Ауыз судың ау-жайы және жылу мен жарықтың жағдайы туралы
Тіршілік түйткілсіз болмайды. Пендеге бәрі керек. Дегенмен адам үшін ең басты қажеттілік ретінде үш нәрсені айтар едік. Ауқатты айтпағанда, ауыз су, жарық, жылу бүгінгі күннің басты құндылықтарының бірі. Сусыз өмір болмайды. Жарық сөнсе, кәріп боласың. Жылу жоқ болса, дірдек қағасың. Ал осы үш саланың дамуы қалай? Біз бүгін Қызылорда облысындағы ауыз су, жарық, жылу мәселелеріне тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
2000 жылдары республика көлемінде ауыз су мәселесі айтыла бастады. Осыған дейін пайдаланып келген темір, шойын құбырлардың қайта-қайта істен шығуы, ауыз судың шектеп сағатпен берілуі, насос станцаларын күтіп ұстау, коммуналдық мекемелердің қаржылық жағдайы және тағы басқа проблемалар қордаланып, жаңа бір бағдарлама жасау қажеттігі туындады.
Міне, осы мәселе тікелей Елбасының назарында болып, республикалық «Ауыз су» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама бойынша, 2002-2010 жылдары облысқа республикалық бюджеттен 20 млрд.теңгеден астам қаржы жұмсалып, барлығы 1363 км. ауыз су жүйелері жаңартылды. Оның ішінде 737 км. жаңадан салынса, 615 км. жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 2,8 млрд. теңге қаржыға 158 елді мекеннің 305 км. болатын ауыз су жүйелері күрделі жөндеуден өткізілді.
Аталған бағдарламаны облыстық деңгейде жетілдіру мақсатында «2007-2010 жылдарға арналған Қызылорда облысының елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы» жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында аудан орталықтарындағы құбырларды жаңарту және кеңейту, жаңа ұңғымалар бұрғылау, жол бойына жақын қоныстанған елді мекендерді орталықтандырылған ауыз суға қосу сияқты бірқатар жұмыстар қолға алынды. Ел ауыз су игілігін көре бастады, тоқтап қалған топтық су құбырларының жобалары қайта жасалып, кезең-кезеңімен салына бастады. Нәтижесінде 3 жылда 70 елді мекен тұрақты, сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Ендігі мақсат осыларға иелік ететін кәсіпорындардың жағдайы еді. Осы мақсатта, аймақ басшысының бастамасымен республикада бірінші болып Қызылорда облысы әр ауданға 50 млн. теңгеден қаржы бөліп, жөндеу-пайдалану мекемесін ашты. Мұндағы мақсат – жаңадан салынған ауыз су жүйелерін өз дәрежесінде ұстап тұру, материалдық-техникалық базасын нығайту, олардың толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бұған облыстық бюджеттен барлығы 350 млн. теңге қаражат бөлініп әр ауданға жұмыс жасайтын трактор, арнайы құрал жабдықтар сатып алынды.
Дегенмен, осы жетістіктердің өзі де республика бойынша тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жалғастыру, жетілдіруді қажет ететіндігін көрсетті. Облыстағы ашық су көздері және тасымал ауыз су пайдаланып отырған елді мекендер Арал ауданында орналасқан. 2008 жылы Арал ауданының 8 елді мекенін Арал-Сарбұлақ топтық су құбырына қосуға құны 1,9 млрд. теңге болатын жоба жасалды. Бұл жобаға тікелей Су ресурстары комитеті тапсырысшы болып 2010 жылдан бастап құрылысы басталды. Биыл толық аяқталады. Қазір бұл елді мекендердің сервистік жүйесіне жоба жасалуда. Биыл бұл жұмыстардан басқа Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің ішкі жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталса, Қармақшы ауданы Жосалы кенті, Ақжар, Ақтөбе ауылдары, Сырдария ауданы Тоқмағамбетов ауылы және Жалағаш, Тасбөгет, Белкөл кенттерінің ішкі жүйелерін жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі.
