Бүгінде балық шаруашылығында шешімін таппай тұрған мәселелер баршылық. Құбылмалы теңіз деңгейі, суды қайтарымсыз пайдалану, су қоймаларының ластануы, мұнай мен газды барлау, мұнай және газ құбырлары мен басқа да жұмыстарды жүргізу су қоймалары жағдайының нашарлауына, балықтардың уылдырық шашу алаңдарының азаюына, балық азығының жойылуына әкеліп соғады. Мелиорация жұмыстарының аздығынан өзендер мен балық жүретін арналар қайраңданып, бекіре тұқымдас балықтар уылдырық шашатын жерлерге өте алмайды.
Сондықтан 2004 жылдан бастап су түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп келеді, жыл сайынғы қаржы 300 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Дегенмен, қаржыландырудың бұл мөлшері қазіргі кезде аз болып отыр, өйткені Орал-Каспий бассейніндегі 8 арна бойынша жасалған сметалық-жобалау құжаттарына сәйкес, су түбін тереңдету жұмыстарының жалпы құны 6 миллиард теңгеден асады.
Балық қорғау инспекцияларында теңіз және өзен кемелері өте аз болғандықтан, олар өз міндетін толық орындауға мүмкіндіктері жоқ және олардың материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі тым төмен. Балық инспекциялары негізінен шағын және орта жылдамдықтағы кемелермен жабдықталған. Бұл олардың браконьерлер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі заңнаманы бұзушыларға қатысты бақылау-инспекциялық жұмыстарын қиындатып отыр.
Осыған дейін қызмет етіп келген Атырау және Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауыттары мемлекеттік кәсіпорындары 2007 жылы біріктірілгені белгілі. Біріккен зауыттардың көрсеткіштеріне талдау жүргізу оларды біріктіру туралы бұрынғы шешімнің қателігін көрсетіп берді. Соның салдарынан 2010 жылы табиғи су қоймаларына жіберілген жас бекіре балығының саны 2006 жылғы деңгейге қарағанда екі есе азайып кеткен.
Еліміздің балық шаруашылығын дамыту, балықтардың бағалы түрлерін сақтау үшін жағдай жасау және балық қорын тиімді пайдалану мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Атырауда бекіре балық өсіру зауытын жаңғырту жұмыстары және жобалау қуаты 30 миллион жас бекіре балығын өсіре алатын жаңа бекіре балық зауытының құрылысын салу шаралары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2007 жылы Балық шаруашылығы комитетінің қарамағындағы балық өсіруге арналған бес кәсіпорын Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға басқаруға берілген болатын.
Бұрын бұл мекемелер елімізде балық өсіру материалдарын өндіру мен балық шаруашылығының су қоймаларында балық тұқымдарын көбейту жөніндегі мемлекеттік тапсырыстарды орындаумен айналысқан болатын. Бұл мақсатқа «Балық ресурстарын өндіру» бюджеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, аталған мекемелердің тыныс-тіршілігі қамтамасыз етілген.
Сөйтіп, 2007-2010 жылдары бұл кәсіпорындар 32,2 миллион теңгенің бағалы жас балық тұқымын өсірді. 2009 жылдан бастап кәсіпорындар әлеуметтік-кәсіпкерлік кәсіпорындарына берілгендіктен, шаруашылықтар мемлекеттік тапсырыссыз, яғни қаржысыз қалды. Осыған байланысты еңбекақы, салық бойынша қарыздар пайда болды.
Қазіргі кезде кәсіпорындар жабылу алдында тұр, олардың екеуі жұмысын тоқтатты. Кәсіпорындарды бәсекеге қабілетті ортаға беру оң нәтиже көрсетпеді. Сондықтан ел Үкіметі, біріншіден, мелиорациялық (су түбін тереңдету) жұмыстарды жүргізуге арналған қаржыны ұлғайтуға, екіншіден, балық қорғау инспекция органдарын материалдық-техникалық жабдықтау үшін қаржы бөлуге, үшіншіден, Атырау қаласында жаңа бекіре балық зауытының құрылысын бастауға қаржы бөлуге және Атырау бекіре балық өсіру зауытын екі дербес кәсіпорынға бөліп және оларды жаңғырту жұмыстарын жүргізуге, төртіншіден, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына бұрын берілген балық тұқымын өсіруге арналған бес кәсіпорынды Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық комитетінің қарамағына қайтаруға, сондай-ақ, ең соңында Қазақстан Республикасының балық шаруашылығы саласын дамыту бағдарламасын әзірлеуге ықпал жасауы тиіс деп білеміз.
Қайрат ИЩАНОВ, Сенат депутаты.