«Тәрбие мен мұрат ұлттық болса, тәрбиесін алып өскен қоғамның мүддесі адамның рухын үлкен шабытқа бөлеп, оның бақытты өмір сүруіне негіз қалайды», деген еді бір кездері түрколог ғалым, жазушы, Франц Кафка сыйлығының иегері, марқұм Немат Келімбетов. Азаматтың бұл сөзін қазір өзіне қарата айтуға болады. Рухы мықты, ұлтшыл жан өмір мен өлім беттескенде жеңіп шығып, артына өлмес мұра қалдырды. Оның кейінгі жылдары жазған «Ұлыма хат» эссесі сақтар мен ғұндар дәуірінен бастап, қазақ хандығы құрылған кезеңге дейінгі рухани-тарихи, әдеби байланыстарды баяндай отырып, мейірімділік, достық, қанағат-ынсап сияқты қасиеттермен бірге, күншілдік, ашкөздік секілді жағымсыз мінез-құлықтар туралы ой толғай келіп, оның залалы мен зиянын тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Жазушының оқырмандарын селт еткізген тағы бір шығармасы «Күншілдік» деуге болады. Адам санасы, ойы, құлқы психологиялық өзгерістерге ұшырағанда қандай болатынын, оның кесір-кесапаты төңірегін ойран-ботқа ететінін, адамдықты артқа тастап, залымдықтың жетегінде кететінін, ізет-инабаттан айырылып, тек қана өз болмысын күйттейтінін иірімдей үйіріп жазғаны бар. Мұндай тақырып бұрын-соңды қазақ әдебиетінде болмаған еді. Қаламгердің «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы театрда қойылып, көрермендердің көзайымына айналғаны және бар. Сол мұралары бүгінде ел игілігіне жарап, өзіміз ғана емес, өзге жұрттар танып, жоғары бағалап жатыр. Соның бір айғағы, елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Немат Келімбетовке көрсетілген құрмет, айтулы шара еді.
Қытай мен Орталық Азия елдері достық қауымдастығы және «Қытай суретшілерінің бейбітшілік жолы» қозғалысын ұйымдастыру комитеті Қазақ елі мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға қосқан үлесі үшін өткен жылы өмірден озған ғалым, жазушы Немат Келімбетовті «Бейбітшілік жолындағы гуманитарлық ынтымақтастық» Кубогі және Құрмет дипломымен марапаттаған. Бір атап өтерлігі, бұл қауымдастықтың сырт жұртқа өз тарапынан беріп отырған тұңғыш сыйлығы екен. Өткен жылы қарымды қаламгердің, білімді ғалымның «Үміт үзгім келмейді» атты кітабы қытай тілінде жарық көріп, оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алған. Сөз арасында айта кетер болсақ, Орталық Азия елдерімен арадағы достық қауымдастығы 2007 жылы құрылған. Оның төрағасы Чжан Дэгуан бір кездері Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы, Ресейдегі елшісі болыпты. Қауымдастық Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың берік болуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
«Бейбітшілік жолындағы гуманитарлық ынтымақтастық» Кубогі және Құрмет дипломын тапсыру рәсіміндегі алғашқы сөзді Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов алып, бұл шара екі мемлекет арасындағы достық пен түсіністіктің, рухани сыйластықтың әдемі көрінісі екенін айта келіп, Қытай мен Орталық Азия елдері достық қауымдастығының төрағасы Чжан Дэгуан мырза туралы кеңінен тоқталды. Ол Қазақ елі тәуелсіздігін жариялаған тұста Отанымызға келген тұңғыш елші екен. Екі ел арасындағы достыққа Чжан Дэгуан ерекше адал еңбек етті. Тәуелсіздіктің нығайып, мемлекетіміздің танылуына үлкен үлес қосты, елшілік қызметі аяқталғаннан кейін де Қазақ еліне деген ілтипатына қылау түсірмей келе жатыр. Бүгінгі мына кездесу соның бір кепілі, деді. Сенатор бұдан кейін Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деген кітабы қытай тілінде шығып, тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылғанда өзінің қатысқанын, жұртшылықтың жылы қабылдағанын жеткізді.
