4 маусымда Қостанай қаласында Қазақстан патриоттарының «Менің Қазақстаным!» атты республикалық форумы болып өткені белгілі. Рәміздер күніне орай осымен төртінші рет ұйымдастырылған шара ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен де тұспа-тұс келді. Біз Патриоттар форумына жиналған қауымнан, жергілікті тұрғындардан әрбір ел азаматының бойынан табылуы тиіс осы сезімді қалай түсінетіндерін және патриотизмге қатысты ой-пікір, пайымдарын білу мақсатында сауалдар қойған болатынбыз. * * * ОТАНСҮЙГІШТІК СЕЗІМ ҰРПАҚТАН ҰРПАҚҚА БЕРІЛЕДІ дейді Қазақстанның Еңбек Ері Сайран БҰҚАНОВ – Сайран аға, Қазақстан Патриоттарының форумынан не түйдіңіз? – Бұл жастардың тәрбиесі үшін жасалып жатқан шара ғой. Жастың жанын желпінтетін мұндай шаралар керек. Қазір бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегіге қарағанда патриотизм күшті ме деп ойлап отырдым. Өйткені, біз ол кезде халықтығымыздың, елдігіміздің, тіпті мемлекеттігіміздің басты белгісі тілді керек етпедік қой. Сонда ол қандай патриотизм еді? Мен өзім орыс мектебінде оқыдым, студент кезімде орыс тілінде сөйлейтінмін. Қазақ тілінде сөйлемедік. Содан Тәуелсіздігіміз келген соң ана тілін үйренуім керек деп мақсат қойдым. Қазір қазақшам, құдайға шүкір, бір кісідей, газет те оқи беремін. Немерелерімнің барлығы қазақ мектебінде оқиды, шетінен оқу үздігі. Форумнан түйгенім – патриотизмді жас ұрпақтың бойында тәрбиелеу керек. Ол идеология дәрежесінде болуы тиіс. – Тәуелсіздік сізге не берді? – Маған бәрін де берді. Тіліміз, дініміз, сосын еркіндігіміз қайтып келді. Мен өмір бойы ауыл шаруашылығында жүрмін. Тәуелсіздік келместен бұрын мен маман ретінде жұмыс істей алмадым. Парторг келіп былай істе, аудандық партия комитетінің хатшысы келіп олай істе дейтін. Қазір шаруашылықты еркін жүргіземіз, өз ойымды жүзеге асырамын. Міне, қазір жаңа технологиямен өсіреміз бидайды. Мысалы, бұрын былтырғыдай қуаңшылықта диқандар қырманы бос қалатын. Ал өткен жылы біз гектарынан 8 центнерден алдық. Елімнің Ері атанып жатырмын. Бұл маған мақтаныш. – Ауылдағы жастардың отыншылдық сезімі туралы не айтар едіңіз? – Менің қолымда 250 адам жұмыс істейді, соның 30 пайызы 30-ға жетпеген жастар. Ауылда өскен баланың алдымен ауылға жаны ашып тұрады. Мен мұны олардың патриотизмі, отаншылдығы деп бағалаймын. Биыл маған оқу бітіріп 4 жас маман келді. Оларға қолдан келгенше жағдай жасаймыз. Жас кезімізде бізді ақсақалдар, ақ жаулықты аналар тәрбиеледі, жалпы ұлтына қарамай, үлкен кісілердің ақылын алып өстік. Осы көрініс қазір жетіңкіремейді. Патриотизм атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа берілуі керек. Аға ұрпақ өкілдері балаға өздерінің өмір жолдарын, дәстүрді, тілді, барлығын айтып, үлгі болып отырулары керек. Әркім сонда отаншылдыққа үлес қосады. Осы жерде айта кетейін дегенім, мен жыл сайын соғым кезінде өзім бастап соғым соямын. Ауылдың ақсақалдарын, жастарды шақырамыз. Ауылдастарға да шақырысыңдар, араласыңдар деймін. Дастарқан басында танымдық, тәрбиелік әңгімелер айтылады. Патриотизмді сапқа қойып үйретпейді, осылай халқымыздың салтымен, дәстүрімен берілуі керек. Бәрі де шынайы болғаны дұрыс. – Рахмет. Жаңбыр көп болсын, егініңіз бітік өссін.
