Кеше ертеңгісін НАТО авиациясы Ливия басшысы Муаммар Каддафидің Триполидің орталығындағы резиденциясы төңірегін бомбалауды қайта жалғастырды. Кем дегенде әуеден 10 соққы жасалды.
Нақты қай нысандар бүлінгені және құрбандықтардың бар-жоғы әзірше белгісіз. Бұған дейін НАТО авиациясы қалаға шамамен 60 бомба тастаған болатын. Ливия басшылығының деректері бойынша, 31 адам қаза тапқан. Жалпы, батыстың әскери басқыншылығы басталған 19 наурыздан бері НАТО-ның негізгі нысаны Каддафидің резиденциясы болып келеді.
ЗЫМЫРАН СЫНАДЫ ДЕП АЙЫПТАДЫ
Солтүстік Корея радиусы шағын зымыранды сынақтан өткізді. Бұл жөнінде барлау дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Оңтүстік Кореяның «Ренхап» агенттігі хабарлады. Оңтүстіккореялық арнайы қызметтің деректеріне сүйенсек, сынақ КХДР-дың батыс жағалауында жүзеге асырылыпты.
Сеулдің атап көрсетуінше, зымырандық сынақтар KN-06 зымыранын жаңғырту шеңберінде өткізілген. Атап айтқанда, солтүстіккореялық инженерлер KN-06-ның ұшу радиусын ұлғайту мақсатында жұмыстанып жатса керек. Солтүстік Корея, әсіресе, 2009 жылы және 2010 жылдың алғашқы бөлігінде зымыран сынақтарын күшейтсе, соңғы уақыттарда бұл үдеріс сәл бәсеңдеген-тұғын.
САЙЛАУ ШІЛДЕДЕН ҚАЗАНҒА ШЕГЕРІЛДІ
Тунистің өтпелі үкіметі елдегі шілде айына белгіленген сайлауды қазан айына шегерген жөн деп тауып отыр. Нақтылай түссек, Тунистің уақытша премьер-министрі Бейджи Каид Эссеби жалпыға ортақ сайлаудың 23 қазан күні өтетінін мәлімдеді.
Шенеуніктің сөзіне қарағанда, қосымша уақыт сайлау үдерісіне қатысқысы келетін барлық ұйымдарға теңдей мүмкіндік туғызып, оның мөлдірлігін арттыра түседі. Сонымен, 23 қазанда Тунис тұрғындары Құрылтай жиналысына делегаттар сайласа, олар өз кезегінде ел конституциясының жаңа жобасын жасап, президент пен парламент сайлауларының күнін белгілейді.
ЕКІНШІ МЕРЗІМІН ҚУАТТАДЫ
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун екінші мерзімге сайлауға түсетінін мәлімдегенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Енді оған АҚШ президенті Барак Обама жан-жақты қолдау көрсететіні мәлім болып отыр.
БҰҰ Бас хатшысын сайлау процедурасы мынадай: әуелі кандидатураны БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі қарайды. Содан кейін ол 192 мемлекет өкілдік ететін Бас ассамблеяға дауыс беруге шығарылады. Жаңа Бас хатшыны сайлауда негізгі рөлді іс жүзінде Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты кеңес мүшелері ойнайды. Бұл елдер Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция. Олар вето құқын пайдаланып, кандидатты өткізбей тастауы да әбден мүмкін.
«БАСҚЫНШЫЛЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ» ӘСЕРІ
Литва сеймінің (парламент) спикері Ирена Дегутене елдегі жемқорлық үдерістерін азаматтардың бойында кеңес кезеңінен қалған «басқыншылық менталитеттің» әсері деп мәлімдеді. Ол бұл мәлімдемесін ел президенті Дали Грибаускайтенің 7 маусымда ел халқына дәстүрлі жолдауынан кейін жария етті.
Өйткені, жолдауда елдегі жемқорлық мәселесіне айтарлықтай баса назар аударылған болатын. Түрлі елдерде коррупцияның деңгейін зерттейтін халықаралық Transparency International ұйымының рейтингінде Литва 2010 жылы 46 орынға табан тіреген екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, Балтық жағалауы елдерінен Латвия 59-шы, ал Эстония 26-шы орынға тұрақтапты.
КҮЙЕУІНІҢ ОРНЫН ӘЙЕЛІ БАСТЫ
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында қала мэрін сайлау болып өтті. Жаңа қалабасы болып іс басындағы мэр Оскар Гудманның зайыбы Каролин Гудман сайланды. Бюллетеньдердің 96 пайызы сұрыптаудан өткеннен кейінгі нәтиже бойынша қаланың бірінші ханымы 33 000 дауыс жинаған.
Оның қарсыласы болған тағы бір ханым – Крис Джунчильяни мәреге 22 000 дауыспен жеткен. Ол алғашқы нәтиже шығарылысымен-ақ Каролин Гудманға телефон шалып, жеңісімен құттықтап үлгеріпті. Ал Оскар Гудман Лас-Вегасқа 1999 жылдан бері билік құрып келген еді. Яғни, ол заң бойынша рұқсат етілген 3 мерзім бойы мэр орынтағында мығым отырған.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Он жыл бойы Ресей жоғарғы палатасының спикері болған, 18 мамырда бұл лауазымды орнынан қуылған Сергей Миронов Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты атанды. Оған өз орнын «Әділетті Ресей» өкілі Елена Вторыгина босатып берді.
Қырғызстанда осы елдің бұрынғы президенті Қ.Бакиевтің отбасына жақын жүріп, сеніміне ие болған бизнесмен, Қырғызстан даму қорын басқарған Алексей Елисеев дер кезінде отанынан табанын жалтыратып үлгерген болатын. Енді ол сырттай 6 жылға сотталды.
Түркияның Гиресун провинциясында жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, оқиға салдарынан 10 адам қаза тапса, тағы 29-ы түрлі деңгейде дене жарақаттарын алды. Көлікте шетелдіктер болмаған көрінеді. Ал жүргізуші рөлде ұйықтап кеткенге ұқсайды.
Абхазия парламенті кезектен тыс президенттік сайлау күнін белгіледі. Дауыс беру нәтижесі 26 тамыз таңдалғанын көрсетті. Кезектен тыс президенттік сайлауға өкпесіне ота жасатқаннан кейін көз жұмған іс басындағы президент Сергей Багапштың өлімі себеп болды.
Бұрнағы күні түнде Әзірбайжанның астанасы – Баку қаласының маңындағы Хырдалан елді мекенінде Мысырдың бұрынғы президенті Хосни Мубәрактің ескерткіші тұғырынан түсіріліп, орнына «көне египеттіктің» жаңа ескерткіші орнатылған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.