Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында құрылған «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайының ресми ашылу салтанатына орайластырылған Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті.
Жетісу жерінен табылып, бүкіл әлемге Қазақ елінің тарихи төлқұжаты болып танылған, көне сақ мәдениетінің баға жетпес асыл қазынасы – «Алтын адам» жәдігері адамзат тарихын алтын зермен бедерлегені ақиқат. 1969 жылы археология ғылымына өзіндік із қалдырған көрнекті ғалым К.Ақышев бастаған зерттеу тобы әлемге «Алтын адам» атауымен мағлұм болған сақ жауынгерінің обасын тапты. Өзге мәдениет өкілдері тас қашап, тері жамылып жүргенде сақтардың озық технологияны меңгеріп, күні бүгінге дейін қорыту тәсілі беймәлім боп отырған алтын бұйымдарға ие болуы ұнамаса керек, төрткүл дүние ғалымдары таңдай қаққанымен сол кездегі билік «Алтын адам» тарихи орнының мәртебесін көтеруге аса құлықты болмады. Тек тәуелсіздігіміздің буыны бекіп, өркениетті қоғамдар өзегімізге үңілген тұста, Елбасы Н.Назарбаевтың тарихи-мәдени мұрамызды заман талабына сай жөнге келтіріп, оларды елді біріктіруші құндылықтар ретінде айшықтау туралы берген тапсырмасы аясында жүзеге асып отырған «Мәдени мұра» бағдарламасы ғана «Алтын адам» тарихи мұражайының бой көтеруіне түрткі болды.
«Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшімбаев, Мәдениет министрінің орынбасары Ғ.Телебаев, Туризм және спорт министрінің орынбасары Б.Шеңгелбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары С.Мұқанов, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Ә.Тойбаев және Қоғамдық кеңес мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Бұдан үш жыл бұрын, Елбасымыздың тапсырмасымен «Есік» мұражайын қалай саламыз деп осы жерде кеңес өткізген едік. Ол кезде бірер киіз үйден басқа бұл маңайда қалқа жоқ, бос жатқан ашық дала болатын. Міне, бүгін Елбасы тапсырмасының жүзеге асқанының көрінісі ретінде, осындай керемет ғимаратта орналасқан қорық-мұражайдың ашылу салтанатында басқосып отырмыз. Президентіміз Н.Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңінде жүзеге асыратын мақсаттарымызды айқындап беріп, ұлттық символдарымызды қалыптастыру керектігін нақты тапсырған болатын. Ендігі біздің мақсатымыз осы қорық-мұражайды ұлттық мұрамыздың інжу-маржандарымен толтыру және бұл жерді мәдени туризм ошағына айналдыру. Осындай мәселелерді Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы талқылауға келіп отыр, – деді Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшімбаев салтанатты шараның ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Содан кейін мұражай ғимараты алдында өткен шағын жиында жергілікті билік өкілдері және Шығыс Қазақстан өңіріндегі «Берел» қорғанын сақтаушы ғалымдар тобы мен «Алтын адам» обасының жанашыры Бекмұханбет Нұрмұханбетов сөз сөйледі. Сондай-ақ «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайына қойылған тарихи жәдігерлер мен осы өңірден қазып алынған құнды экспонаттарды, «Алтын адам» жауынгері табылған обаның ықшамдалған макетін және сақ дәуірінен мағлұмат беретін көне бұйымдармен танысқаннан соң осы шараға қатысқан көпшілік жергілікті өнер қайраткерлері әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады.
Көшпелі отырыстың ресми бөлігінде «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңіндегі алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің жиылысын М.Әшімбаев жүргізіп отырды. Отырыста алғашқы болып сөз алған «Есік» қорық-мұражайының директоры Г.Мұхтарова баяндама жасап, мұражай қорына Мәдениет министрлігінің қолдауымен Археология институтынан, Алтын мұражайы қорынан жиырмадан астам сақ дәуіріне жататын түпнұсқа жәдігерлер берілгендігін, Археологиялық сараптама мекемесі отыздан астам құнды жәдігерді тапсырғанын атап өтті. Бұдан өзге қорық-мұражайға тікелей қатысты шешімі қиындық тудырып отырған мәселелер де осы жерде тілге тиек етілді. Мәселен, сақ дәуірін паш ететін кітаптар мен альбомдар, деректі фильмдер түсірумен ғана шектелмей, «Есік» мұражайының «Алтын адам» және «Сақтардың тарихы мен мәдениеті» атты екі залының экспозициясын көркемдеу мақсатында Еңбекшіқазақ аудандық өлкетану мұражайы меншігіне өтіп кеткен бұйымдармен толықтыру және қорық-мұражайға тиесілі, алайда, 2003 жылдары жекеменшікке берілген 63 гектар жерді мемлекетке қайтарып алу мәселелері секілді күрделі шаруалар қозғалды. Ежелгі ескерткіштер орны қатарына жататын Есік қаласы маңындағы сақтар кешені – Өрікті және Рахат ауылдарына таяу орналасқан көне қала орны бүгінде өз мақсаттарында, яғни ғылыми, мәдени, мұражайлық, туристік қызметін атқара алмай келеді. 2010 жылдың 10 мамырында Есік қаласының әкімдігімен бекітілген «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау міндеттемесіне» сәйкес «Есік бейіті» археологиялық ескерткіш негізінде «одан әрі сақтау мақсатында, ескерткіш негізінде тиісті тәртіп бойынша пайдалануға» Есік қаласы әкімдігінің меншігіне берілген. Алайда, бұл міндеттер күні бүгінге дейін орындалмай келеді.