* * *
БІЗДІҢ ХАЛЫҚ НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН дейді белгілі ақын, сазгер, қайраткер Әкім ЫСҚАҚ – Әкім Әбдіхайымұлы, сізге патриотизм туралы сұрақ қоюдың өзі ыңғайсыз сияқты. Өйткені жұрттың көз алдындағы сіздің бар ісіңіз патриотизм. Осы ойыммен келісесіз бе? – Келісейін. Қосарым, біздің халқымыз намыстан жаралған. Патриотизм дегеніміз – өзіңді өзің бағалау, адам ретінде бағалау. – Форумда сіздің «Көк тудың желбірегені» атты әніңіз шырқалды. Әнге де, әншіге де риза болдық. Әннің шығу тарихын білгіміз келіп тұратын әдетіміз ғой. – Әннің шығу тарихынан бұрын оның сахнада әр орындалуы бір тарих болып келе жатыр. Осы форумда да уақыт жетпейді деп тізімнен алып тастапты. Форумға келсем, сонау Аралдан шақыртып алған әнші Нұрболат Сейтмұратов ренжіп, қонақ үйге барып жатып қалыпты. Патриоттар форумында, Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтіп жатқанда Көк туымыз туралы ән айтылмаса қандай ән айтылуы керек? Форум жүріп жатқанда оны тізімге қайта қостырып, қонақ үйден әншіні алып келіп, айтқыздық. Мен жазған «Халықтың көші-қоны туралы» Заң 1997 жылы қабылданғанда қасымдағы көмекші оралман ағайындар көзіне жас алып қарсы алды. Сонда ақын Алмас Ахметбекұлы маған арнап «Көк тудың желбірегені» атты өлең жазды. Енді 2011 жылы Тәуелсіздігімізге он жыл, ал досым болып кеткен Алмас 40-қа толды. Мен Алмасқа сыйлық ретінде осы өлеңге ән жаздым. Алғаш Мұрат Өтембаев орындады. Ән Мемлекеттік рәміздер туралы шығармалар байқауында лауреат атанды. – «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды қазақ тілінде жазып шықтыңыз. Әзірге мемлекеттік тілде жазылған жалғыз заң. Оны неге сіз жаздыңыз, намыстың ісі ме? – Мен ол кезде Парламент депутаты едім, бірақ қазақ тілінде заң жазып шығамын деген ойым болған емес. Мен мүшесі болған комитеттің төрағасы Өмірбек Жолдасбеков осы заңды маған берді. Заңды оқып шыққаннан кейінгісі намыстың ісі болды. Менің намысымды қоздырған заңдағы «Қазақстан Республикасына сырттан көшіп келген азаматтар жергілікті бюджеттен, ал Қазақстаннан сыртқа көшіп кететіндер республикалық бюджеттен қаржыландырылады» деген жолдар болды. Сонда 90-шы жылдардың ішінде сырттан келіп жатқандар кімдер, сыртқа көшіп жатқандар кімдер еді? – Форумға бірінші рет келген екенсіз. Қандай ой түйдіңіз? – Керек дүние екен. Мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау, құрметтеу арқылы жастардың бойында ұлтжандылық мінез қалыптастыру керек деп ойлаймын. Бірақ мұны тек ұрандатқаннан гөрі тереңдетіп, өзге шаралар қосып өткізген дұрыс деп ойлаймын келешекте. – Рахмет. Ойыңыз іске айналсын деп тілейміз. * * * ПАТРИОТИЗМДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНДІРЕСІЗ? Шота Уәлиханов, Қазақстан Мемлекеттік Елтаңба авторы: – Адам ең алдымен өз халқының тарихын білмей патриотпын деп айта алмайды. Біз бостандығын алған елміз. Осы бостандық оңайлықпен келген жоқ. Еліміздің еркіндігі, тәуелсіздігі жолына талайлар өмірін арнады, талайлар құрбан да болды. Олар – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов... Міне, осылайша болып жалғаса береді. Тіпті еліміздің тәуелсіздігі үшін күресті олардың Алаш арыстарының уақытынан