Жалпы, облыс тұрғындарын «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз сумен және кәріздік жүйелермен қамтамасыз ету жағдайын жақсартуға барлығы 215 елді мекенге болжамды құны 57 млрд.теңге болатын ұсыныс жасалып, Су ресурстары комитетіне жолданған.
Бағдарламаның бірінші кезегін іске асыру мақсатында барлығы 12,1 млрд. теңге болатын дайын 40 жоба ұсынылды. Бұл жобалар жүзеге асқанда 150 мыңға жуық тұрғыны бар 34 елді мекеннің ауыз су жүйелері жақсаратын болады.
Төретам кентінің ауыз су жүйесін жаңғырту және кеңейту жұмыстары 2005 жылдан бастап қолға алынып, «Қызылордагидрогеология» АҚ мәліметі бойынша, ауыз су көзі ретінде Байқоңыр қаласының жер асты суын пайдалану таңдалған.
Осыған орай 2005-2008 жылдар аралығында жобаның 1-кезегімен 178,7 млн. теңгеге жаңа насос стансасы, сыйымдылығы 1000 текше метр резервуар, хлоратор ғимараттары салынды. 19 шақырым магистраль және 25,3 км сервистік су желісі тартылып әр үйдің ауласына кіргізілді. 2008-2009 жылдары жобаның 2-кезегіне 76,4 млн. теңге бөлініп кенттегі темір жолдың оң жақ бетіндегі көшелерге 9 шақырым ауыз су жүйесі жүргізілді. Бұдан басқа өткен жылы жергілікті бюджеттен 2,8 млн. теңге бөлініп, Түктібаев, Молдағұлова және Қорқыт ата көшелеріне ұзындығы 1,8 шақырым су жүйесі жүргізілді. Бұл жұмыстардың барлығы пайдалануға беріліп, қазіргі таңда толық жұмыс жасап тұр.
Қазіргі таңда кентте 1412 үй бар. Осы үйлердің 76 пайызына ауыз су кіргізілген. Кенттегі 42,6 шақырым болатын ауыз су жүйесі су тарату қызметімен айналысатын «ТөретамВодСервис» ЖШС-ге сенімді басқаруға берілген. Ауыз суды Байқоңыр қаласынан «Горводоканал» мекемесінен 1 текше метрін 110 теңгеден сатып алады.
2004 жылдан бері электр энергиясын тасымалдау рыногында жұмыс жасап келген «Қызылорда электр тарату желісі компаниясы» АҚ өзінің қаржылық дәрменсіздігіне байланысты Қызылорда облысында электр энергиясымен қамтамасыз етуде көптеген келеңсіз жағдайлар орын алды. Электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен, қаржы көздері болмағандықтан, мекеменің материалдық-техникалық базасы көнергендіктен және материалдар мен жабдықтардың жоқ болуы жағдайды одан әрі өршіте түсті. Сонымен қатар, қаржылық жағдайының нашарлығы, оның үстіне, салықтар мен басқа төлемдерге (104 млн. теңге) және айлық қарыздары (132 млн. теңге) болды. Осы себептердің салдары мекеменің көптеген тәжірибелі мамандарының жұмыстан кетуіне әкеліп соқтырды. 2-3 сағаттан жарық сөнетін болды. Қызылорда қаласындағы қосалқы стансаларының шатырлары көп уақыттан бері күрделі жөндеу көрмегендіктен, жауын-шашын болған кезде шатырларынан су кетіп, қосалқы стансалар 3-4 күндеп тоқтап қалып жатты.
Электр желілерін дамытуға біршама жылдар бойы ешқандай қаржы қаралмауынан, қосалқы стансалардың қуаттылығының жетіспеуіне байланысты, жаңа салынған мекемелерді электр желілеріне қосылуға мораторий жарияланған болатын. Бұл өз кезегінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға кедергі келтірді.
