Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Б.БАТЫРШАЕВПЕН әңгіме
– Бақыт Данабекұлы, бірер аптадан соң Астанада Қазақстан Республикасының төрағалық етуімен Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің 38-ші кеңесі өтеді. Бұл ірі халықаралық жиынмен Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымындағы төрағалығы басталмақ. Осыған дайындық барысы қалай?
– Алдымен Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) жөнінде деректер келтіре кетсем деймін. Бұл Ұйым 1969 жылы құрылды. Құрамына Азия, Латын Америкасы, Африка, Еуропада орналасқан 57 мемлекет кіретін Ұйым қазіргі кезде БҰҰ-дан кейінгі әлемдегі екінші үлкен саяси бірлестік ретінде кеңінен танымал. Штаб-пәтері Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасқан. Ұйымның басты ұстанымдары БҰҰ қызметінің негізгі қағидаларымен үйлеседі. ИКҰ діни бірлестік емес, ол – мұсылман елдерінің саяси-экономикалық және гуманитарлық мүдделерін қорғап, соған қызмет ететін бірден-бір кешенді халықаралық бірлестік.
Халықаралық қатынастардағы ықпалы зор, әлемдік саяси және экономикалық өмірдегі көптеген маңызды үдерістердің басында тұрған Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық Қазақстан үшін үлкен жауапкершілік пен мәртебе деп айтуға болады. Ұйымға басшылықтың тізгінін елімізге беруді Қазақстан мен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биік саяси беделін, Елбасының белсенді және көреген дипломатиясын мойындаудың нақты көрінісі деп айтқым келеді.
– Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі қашан ашылды?
– Еліміздің ИКҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі 2010 жылдың наурызында Қазақстанның Ұйымға төрағалық етуге дайындық жасау мақсатында ашылған. Тұрақты өкілдіктің дипломатиялық құрамы жасақталып, ұйымдастырушылық жұмыстар толық аяқталды. Қазіргі кезде өкілдік өзінің қызметін ойдағыдай атқарып жатыр. Ал өкілдіктің негізгі міндеті мен мақсаты – Қазақстан мен Ұйымның арасындағы және Қазақстан мен Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты, өзара іс-қимылды жоғары деңгейде ұстау, Қазақстанның Ұйымдағы мүдделерін қорғау, сонымен бірге төрағалыққа қатысты әзірлік жұмыстарын жүргізу. Мұны аса ауқымды жұмыс деп атасақ болады. Сол себепті де Тұрақты өкілдікке үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
– Ислам Конференциясы Ұйымындағы төрағалық ету Қазақстанға не бермек?
– Жоғарыда айтып кеткендей, Ислам Конференциясы Ұйымы әлемдегі ең ірі саяси бірлестіктердің қатарына жатады. Яғни, ИКҰ-ға басшылық арқылы еліміз халықаралық деңгейде, мұсылман мемлекеттері бағытында және ұлттық дәрежеде көптеген стратегиялық мақсаттарды орындауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ Ұйымға төрағалық еліміздің мерейін өсіре түсудің, басқа елдермен ынтымақтастықты жаңа биіктіктерге көтерудің пәрменді жолы, ал ұлттық дипломатиямыз үшін тағы да бір шыңдалу мектебі болмақ.
– «Еліміздің мерейін өсіріп, ынтымақтастықты жаңа биіктерге көтереді» дегенді таратып көрейікші...
– Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығын еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезіндегі көпжақты халықаралық дипломатиясының табиғи жалғасы ретінде бағалауымыз керек. Себебі, өткен жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға бола отырып, Еуразия бағытындағы өзекті деген мәселелермен тұрақты айналысты. Келесі кезекте еліміз мұсылман әлеміндегі саяси-экономикалық үдерістердің модераторы болмақ. Осы жерде айта кетейін, Ислам әлеміндегі проблемалардың табиғаты мен оларды шешу жолдарының өзіндік ерекшеліктері бар.
Ал «еліміздің мерейін өсіріп, ынтымақтастықты жаңа биіктерге көтереді» дегенге келсек, жоғарыда атап өткендей, таяу күндері Астана ИКҰ-ға қатысушы 57 мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің, сондай-ақ көптеген халықаралық ұйымдардың басшыларының қатысуымен ірі жиын өткізгелі отыр. Бұл ЕҚЫҰ саммитінен кейінгі екінші аса үлкен халықаралық саяси іс-шара болмақ. Оның үстіне сыртқы істер министрлерінің бұл кездесуі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. Елордада осындай халықаралық жиын өткізу арқылы біз мұсылман әлеміне еліміздің саяси-экономикалық жетістіктерін, мәдени-ғылыми салалардағы мүмкіндіктерін, қазақ халқының салт-дәстүрлерін таныстыратын боламыз. Ал ынтымақтастықтың жаңа биіктеріне келсек, ислам елдерімен тиімді қатынастарды нығайтып, достық ынтымақтастықты дамыту – Қазақстан сыртқы саясатындағы негізгі бағыттардың бірі.
