Рухани байланыстар мен ұлттық құндылықтар аясын қамтиды
Ресейдің көршілес облыстарымен сауда-экономикалық қатынастарды былай қойғанда, рухани кеңістікте де өзара байланыстар жасап отырудың маңызы айрықша. Оның екі жаққа да берері мол. «Егеменге» арнайы келген Қазақстан Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті (ҚазИТУ) қазақ тілі пәнінің оқытушысы Мейрамгүл Хасанова осындай өзара ынтымақтастықтың жарқын мысалдары жөнінде әңгімелеп берді.
Иә, аталмыш кешен биыл «Еуразиялық өзен аралығы» атты екі күнге созылған Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының тұңғыш интеграциялық конгресін ұйымдастыруға ұйытқы болған-ды. Осынау халықаралық жиын үстінде Ресейде тұратын ағайындарымыздың өз ана тілдеріне деген құштарлығы жөнінде де сөз болды. Олардың қазақ тілін үйренуге деген ынта-ықыластары айрықша. Алайда оған көп жағдайда мүмкіндіктері бола бермейді екен. Яғни, конгресс кезінде бұл мәселеге біздің көмегіміз қажет екені айқын аңғарылды дейді, Мейрамгүл Жолдығалиқызы.
Бұл мәселе түсіністікпен қараған ҚазИТУ-дың бас құрылтайшысы А.Әйтімов Ресейдің Самара облысындағы «Ақ жол» қазақ ұлттық мәдени ұйымына көмек ретінде компьютерлік сынып пен электронды оқулықтар бергізу жөнінде шұғыл шешім қабылдады. Осынау бүгінгі заманғы құрал-жабдықтар Самара аймағында қазақ тілін үйрену ісін жолға қоюға қызмет жасамақ. Міне, біз мұны Ақсерік Сарыұлындай ұлтжанды, жүрегі жомарт, пейілі кең азаматтың Ресейдегі қандастарына деген құрметі деп қабылдаймыз. Бұл біздің ойымызша, атап айтуға тұрарлық іс. Қайырымдылық көмектің үлкен үлгісі. Сондықтан да бұл шараның бас басылымымыз «Егемен Қазақстанның» бетінде көрінгенін қалар едік, дейді Мейрамгүл қарындасымыз.
М.Хасанова бізге айтып берген жоғары білім саласындағы өзара байланыстардың тағы бір мәнісі төмендегідей. Қалай десек те, техникалық кадрлар әзірлеу ісінде Ресейдің жоғары оқу орындарында үйренуге, көңіл қоюға тұрарлық істер мол екенімен келісе алатын шығармыз. Ондағы профессор-оқытушылар құрамының да кәсіби шеберліктеріне шек келтіруге болмайды. Осындай ғылыми-техникалық әлеует еліміздің Батыс Қазақстан секілді шеткері аймағына еніп жатса, оның инновациялық өңірде техникалық мамандар әзірлеу ісіне тигізер пайдасы мол болмақ.
ҚазИТУ мен Самара мемлекеттік техникалық университеті және С.Королев атындағы Самара мемлекеттік Аэроғарышкерлік университеті арасында келісім-шартқа қол қойылуының арғы астарында осындай мәнді де маңызды мәселелер бар. Яғни, мұның өзі Ресейдің беделді жоғары оқу орындарының ұстаздары келісім-шартқа сәйкес Орал қаласына келіп дәріс оқиды деген сөз. Осылайша Батыс Қазақстан облысы мен Самара облысының инновациялық білім беру салаларындағы өзара қарым-қатынастары нығая бермек.
Ал Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясындағы «Алаштану» үйірмесінің жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева бүгінгі таңда қазақстандықтардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру жөнінде өз ой-пікірлерін «Егеменнің» меншікті тілшісімен бөлісті.
– Бұл менің еліміздің бас басылымына ұсынып отырған тұңғыш мақалам еді. Үлкен газеттің талабы да үлкен болады ғой. Осындай биік талап үдесінен шыға алдым ба, шыға алмадым ба деп екі ұдайы сезімде отырмын, деді бізге ол ағынан жарыла.
Бақтылы Сансызбайқызы жазған материалмен танысқан кезде, оның ойының орнықтылығы мен пікірінің байыптылығын байқадық. Көтеріп отырған тақырыбы да жоғарыда айтылғандай, өзекті де қажетті тақырып. Бүгінгі таңда білім ошақтарының басты міндеті – тәуелсіз еліміздің ұлтжанды ұрпағын өсіріп тәрбиелеу болып табылады. Отансүйгіштік қасиет көзді ашып-жұмғандай қас-қағым уақытта қалыптаса қалмайды. Ол саналы да тынымсыз тәрбиенің нәтижесінде біртіндеп тамыр тартады. Ол жәй сезім емес – ұлы сезім, – деп түйіндейді өз ой-пікірін Б.Боранбаева.
Осы ұлы сезімді ұлғайтудың басты жолдарының бірі – ұлтын сүйген, ұлтына қалтқысыз қызмет көрсеткен Алаш арыстарының өмірі мен қызметі жөніндегі деректерді кейінгі ұрпақтың сана-сезіміне дарыту, деді бұдан әрі ол. Мұны – феномен ретінде де қарастыру артықтық етпейді деп ойлаймын. Алаш қайраткерлерінің өз ұлты мен мемлекетін шексіз сүю жөніндегі кейінге қалдырып кеткен өнегесін бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің басты тармақтарының бірі деп тану уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік.
Біздің университет жанында «Алаштану» үйірмесі осындай мақсатта құрылған еді. Ол бекітілген өз жоспарына сәйкес дәрістер мен сабақтар, конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып жүр. Биыл қазақ топырағындағы алғашқы басылымдардың бірі – «Қазақстан» газетінің шыққанына жүз жыл толды. Үйірменің кейінгі шараларының бірі осы тарихи датаға арналды. Дөңгелек үстел үстінде оған қатысушылар газет редакторлары Елеусін Бұйрин мен Ғұмар Қараштың өмірі мен қызметі жөнінде ой-пікір алмасты. Олардың ұрпақтарының тағдыры жөніндегі тың деректер де пікірсайыстың арқауына айналды. Әрі бұл жәйттер үлкен қызығушылық туғызды. Соның бірі «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 16 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған материал, – деді М.Боранбаева. Бұл танымдық материалда Е.Бұйриннің немересі Валерий Әнуарұлы туралы бұған дейін айтылмай келген деректер келтірілген.
1998 жылы Орал қаласының Чапаев көшесіндегі №39 үйдің қабырғасына Елеусін Бұйринге ескерткіш тақта қойылған еді. Алайда ол кейіннен алынып тасталды. Аталған тарихи мекенжайда бір кезде «Қазақстан» газетінің баспаханасы орналасқан болатын. Бұл тарихи деректер бүгінгі тұрғындардың жадынан өшіп барады. Аталған баспахана үйін көпшілік біле бермейді. Дөңгелек үстел кезінде оған қатысушылар бұл мәселеге қынжылыс білдірді, – деп ойын түйіндеді Бақтылы Боранбайқызы.
Біз жеке бастың шаруасымен емес, елдік мінез бен бітім-болмысты, әрі отаншылдық сезімді қалыптастыруға қанатымен су сепкен қарлығаштай көмегін тигізу үшін шарқ ұрып жүрген қаракөз қарындастарымыздың қадамдарына сүйсіндік.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.