Президенттік мәдениет орталығының директоры, көрнекті қоғам қайраткері, айтулы ғалым Мырзатай Жолдасбеков Немат Келімбетов қазақ әдебиетінде көне дәуірді зерттеген ғалымдардың санаулысы екенін, өздерінің ортақ тақырыпта жұмыс жасағанын, барлық ой-мақсаттары ұлттың өткенін терең зерделеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Пекин қаласындағы «ұлттар баспасы» қазақ руханиятына қажет дүниелерді үзбей шығарып келе жатқанын, өзінің «Асыл арналар» атты зерттеуін 1986 жылы басып шығарғанын тілге тиек ете келіп, Немат Келімбетовтің атаулы сыйлыққа ие болып отырған мына дүниесін жоғары бағалап, туындының электрондық нұсқасын қазақ-қытай тілінде тең жариялауы екі елдің достық қарым-қатынасының айқын көрінісі екенін алға тартты.
Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев жазушының өзі кеткеннен кейін басталған екінші өміріндегі бұл елеулі оқиға екенін айтып, адам болып өмірге келген соң, адам болып қалу жөнінде зор тебіреніспен қалам тартқан жазушының шығармасында шекара болмайтынын осыдан көре алатынымызға дәлел-дәйектер келтірді. Нематтың рухы мықты, өмірге құштар азамат екеніне жүгінген Сәбең бір кездері «Үміт үзгім келмейді» деген дүниесін драмаға айналдырып, сахнаға шығару жайын ұсынғанда оның келіспегенін, ал Шыңғыс Айтматов туындылары кинода да, театрда да жолы болып жатқанын айтқанда, Айтматов адамзаттың азаматы ғой деп кішілік танытқанын, кейін осы шығарма Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрында қойылғанда қатты толқығанын баян етті.
Өз кезегінде Қытай мен Орталық Азия елдері достық қауымдастығының төрағасы Чжан Дэгуан мынандай жылы жүздесудің өзіне жақсы әсер еткенін айта келе, Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жерде екінші болып Отанымыздың тәуелсіздігін Қытай Халық Республикасы танығанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркия елшісінен кейінгі екінші елші боп өзінің сенім хат тапсырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, жақсы шығарма елдер арасындағы мәдени байланысқа алтын көпір болатынына Немат Келімбетовтің туындылары мысал екеніне тоқталған ол екі мемлекеттің ортасындағы достықты нығайту мақсатында өзінің 20 жылға таяу уақыттан бері іркіліссіз жұмыс істеп келе жатқанын, қауымдастықтың негізгі мақсаты қарым-қатынасты рухани жағынан нығайта беру екенін айтып, Кубок пен Құрметті дипломды жазушының ұлы, әке аманатына адалдық танытып жүрген Қайрат Келімбетовке тапсырды.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов қалам ұстаған адамның алдында екі мұрат тұратынын, оның біріншісі өз халқын рухани құндылықпен қамту болса, екіншісі сол халқын әлемге таныту екенін айтып, әсіресе екіншісінің қиындау соғып жататынына, ондай бақытқа ие болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтініне тоқтала келе, Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деген шығармасының мемлекеттігінің бес мың жылдық тарихы бар, 1,5 миллиард халық мекен етіп жатқан мемлекетте жарық көруі үлкен абыройлы іс екенін тілге тиек етіп, жазушының басталған екінші өмірі ұзақ болатынына сенеміз, деп сөз аяғын түйді.
Сонымен, Немат Келімбетовтің екінші өмірінің жалғасы болып, өз елімізде ғана емес, өзге мемлекеттерде жарияланып, жұртшылықтың көңілін баураған шығармаларына берілген бағаға арналған іс-шараға еліміздің руханият саласының қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар, қаламгердің шығармасын сүйіп оқитын оқырмандар, Қытай елінен келген суретшілер, мәртебелі меймандар қатысты.
Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.