09 Маусым, 2011

Ақ жейде, сары жейде «Астанада»

364 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Астана» велокомандасының әйгілі Giro d’Italya веложарысын қорытындылау бойынша Велоспорт федерациясының президенті Қайрат Келімбетов пен команданың негізгі демеушісі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарушы директоры Дархан Кәлетаев велокоманданың жетістіктерімен және болашақтағы жоспарлары туралы мәліметтермен бөлісті. Кездесуде Қ.Келімбетов әуелі «Астана» (Proteam Astana) кә­сіп­қой командасының Giro d’Italya сайысына қатысқан 23 коман­да­ның арасында топ жарып, ең жүйрік команда ретінде жеңіске жеткенін, осыған байланысты «Ас­тана» командасының құрме­тіне Миланның орталығындағы Giro d’Italya мінберінде Қазақ­стан Республикасының әнұраны тұңғыш рет шырқалғанын айтты. – Елді спорттағы осындай та­быстар арқылы дүние жүзіне та­ныту кез-келген елге бұйыра бермейді. «Астана» – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың тікелей қол­дауымен құрылған команда ретінде бүгінде өте ерекше жоба ата­нып отыр. Осы велоко­ман­да­ның арқасында инвестиция тар­туға, елдің туристік мүмкін­дік­терін та­ныстыруға жағдай жа­сал­ды. Жал­пы, жоба, Қазақстан­ның өте сәтті спорттық, PR-жо­баларының бірі. Сондықтан Ми­ланның төрінде елі­міздің әнұра­нының тұңғыш рет шырқал­ға­нын біз болашақтағы бар­лық жеңістердің бастамасы деп сенеміз, – деді ол. Осы жарыста «Астана» ко­ман­дасының көшбасшысы, чех велошабандозы Роман Кройци­гердің ең үздік жас шабандоз ретінде ақ жейдені жеңіп алғанын білеміз. Ал команданың тағы бір өкілі Паоло Тиралонгоның көп күндік сайыстың мәресіне екі күн қалғанда Бергамо және Макуньяга қалаларының арасында­ғы қашықтық-сайыстың ең қиын кезеңінде жеңіске жеткені мәлім. Осы оқиғаға байланысты Қ.Келімбетов пен Д.Кәлетаев коман­даның жарыстағы өнеріне қана­ғаттанатынын, оның жалпыко­ман­­далық есепте бірінші орын­ды иеленуіне команданың бас бапкері Team manager Джузеппе Мартинеллидің, массажистер мен техниктердің сіңірген еңбегі зор екенін айтты. Айта кетерлігі, «Ас­тана» командасы осы мау­сымда өз қатарын біраз жастармен толықтырған еді. Соның нә­тижесінде командаға Роман Крой­цигер сияқты біраз талант­ты велошабандоздар алынып, жа­рыс­тағы тактикаға талап күшейді. Кездесуде Д.Кәлетаев коман­да­ның қазіргі бюджетіне байла­нысты мәліметтер келтірді. Он­ың айтуынша, команданың қаржы­лық қоры жылына 15 млн. еуро­ны құрайды. Осыдан басқа «Ас­танаға» қаржылай жағынан қол­дау көрсетіп жатқан екі демеушісі бар. «Спешиал айс» ком­па­ниясы командаға 1,5 млн. еуро бөлсе, италиялықтар 200 мың еуро бөліп отыр. Сонымен бірге «Астана» турлардан түскен қар­жымен де қамтамасыз етіледі. Мәселен, Giro d’Italya сайысы­нан ұжым 50 мың еуро пайда түсірді. «Команданың бюджеті 3 жылға белгіленеді, – деді ол. – Биыл екінші жыл өтіп жатыр. Енді біз келесі жылға бюджетімізді тағы бекітеміз. Бүгінде Ха­лықаралық велоспорт федера­ция­сының талабы бойынша тур­ларға қатысып жатқан кәсіпқой командалардың бәрінің қоры 15-20 млн. еуроны құрайды». Қар­жы мәселесіне байланысты Қ.Ке­лімбетов келесі жылы бекітілетін бюджетте жаңадан құры­латын «Астана трек» коман­да­сын да қаржыландыру көзделіп отырғанын мәлімдеді. «Астана-трек» атты кәсіпқой трек коман­да­сы ретінде 2011 жылдың нау­рыз айында тіркелді. Ол коман­даның да бас демеушісі «Сам­ұр­ық-Қазына» ҰӘҚ. Команданың бас бапкерлігіне қазақстандық ма­ман Валерий Кравченко шақы­рыл­ған. Оның аренасы Астана­дағы республикалық велотрек болады. Бұл ұжымға біз отандық велоспортшыларды тартуды мақ­сат етіп отырмыз», – деді ол. Оның айтуынша, Астанада 4-6 қараша күндері әлемдік трек ку­богы үшін беделді халықаралық жарыстар өтеді. Оған әлемнің 45 елінен 500 спортшы келеді деп жоспарлануда. Кездесуде айтылған тағы бір нәрсе, тамыз айында өтетін «Тур де Франс» жарысына арналды. Онда қазақстандық спортшы, әл­ем­ге әйгілі велошабандоз Александр Винокуров команданың ка­питаны болады делінуде. Қазір ол осы күндері өтіп жатқан көп­күндік жарыста екі жеті қата­рынан сары жейдені ешкімге бер­мей отыр. Қ.Келімбетов атақ­ты отандасымыз үшін Тур де Франс спорттық карьерасындағы соңғы жарысы болатынын, одан кейін ол Велоспорт федера­ция­сы­ның президенттігіне ұсыныла­тынын мәлімдеді. «Мен феде­рацияға екі жыл қатарынан жетекшілік еттім. Енді оның бас­шылығына сайланбаймын. Бұл орынға Александр Виноку­ров­тың келгенін қалаймын. «Астана» командасы бүкіл қазақ­стан­дық велоспорттың дамуына ық­пал етіп отырған команда. Осы жылдың мамыр айынан бастап, жас талантты велошабан­доз­дар­ға шәкіртақы тағайындалып, беріле бастады. «Астана» Қазақ­стан­ның велотректегі жарысқа ың­ғайланған ұлттық құрама­лар­ды киіммен және қазіргі заманғы спорттық инвентарьмен қамта­масыз етіп отыр. Александр Винокуров президенттікке сайланса, осы жолды әрі қарай жал­ғастыра беретініне сенемін», – деді Қ.Келімбетов. Анықтама үшін: «Proteam Astana» кәсіби вело­командасы өзінің тарихын 2006 жылдан бастады. Әр жылдары команданың демеушісі «Қазақ­стан Темір Жолы», «Казцинк», «Қаз­мұ­най­газ», «Қазақмыс», «ENRC Ma­na­gement KZ» бол­ды. 2009 жылдың қараша айынан бері команданың бас демеушісі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ. Команда Велоспорт федера­ция­­­сының басқаруында. Жыл­дық бюджеті 15 млн.еуро. Команда құ­рамына 27 велошабандоз кіреді, оның 11 Қазақстан спортшылары. Команданың ресми сайты: http://proteam-astana.com. Дастан КЕНЖАЛИН.