емес, ту сонау арғы ғасырлардан бастаймыз. Қазір солардың айтқан ойлары, идеялары жүзеге асып жатыр. Олар қазақ халқының келешегін өте мықты ойлаған. Олардың ортамызға қайтып оралуын мен бақыт санаймын. Соның барлығын да жастар білуі керек. Адам білмесе, ештеңенің де қадіріне жетпейді. Патриотизмді, қазақстандық патриотизмді мен осы тұрғыдан түсіндірер едім. Патриотизм деген сөз – Отаныңды, халқыңды сүю деген сөз. Оны ұран, жай айқай етуден аулақ болу керек. Елдің тәуелсіздігін, оның мән-маңызын мектептен бастап баланың санасына құю керек. Патриотизм құр әдемі сөз емес. Бүгінгі форум осыны жақсы түсіндіріп жатыр деп білемін. * * * ФОРУМНАН КЕЙІНГІ СҰХБАТ Қостанайда Патриоттар форумы өтті дүрілдеп. Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Той да болды, санада ой да қалған секілді. Ал «Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін қостанайлықтар қалай біледі екен?» деген оймен Қостанайдың суын ішіп, ауасын жұтып отырған жұрттың ішінен әр ұрпақ өкілдерімен тілдескенді дұрыс көрдік. Дәл орталықтағы көшенің шетінде өзінің жеке бақшасында өсірген шалқанын сатып тұратын Леонид атты қарияға жақындадық. – Леонид атай, сіз қостанайлықсыз ба? – Әрине, қостанайлықпын. Мен түгілі әкем Қостанайда туған. – Жасыңыз нешеде? – 76-да. – Қазақстан Гимнін білесіз бе? – Білмеймін, әрқашан есітемін. Бірақ әуені есімде қалмайды. Леонид атайдан кейін Бәтима есімді апайды жолықтырдық. Жасы 60-тан асып бара жатыр екен. – Апай, Қазақстан Гимнін білесіз бе? – Жоқ, білмеймін. Мән берген емеспін. Келесі жолықтырғанымыз Қостанай қаласының Виталий және Серік есімді азаматтары болды. Виталий 56 жаста, Серік қырықтың алтауына шығыпты. – Қазақстан Гимнін білесіздер ме? – Мен әуенін білемін. Сөзін білмеймін, – деп жауап берді Виталий. – Мен сөзін шала білемін. Мән берсем, қазір-ақ жаттап алуға болады ғой, – деді Серік. Өзінің атын айтуға қиналған азамат жасының 30-да екенін айтты. Орыс мектебін бітіргені қазақша еркін сөйлей алмағанынан білініп тұр. Мемлекеттік Гимнді жатқа біледі екен. Әскер қатарында болғанда үйренген. Көшеде велосипед теуіп жүрген Бекболаттың жасы 10-да, Ерболат 7-де екен. Екеуі де Қостанай қаласындағы қазақ мектебінде оқиды. – Қазақстанның Мемлекеттік гимнін білесіңдер ме? – Білеміз,–деп тақ ете қалды Ерболат. –Бірақ, апай, Әнұран деп айту керек оны. Келесі кездестірген Айдана, Диана, Жанара деген қыз балалар өздерін Қостанай қаласындағы орыс тілінде білім беретін гимназиясында оқимыз деп таныстырды. – Қазақстан Гимнін білесіңдер ме? – Білемін.– Бұл 4-сыныпта оқитын Айдананың жауабы. – Нашар білемін.– 4-сынып оқушысы Диана осылай деді. – Білемін. Бірақ кейбір сөздерін есімде сақтап қала алмаймын. – Жанараның жауабы. Тамыз айында төрт жасқа толатын Айханым деген бүлдіршін Қостанай қаласындағы №13 «Ақбота» бөбекжайына барады екен. – Әнұранды білемін, – деді Айханым. Ол көшеде бізге оң қолын жүрегінің тұсына ұстап тұрып, былдырлаған тілімен Әнұранды айтып берді. Бір қатесі жоқ. Айханымнан кейін ешкімді тоқтатпадық. Айханымдар аман болсын деп тіледік. Топтаманы дайындаған «Егемен Қазақстанның» Қостанай облысындағы тілшісі Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.