Осындай келеңсіздіктерді жою мақсатында Қызылорда электр тарату желісі компаниясының акционерлерімен бірнеше келіссөздер жүргізіліп, 100 пайыз акциялары мемлекеттік меншікке сатып алынды. Сөйтіп, еліміз бойынша электр тарату компанияларының ішінде Қызылорда облысы алдыңғы қатарда болып мемлекеттік меншікке өтті. Қазіргі таңда, Жамбыл, Ақтөбе облыстары біздің тәжірибені пайдалану арқылы өздерінің электр тарату компанияларын мемлекеттік меншікке өткізу жұмыстарын жүргізуде. Акционерлік қоғам мемлекет меншігіне алынғаннан кейін, қызметкерлеріне қордаланып қалған айлық қарыздары толығымен төленіп, салық қарыздары және басқа да міндетті төлемдер түгелімен өтелді. Бюджет есебінен Қызылорда қаласының 48 қосалқы стансалардың шатырлары жөнделіп, осы себептен болған ажыратулар тоқтатылды. Сонымен қатар, 2008 жылға дейін акционерлік қоғамның орташа айлық көлемі 30 мың теңгені құраса, ал қазіргі уақытта орташа жалақы көлемі 52 мың теңгені құрауда. Бұл өз кезегінде қызметкерлер жалақысының 58 пайызға өскендігін көрсетіп отыр. Қызметкерлерге жағдай жасалуына байланысты мекемеге тәжірибелі мамандар қайта оралды.
2009 жылға «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-тың электр жүйелерін дамыту мақсатында оның жарғылық қорын ұлғайтуға 1 149 млн. теңге бөлінді. Осы қаралған қаржының 409 млн. теңгесіне Қызылорда облысының электрленбеген 6 елді мекенін орталықтандырылған электрмен жабдықтау қаралып, қазіргі уақытта аталған елді мекендер орталықтандырылған электрмен жабдықталды.
Облыс халқын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін бірнеше бағытта жұмыстар жасалуы қажет. Бірінші кезекте қосалқы стансаларды қайта жаңғырту және модернизациялау жұмыстары атқарылуы керек.
«Қызылорда облысының электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-қа қарасты қосалқы стансалардың қуаттылығының жетіспеуі – тұрғындарға берілетін электр жарығының әлсіздігіне әкелумен қатар, жаңа салынған нысандарды электр желілеріне қосу кезінде қолбайлау болатын.
Осы уақытқа дейін Республика бойынша желдік электр стансалары жеке компаниялардың қаражаты есебінен салынған болатын. 2010 жылы Қызылорда облысы оңтүстік өңірде бірінші болып бюджет қаражаты есебінен Қазалы ауданы Ажар елді мекенін желдік электр станциясымен қамтамасыз етуге 35,4 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жұмысшы комиссиясы өткізіліп, жіберген кемшіліктерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде осы елді мекен тұрақты электрмен жабдықталатын болады. Аталған жобаның нәтижесіне қарай қалған шалғайда орналасқан электрленбеген елді мекендерді электрлендіру жұмыстары жоспарланады.
2008-2010 жылдар ішінде Қызылорда қаласында 624 шақырым газ құбырларының құрылысы аяқталып, халықтың игілігіне берілді. Нәтижесінде, 62 көп қабатты тұрғын үй, 11887 жеке тұрғын үйлер және 440 коммуналдық тұрмыстық мекемелер ілеспе газға қосылуға мүмкіндік алды. Биылғы жылы, жобаға сәйкес республикалық бюджеттен 875 млн. теңге қаржы бөлініп, газдандыру жұмыстары басталып кетті. Аталған жоба жұмыстары толығымен аяқталған кезде барлығы 594 көп қабатты тұрғын үй, 25000 жуық жеке тұрғын үйлерді газдандыру мүмкіндігіне қол жетпек.