Қорық-мұражай басшылығы көтеріп отырған мәселелердің бірқатарын шешу жолында көмек бере алатындығын айтып облыс әкімінің орынбасары С.Мұқанов ортақ жүктің бір шетіне сүйеу болатындығын танытты. М.Әшімбаев өңір басшысының орынбасарына алдағы уақытта осы тарихи орынның өз мәнінде жұмыс істеуіне үлес қосатын талантты жас мамандарды қызметтік баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне назар аудару керектігін ескертті.
Мәдениет министрінің орынбасары Ғ.Телебаев өз сөзінде мұражайдың аумағын кеңейтіп қана қоймай, маңайынан өзге де қажетті ғимарат салу ісін қолға алуға даяр екендіктерін білдірді. Ол үшін Мәдениет комитетінен аталған шараға қатысты қаржы қарастырылатындығын айтты. Қоғамдық кеңес төрағасы Мәдениет министрлігі өкіліне екінші кезеңнің жоспарымен жұмыс істеу шарасын жедел бастауды тапсырды.
Туризм және спорт министрінің орынбасары Б.Шеңгелбаев аталмыш өңірдің инфрақұрылымын дамыту жолында шет тілдерін жетік меңгерген жас мамандарды тарту керектігін және бірінші кезекте ішкі туризм саласы өкілдерін тартуға күш салатындықтарын жеткізді. Қоғамдық кеңес төрағасы М.Әшімбаев Туризм және спорт министрінің орынбасарына осы айтқан ойларының сөз жүзінде қалып қоймауын ескертіп, сырт елдерге барып демалуды дәстүрге айналдырған отандастарымызды осындай тарихи орындарға тартудың соны тәсілін ойластырып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру ісімен шұғылдану керектігін тапсырды.
Жиналыста сондай-ақ археология саласының білікті ғалымдары мен кеңес мүшелері кезегімен сөз алып, өз пікірлерін көпшілікпен бөлісті.
Қорық-мұражай жаңадан ашылғанына қарамастан Мәдениет комитетінің қолдауымен ғылыми-ізденіс жұмыстарын жандандыру мақсатында «Есік обасы және Жетісу сақтарының мәдениеті» атты ғылыми-қолданбалы жобаны жүзеге асыруды бастап жіберді. Есік тарихи аймағындағы сақ заманының археологиялық ескерткіштерін зерттеу ісімен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары тереңірек айналысуға тартылып отыр. Министрлік тарапынан бұл жобаны жүзеге асыру үшін 2010 жылы 5 миллион теңге бөлініп те қойған.
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсыруымен жүзеге асып, ұлтымыздың талай жауһарын күллі әлемге мәшһүр етіп үлгерген «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында болашақ ұрпақ игілігі үшін бой көтерген «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайы халықаралық және республикалық семинарлар, ғылыми кеңестер, түрлі форумдар өткізетін орынға айналмақ. Ол үшін қорық-мұражай аумағын қоршау, қорғау, игеру және кешенді түрде ғылыми-зерттеу жүргізу, туристік инфрақұрылымдарды ұйымдастыру, мәдени-танымдық жобаларды жасау жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында аталған мәселелер шешімін тапты деп айтуға негіз бар.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы.
---------------------------------
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.
* * *
Ғ.ТЕЛЕБАЕВ, Мәдениет вице-министрі: – Осындай тарихи орнымыз қайта түлеп, ұлтымыздың мәдениетін көтеретін, елдік тамырымызды тереңдететін «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайының ашылуы біздің министрлік үшін де үлкен мәртебе. Алдағы жылдың бюджетінен осы орынды көркейту мақсатында қаражат қарастырып қана қоймай, Байланыс және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелдік телеарналарға «Есік» мұражайын насихаттайтын фильмдерді жарыққа шығару ісін қолға алуды жоспарлап отырмыз.
Б.ШЕҢГЕЛБАЕВ, Туризм және спорт вице-министрі: – Үш ай ішінде Алматы өңірін жаһандық бәсекеге қабілетті туристік аймақ етудің жоспарын дайындау туралы Елбасының тапсырмасы бар. Сол жоспарды біздің министрлік дайындап жатыр. Оған бүгінгі ашылған «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайының ұсыныстарын да енгізіп, өз құзырымыздың шеңберінде заңға сүйене отырып қолдан келген көмегімізді жасайтындығымызды айтқым келеді.
Б.НҰРМҰХАНБЕТОВ, «Есік» тарихи-мәдени қорық-мұражайының жетекші ғылыми қызметкері: – «Мәдени мұра» дейтін бағдарламаның мәні – өткен көнемізді жаңғыртып, атадан қалған мұрамызды алдағы ұрпаққа аман-есен табыс ету. Елбасымыздың тарихи құндылықтарды түгендеу ісіне аса көңіл аударып отырғандығы байырғы билеуші бабаларымыздың азаматтық міндетін жалғастыра білгендігінің көрінісі. «Алтын адам» осы күнге дейін еліміздің, жеріміздің, ұлтымыздың баға жетпес құндылықтарының бір ұштығын ғана көрсетіп келді. Әлі алда талай жауһарларымыздың жарыққа шағуына себепші болатынына сенімдімін.