10 Маусым, 2011

Жолаушыларға қызмет көрсету салалық стандартпен белгіленген

668 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда еліміздің көліктік бақылау органдары теміржолдағы жеке меншік тасымалдау компанияларының қауіпсіздік талаптарын мұқият сақтауына және көлікке сервистік қызмет көрсету сапасына тексеру жүргізуді жоспарлауда. Оның ішінде жолаушылар вагондарын жөндеу ісіне де назар аударылмақ. Осыған орай темір жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кемшіліктердің алдын алуға бағытталған іс-шаралар айлығы басталды. Аталған мәселеге байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалының директоры Шәміл ҚОЖАБЕКОВПЕН тілдескен еді. – Шәміл Кимұлы, өзіңіз басқарып отырған «Солтүстік» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалы қай өңірлерге қызмет көрсетеді? – «Солтүстік» жолаушылар тасымалы жөнін­дегі аймақтық филиалы Астана, Қарағанды (соның ішінде Балқаш), Павлодар және Қостанай облыс­тарындағы төрт телімде құрастырылған жолаушы­лар пойыздарының 20 бағытына қызмет көрсетеді. Біздің филиалдың құрылымындағы тіркеме вагондар Қазақстан ішінде, сондай-ақ мемлекетаралық бағыттарға қатынайды. Мәселен Астана – Варшава, Балқаш – Мәскеу, Балқаш – Новосибирск және жазғы маусымда Астана – Екатеринбург, Астана – Новосибирск, Астана – Омбы бағыттарына. – Соңғы жылдары жолаушыларға сервистік қызмет көрсетуде қандай жаңа бастамалар бар? – Бүгінгі таңда жолаушылар пойыздарында жо­лаушыларға қызмет көрсету талабы салалық стандартпен белгіленген. Осыған орай сервистік қызметті жақсарту жөніндегі жұмыстар атқарылып жатыр. Филиал құрылымындағы 5 жолаушылар пойы­зы вагон-мейрамханамен қамтылған. 2010 жылдан бастап Астана – Мәскеу бағытындағы №71/72 жолаушылар пойызын жайлылығы жоғары дең­гейлі пойыз мәртебесіне келтіру жұмыстары атқа­рылуда. – Жолсеріктерді іріктеп таңдау мәселесінде қандай тәжірибелеріңіз бар? – Бізде еңбек ететін жолсеріктердің орташа статистикалық жасы – 30-45 жас. Олардың орта-арнаулы немесе жоғары білімдері бар. Жолсеріктер міндетті оқу курстарынан өтеді және олардың әрбірінің дайындық курсын аяқтау туралы сертификаттары немесе куәліктері бар. – Жолаушыларға сервистік қызмет көрсе­туде сіздерде қандай проблемалы жайлар бар? Оны түзетудің қандай жолдарын ұсынасыз? – Сервистік қызметтің ең үлкен проблемасы – бүгінгі күнге сай жаңа жолаушылар вагондарының болмауы. Осыған орай Астанада жолаушылар вагонын құрастыру зауытын іске қосуды жеделдету қажет. Ал қазіргі сәт үшін Тверь вагон құрылыс зауытынан 22 жолаушылар вагонын сатып алу – құптарлық қадам. Бұл Астана мен Атырау арасындағы қатынасты дамытуға мүмкіндік туғызады. Бұл вагондар соңғы техникалық және сервистік талаптарға сай. Соның ішінде жеке көтермесімен мүгедектерге арналған купе де бар. Қазіргі кезде жолаушыларға сервистік қызмет көрсетуде жүрдек жолаушылар пойыздарының мәселесін шешу маңызды болып тұр. – Жолаушылар көбіне жолсеріктердің жолау­шыларды «билетсіз» орналастыратындығына шағым айтып жатады. Оны қалай жоюға болады? – Бұл жағдайда, Қазақстан Республикасының темір жол көлігімен жолаушыларды, жүкті және ауыр жүкті тасымалдау ережесін бұзған пойыз бригадасының қызметкерлеріне жұмыстан босатуға дейін апаратын тәртіптік шараның ең қатаң түрле­рін қолдану Алайда, құқықтық база жолаушыларға қызмет көрсету саласында бір рет жіберген тәртіп бұзушылық үшін еңбек шартын бұзуды қарастыр­майды. Сондықтан тәртіпке шақыру шараларын деңгейімен қолдануға тура келеді. Жолаушылар пойыздарын тексеруді ұйымдасты­рудың икемді кестесі енгізілген. Инспекторлар арқылы жолаушылар пойыздарын тексерудің бекітілген кестесінен басқа, кешенді комиссиялардың кенеттен тексеру және желіге шығу әдістері де қолданылады. Осыған ұқсас мерзімді салыстырғанда жолаушылардың шағымдану саны едәуір азайды. Жолаушылар көбінесе вагондардың тозығы жеткендігіне шағымданады. – Қазір сіздердің кәсіпорындарыңызда барлық жолсеріктер бірыңғай киім үлгісімен қамтылған ба? – Шынында, осы жылға дейін жолсеріктерді киім­мен қамтуда кемшіліктер болған еді. Осы уақытта ұлттық ою-өрнекті қосып, бірыңғай дизайн­мен киім тігуге шарт жасастық. Бір-екі жылдың ішінде жағдай толық түзеледі. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен: Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.