Сондай-ақ, бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, аталған жобаға енбеген қаланың жаңа тұрғын аудандарын газдандыру мақсатында «Қызылорда қаласының жаңа тұрғын аудандарын газдандыру» жобаның – сметалық құжаттары дайындалуда. Бұл жоба бойынша жұмыстар 2011 жылдың екінші жартыжылдығында басталып, 2012 жылы аяқталады. Нәтижесінде Қызылорда қаласы тұрғындарының 100 пайызы арзан табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Үйішілік құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу құнын 99 500 теңгеге төмендету арқасында 2009-2010 жылдары жеке тұрғын үйлердің газдандыру үлесі 87 есе өсті. 2008 жылы газға қосылуға мүмкіндік алған 4000-ға жуық жеке тұрғын үйлерден өз қаражаты есебінен тек 135 жеке тұрғын үйлер газдандырылса, 2009-2010 жылы 11 752 жеке тұрғын үйлер газ жүйесіне қосылды.
Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында жеке тұрғын үйлерді орта қысымды газ құбыры жүргізіліп, ШРП орнату арқылы қосылады. Үйішілік газ құбырын тарту жұмыстарын қоспағанның өзінде, тек ШРП бағасы – 200 000 теңгеден аса қаржыны қажет етеді. Ал, Қызылорда облысында көше бойымен төменгі қысымды газ құбыры тартылып, тұтынушыларға тікелей жеткізілуінің нәтижесінде біршама арзанға түседі. Қызылорда қаласында газ бағасының республика бойынша ең төмен болуы, қаланың экономикалық, индустриялық-инновациялық дамуы мен тұрғындардың әлеуметтік деңгейі дамуының маңызды аспектісі болып табылады. Сонымен қатар, газдандыру жұмыстары Қызылорда қаласындағы ірі, орта және шағын бизнестің дамуына өз үлесін қосты. 2009 жылы 9 ірі, 79 орта және 100 шағын бизнес көздері арзан көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе, 2011 жылы 129 орта және 300 шағын бизнес көздері ілеспе табиғи газбен қамтамасыз етілді.
Қызылорда қаласын газдандырудың аяқталуы облыс орталығының өндірістік деңгейінің дамуына, сонымен қатар, қала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, отын сатып алуға кететін шығындардың азаюына, сапалы арзан газбен қамтамасыз етілуіне әкеледі.
Бүгінгі күні Қызылорда қаласының тұрғын үй секторларының қарқынды дамуы, жаңа өндірістік нысандар құрылыстарының көптеп салынуы облыс орталығының көгілдір отын қажеттілігін арттыруда. Осы бағытта Оңтүстік-Торғай ойпатындағы кен орындарындағы газды «Ақшабұлақ» кен орынына жинақтап, Қызылорда қаласына беру үшін газ қорларын зерттеу, талдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде кен орындарындағы алауда жағылып немесе жер қойнауына қайта айдалып жатқан газды халық игілігіне тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«2028 жылға дейін Қызылорда облысының елді мекендерін газдандыру» бағдарламасы әзірленіп, сол бағдарлама негізінде облыстың барлық елді мекендерін «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбыры арқылы газдандыру жоспарлануда. Аталған магистралды газ құбырының 880 шақырымы Қызылорда облысы аумағы арқылы өтеді. Құрылыс 2011 жылдың екінші жартыжылдығында басталды деп күтілуде. Магистралды газ құбыры бойымен облыс бойынша 14 жерден 17 АГРС құрылысы салынып, орналасу жағдайына қарай, осы АГРС-терден барлық елді мекендер 2028 жылға дейін толық газдандырылатын болады деп межеленуде. Соның ішінде Төретам кенті, Ақай ауылы және Байқоңыр қаласын газбен қамтамасыз ету мақсатында № 6 АГРС қондырғысы орналастырылатын болады. Ресейлік мекемелерге тәуелділік тудырмау мақсатында, АГРС қондырғысын Байқоңыр қаласында емес Төретам кенті аумағында орналастыру жоспарланған.
Атқарылған іс аз емес. Жасалатыны да жеткілікті. Бастысы, қозғалыс бар. Ал қозғалыс болған жерде мәселе қордаланбайды.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.