып өткізген дұрыс деп ойлаймын келешекте. – Рахмет. Ойыңыз іске айналсын деп тілейміз.   * * * ПАТРИОТИЗМДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНДІРЕСІЗ? Шота Уәлиханов, Қазақстан Мемлекеттік  Елтаңба авторы: – Адам ең алдымен өз халқының тарихын білмей патриотпын деп айта алмайды.  Біз бос­тандығын алған елміз. Осы бостандық оңай­лық­пен келген жоқ. Еліміздің еркіндігі, тәуелсіздігі жо­лына талайлар өмірін арнады,  талайлар құр­бан да болды. Олар – Ахмет Байтұрсынов, Мір­жа­қып Дулатов... Міне, осылайша болып жал­ғаса береді. Тіпті еліміздің  тәуелсіздігі үшін кү­ресті  олардың  Алаш арыстарының уақыты­нан емес, ту сонау арғы ғасырлардан бастаймыз. Қа­зір со­лар­дың айтқан ойлары, идеялары жүзеге асып жа­тыр. Олар қазақ халқының келешегін өте мық­ты ойлаған. Олардың ортамызға қайтып оралуын мен бақыт санаймын. Соның барлығын да жастар білуі керек. Адам білмесе, ештеңенің де қадіріне жетпейді. Патриотизмді, қазақстан­дық патриотизмді мен осы тұрғыдан түсіндірер едім. Патриотизм деген сөз – Отаныңды, хал­қыңды сүю деген сөз. Оны ұран, жай айқай етуден аулақ болу керек. Елдің тәуелсіздігін, оның мән-маңызын мектептен бастап бала­ның санасына  құю керек. Патрио­тизм құр  әдемі сөз емес. Бүгінгі форум осыны жақсы түсіндіріп жатыр деп  білемін. * * * ФОРУМНАН КЕЙІНГІ СҰХБАТ Қостанайда Патриоттар форумы өтті дүрілдеп. Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Той да болды, санада ой да қалған секілді. Ал «Қазақстанның Мемлекеттік рәміз­де­рін қостанайлықтар қалай біледі екен?» деген оймен Қостанайдың суын ішіп, ауасын жұтып отырған жұрттың ішінен әр ұрпақ өкілдерімен тілдескенді дұрыс көрдік. Дәл орталықтағы көшенің шетінде өзінің жеке бақша­сында өсірген шалқанын сатып тұратын Леонид атты қарияға жақындадық. – Леонид атай, сіз қос­танайлықсыз ба? – Әрине, қостанайлық­пын. Мен түгілі әкем Қос­танайда туған. – Жасыңыз нешеде? – 76-да. – Қазақстан Гимнін білесіз бе? – Білмеймін, әрқашан есітемін. Бірақ әуені есімде қал­майды. Леонид атайдан кейін Бә­тима есімді апайды жолық­тырдық. Жасы 60-тан асып бара жатыр екен. – Апай, Қазақстан Гимнін білесіз бе? – Жоқ, білмеймін. Мән берген емеспін. Келесі жолықтырғанымыз Қостанай қаласының Виталий және Серік есімді аза­мат­тары болды. Виталий 56 жаста, Серік қырықтың алтауына шығыпты. – Қазақстан Гимнін білесіздер ме? – Мен әуенін білемін. Сө­зін білмеймін, – деп жауап берді Виталий. – Мен сөзін шала білемін. Мән берсем, қазір-ақ жаттап алуға болады ғой, – деді Серік. Өзінің атын айтуға қинал­ған азамат жасының 30-да екенін айтты. Орыс мектебін бітіргені қазақша еркін сөй­лей алмағанынан білініп тұр. Мемлекеттік Гимнді жатқа біледі екен. Әскер қатарында болғанда үйренген. Көшеде велосипед теуіп жүрген Бекболаттың жасы 10-да, Ерболат 7-де екен. Екеуі де Қостанай қаласындағы қазақ мектебінде оқиды. – Қазақстанның Мемлекеттік гимнін білесіңдер ме? – Білеміз,–деп тақ ете қалды Ерболат. –Бірақ, апай, Әнұран деп айту керек оны. Келесі кездестірген Айдана, Диана, Жанара деген қыз балалар өздерін Қостанай қа­ласындағы орыс тілінде білім беретін гимназиясында оқи­мыз деп таныстырды. – Қазақстан Гимнін біле­сің­дер ме? – Білемін.– Бұл 4-сыныпта оқитын Айдананың жауабы. – Нашар білемін.– 4-сы­нып оқушысы Диана осылай деді. – Білемін. Бірақ кейбір сөз­дерін есімде сақтап қала ал­маймын. – Жанараның жауабы. Тамыз айында төрт жасқа толатын Айханым деген бүл­діршін Қостанай қаласын­да­ғы №13 «Ақбота» бөбек­жайы­на барады екен. – Әнұранды білемін, – деді Айханым. Ол көшеде бізге оң қолын жүрегінің тұсына ұстап тұрып, былдырлаған тілімен Әнұранды айтып берді. Бір қатесі жоқ. Айханымнан кейін ешкімді тоқтатпадық. Айханымдар аман болсын деп тіледік. Топтаманы дайындаған «Егемен Қазақстанның» Қостанай облысындағы тілшісі Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.