11 Маусым, 2011

Балуан Шолақ – Ғалия

2342 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
(Дастаннан үзінді). Қараөткел. Есіл өзен оң жағасы, Қайнаған қара базар мол бағасы. Қалықтап көк аспанды бір ән кетті, Қырандай сыпырылған томағасы.   Құлдилап құлаған кез күн бесінге, Есілдің салқын самал бір кешінде. Әп-сәтте алты қанат тігіліпті, Ақбоз үй – қара базар іргесінде.   Қалың ел ақбоз үйдің іші-сырты, Ән мен күй, салт пен дәстүр, әдет-ғұрпы. Бұзықты, қаскүнемді жолатпайды, Бұзылып кетпесін деп кештің шырқы.   Ғалия қымызшы қыз базардағы, Келгендей күткен бақыт, өз арманы. Ұнады Балуанға бір көргеннен, Әйелдің кезіксе де гөзалдары.   Әйелдің кезіксе де сұлулары, Балуан біреуіне бұрылмады. Таңдауы тек осы бір Ғалияжан, Шыққанша қалған жерде шыбын жаны. Көргеннен Ғалияны шын ынтыққан. Азабын, жүректегі мұңын да ұққан. Күйеуі арқасына қамшы ойнатып, Аруды түнде үйінен қуып шыққан.   Азабы күйеуінің жанға батып, Қиналды қу тағдырдың дәмін татып. Ақыры төркіннен де тұрақ таппай, Базарға шығып кетті, қымыз сатып.   Жұп болмай, хас тірлікте қасаң жатып, Әйелге қонған дейсің қашан бақыт?! Күйеуі келіп-кетіп жүреді екен, Қамшысын анда-санда шошаңдатып.   Бойында болғаннан соң алуан желік, Базарға нөкерімен Балуан келіп. Ән салды әуелетіп кешке дейін, Тыңдады Ғалия да жанына келіп.   Сол жерде Балуанның түсті көзі, Ұнады бірден оған іс-мінезі. Оңтайын тауып сөйлей білген жанға Оңалып кете берер істің өзі.   Үстінде қара бешпент, қызыл ішік, Балуан кетіп жүрді, қымыз ішіп. Кім ғашық осындайда болмас дейсің, Жігітке өзі - өжет, Сөзі – пысық.   Ғалия сар қымызды сапырады, «Кел, кел», – деп дәм татуға шақырады. Қасында өнер сүйген өңшең сері, Қызыққа қалың елді батырады.   Қоршап ап, туған-туыс, танығандар, Серінің дәл қазіргі халін аңғар. Қолында – Үкілеген домбырасы, Қасында – Қажымұқандай балуан бар.   Құр қалмай елдің әзіл-оспағынан, Қалжыңын қосып отыр қос балуан. Өтеді қара нөсер төгіп-төгіп, Қою бұлт Ақмоланың аспанынан.   Қоңыр ән қою бұлтпен араласып, Сарыарқа сауырынан барады асып. Сайларға – сайын белге таратады, Самал жел әсем әнді ала қашып.   « – Ғалия, айым да сен, күнім де сен, Тартады оң қабағым күлімдесең... Әзірге байың басқа болғанменен, Менікі боласың ғой, түбінде сен... »   Бұл сөзді айтқанменен әзіл қылып, Кім сезер ән-әуеннің сазын біліп. Қалың ел қауіптенді Күйеуінен, Тап келіп, Кете ме деп жазым қылып.   Осы сөз орайлы емес наз етерге, Жарамас отырысты мәз етерге. Сынатып алмақ болып Ғалияны, Қарады «бұл қалай?!» деп Қажекеңе.   Айтуға келген адам ақ тілекті, Қажекең осы арада қатты кетті: – Болғанда өзің қыран, дәл мынадай, Қарғаны қайдан іздеп таптың! – депті, –   Серінің осы ма еді, мақтанары, Көрмедім көркеміңді тапқан әлі. Қаз емес, аққу емес, Қайдағы бір, Келіпсің қасыңа ертіп қап-қараны. Шолақтың болғанымен шабытты әні, Әр сөзін отыр еді бағып тағы. «Күйеуі бар» дегенді естіген соң Осы еді Қажекеңнің қағытқаны.   Бұл сөзге қалды Шолақ сәл шамданып, Бір жағы айтқанына аң-таң қалып. – Сарыға жаның құмар болғаннан соң... Демегін Қажекең де қалды аңғарып.   Сонда да Шолақ сөзден тайынбады. Көп сырды Ғалияның жайындағы, Жинақтап жүрегінде жүрген түйіп, Былайша жауап беріп, пайымдады.   – Қажеке, іні тыңдап, аға мақтап, Отырса осы отырыс қандай жақсы-ақ. Көзіңе дәл осылай көрінгенмен, Ғалия саған – қара, Маған – әппақ.   Білген жан Бұл сөзімді бағамдар ма, Беретін тағы басқа бағаң бар ма? Анықтап мен сияқты қарасаңшы, Ғалия маған – аққу, Саған – қарға.   Демеңіз, тартсам азап, мұны кінә, Шым баттым, қу тағдырдың шылығына. Керегі түрі де емес, сұры да емес, Ғашықпын Ғалияның қылығына!   Қажекең Өзі тектес дархан ерді, Құшақтап бауырына тарта берді... Ән кетті «Ғалиялап» бебеу қағып, Аралап, сайын дала, арқа-белді.   *    *    * Қазақтың болғанменен даласы кең, Тықсырып бара жатыр қаласымен. Ақмола түрмесінде жатыр Шолақ, Сотталып, сексен өгіз жаласымен.   Жігіт ол өр кеуделі – кемел, ерек. Өткенге өлең-жыры өнеге боп. Сексен қыз ертті десе, Сенер едім, Серіге сексен өгіз неме керек?!   Ғалия қолға қонған бұлбұл құсы Бәрі де ән әсері, жырдың күші. Бір шайқап – Ғалиямен жүру үшін, Дүние-ай, Келді ме екен пұл қылғысы... Тергеуші дұрыстап бір тергеп пе екен, Балуан әлдекімге ермек пе екен?! Төреден сексен өгіз тартып алып, Жарлы мен жақыбайға бермек пе екен?   Сегіз ай тор-темірге телміргелі, Серінің хал-жағдайын ел білмеді. – Керегі ақша болса бізден алсын, – Деп біраз елдің іші бір дүрледі.   Жатпады жайға қарап Шолақ тағы, Қалың ел – қара халық қол артқаны. Түрменің қақпасына талай келген, Қам-көңіл Ғалияны жолатпады.   Ішінен мұны сезген Балуан Шолақ, Жан емес, әнге – кедей, сөзге – олақ. Түндігін тас түрменің желкілдетті, Ән салып, күні-түні «Ғалиялап».   – ... Жатырмын Ақмоланың түрмесінде, Ел-жұртым ақтығымды білмесін бе?.. Тыңдады осынау әнді Ғалия да, Түрменің тұрып алып іргесінде.   Дүрлігіп түрмедегі өңшең шенді, Зіркілдеп, Балуанға талай төнді. Қапаста отырғандар кемсең қағып, Деп жатыр: – Шын ғашық қой, қайтсін енді! Атойлап кеудесінде ой –дөнені, Туласа, Шолақ кімге бой береді. Күні-түн «Ғалияның» зарын айтса, Тіл қатып, Ешкім батып, «қой» демеді.   Ғалия! Ғалия – деп бір үн кетті, Бұндай ән тербетпеген бұрын көкті. Жұлқылап, есік пенен терезені, Түрменің темір торын дірілдетті.   Бұл әуен тас түрмені тесіп өтіп, Таңғалтып Қараөткелді Есіл өтіп, Түрменің басшылары тағат таппай, Жан-жаққа хабарлапты есі кетіп.   Даярлап, келген болып, ат-көлікті, Талайлар қолда барын қақ бөліпті. Бұл бірақ, Бұйрық та емес, Билік те емес, Қызынан жандаралдың хат келіпті.   Қызы бар жандаралдың тегі мықты, Өтініп, жыламай-ақ егіліпті. Хатында: – Балуанды босатыңдар, Мен өзім кепіл болам... делініпті.   Дос қайдан, демеңіз тек, дұшпан қайдан, Құтылып кетер болса ұсталмай жан. Түрменің бастығына мына хабар, Кем болмай, тас төбеден түскен жайдан.   Басшылар ақылдасып неше күнге, Дұрыстап ұйықтай алмай төсегінде. Ақыры Балуанды босатыпты, «Түрмеден қашып кеткен...» есебінде.   Түрмеден босаған соң бір ән ғажап, Қияға қаққандай-ақ қыран қанат. Батыры аман-есен оралған соң, Жатыр ел «Ғалиялап» ұрандап-ақ.   Біледі сүйген жүрек сағына да, Ол енді өз еркіне бағына ма?! Айтады ән, онан сайын үдемелеп, Қайтадан қауышқан соң – Ғалияға.   Аптығып, Айтқан әнін үдеткені, Оты ғой сағыныштың жүректегі. Есілдің толқынына тоғысқандай, Ел-жұрттың көз жасы мен тілектері. Серік Тұрғынбекұлы.