Қазақстанның ИКҰ-ға мүше мемлекеттермен қатынасы бүгінгі күнде жоғары дәрежеде дамып отыр. ИКҰ мүшелерімен байланыстар барлық салаларды қамтиды – бұл ретте ортақ саяси мүдделер, сауда, инвестиция тарту, тарихи және ғылыми ізденістерді жүзеге асыру, білім беру, экологиялық мәселелерде бірлесіп жұмыс істеуді айту қажет. Мұсылман әлемі Қазақстанның барлық саяси бастамаларын қолдап келеді, еліміздегі экономикалық реформаларды, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру, ауыл шаруашылығын дамыту үдерістеріне белсенді қатысуда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қайта жаңғыруы, рухани құндылықтарды тарату мәселелерінде де бізге бауырлас елдердің көмегі айтарлықтай.
Қорытындылай айтқанда, мұсылман әлемімен ынтымақтастық өзара мүдделік, татуластық, бірлік қағидаттарына негізделген. Өз ретінде Қазақстан ИКҰ мүшелері үшін жаңа үлгідегі мемлекет, белсенді және жауапты әріптес ретінде көрініп отыр.
– Менің пайымдауымша, Қазақстанның ИКҰ-ға мүше болуында саяси мүддеден гөрі, экономикалық мүдде басымдау жатқан сияқты. Осыған келісесіз бе?
– Бұған келісе алмаймын. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, еліміздің Ұйымға мүшелікке кіруінде экономикалық мүдделермен қатар, үлкен стратегиялық саяси мәселелер де жатыр. ИКҰ қызметіне қатысу Қазақстан үшін Таяу Шығыс, Азия және Африка елдерінің көпшілігімен бір ұйым ішінде ынтымақтастықты дамыту, әлемдегі саяси және экономикалық үдерістерге араласу, түрлі бағытта ынтымақтастық орнату мүмкіндігін берді.
Міне, осы күш-жігерлердің арқасында Қазақстан бүгінгі күні ислам әлемінің терең құрметіне және сеніміне бөленіп отыр. Қызмет бабымен шетелдік дипломаттармен кездесулер барысында олар әрқашанда Қазақстанның ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің ішінде алатын ерекше орнын, еліміздің жаңа келбетін, Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер ретіндегі рөлін қайталап отырады.
– Ал еліміздің Ұйымға қатысушы мемлекеттермен экономикалық байланыстарын қалай бағалауға болады?
– Мұсылман әлемі бізге алыста жатқан бейтаныс әлем емес. Алысқа бармай-ақ өзіміздің көршілеріміз Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, арғы жақтағы Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран мемлекеттерін алайық. Осы елдердің барлығы ИКҰ-ға мүше. Тіпті, Ресей осы Ұйымға байқаушы ретінде қатысып келеді. Сондықтан да Ислам әлемімен байланыстарымыз, оның ішінде экономикалық қатынастарымыз жақын көршілерімізден басталады. Жалпы, біздің елімізге ислам елдерімен де, өзге мемлекеттермен де түрлі салаларда ынтымақтастық жасағанымыз қажет. Мысалы, бүгінде Қазақстанның Түркиямен, Біріккен Араб Әмірліктерімен, Сауд Арабиясымен, тағы басқа елдермен экономикалық қатынастары жоғары деңгейге көтерілді. Мұсылман әлемімен тығыз ынтымақтастық орнату біздің ел үшін пайдасы зор деп есептеймін. Әрі бұл Қазақстанның мүдделеріне толық сай келеді.
Ислам даму банкі Қазақстанда ірі жобаларды қаржыландыруға қатысуда. Оның жалпы көлемі 500 миллион АҚШ долларына жуықтайды. Сондай-ақ, мұсылман мемлекеттері Астана қаласының инфрақұрылымын дамытуға да инвестиция салды. Қазіргі кезде Ислам даму банкінің қаржыландыруымен бірқатар жобалар қарастырылып жатыр. Осының барлығы мұсылман әлемінің, ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің Қазақстанға деген ізгі ниеттестігінің нәтижесі. Қазақстан мен ИКҰ арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың болашағы зор деп нық сеніммен айтуымызға болады.
– Еліміз ИКҰ-ға төрағалық ету барысында қандай халықаралық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр?
– Еліміз беделді халықаралық ұйым – Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалыққа аса ауқымды, мазмұндылығы терең бағдарламалармен кіріскелі отыр. Ал төрағалықтың бейресми түрдегі тұсаукесері Астанада 7-9 маусым күндері өткен Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумынан басталды. Содан кейін 28-30 маусымда ИКҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтеді. Бұл елордадағы үлкен саяси шаралардың бірі болмақ. Конференцияда әлемдегі саяси оқиғалар, мұсылман әлемінің қай бағытта дамитынына қатысты саяси стратегиялық шешімдер қабылданады деп күтілуде. Бұлардан бөлек түрлі салалар бойынша бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар жоспарланған. Мысалы, күзде Астанада Ұйымға мүше елдер Денсаулық сақтау министрлерінің жиыны шақырылады. Өйткені, Ұйымға қатысушы мемлекеттерде денсаулық сақтау проблемасы әлі өткір күйінде қалып келеді.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.