Мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін ұлықтауға арналған «Менің Қазақстаным» атты республикалық Патриоттар форумынан үлкен әсермен оралдым. Елін, жерін, Отанын жанындай сүйетін, мемлекеттік құндылықтарды жоғары әспеттейтін нағыз ұлтжанды жандардың басқосуына айналған маңызды шара серпінді істерге қозғау салып, тың бастамаларға жол ашты. Патриоттық пайым-түсініктің неден бастау алатынын айқындап берді. Ендігі мақсат, алдағы міндет – жер-жерлерде қанат жайып жатқан ғұмырлы өнегелер талмай насихатталып, нақты іс-әрекеттерге ұласып жатса, құба-құп болар еді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Жыл патриоты» айрықша белгісінің еліміздің мақтанышына айналған тұлғаларға тапсырылуының өзі – қолдауға тұрарлық үрдіс. 20 жасында жасындай жарқылдаған сирек талант иесі, айтулы боксшымыз Бекзат бауырымыз Қазақстанды әлемге танытқаннан кейін мыңдаған балдырғандар оған еліктеп өскен жоқ па. Олимп шыңын бағындырған оғыланның ұлтын, қазағын жанындай сүйген намысты тектілігі жастарға үлкен қозғау салғаны анық.
Жалпы, патриоттық сана-сезімді қалыптастырудың жолдары сан-алуан. Соның нақты үлгілерін ауыз әдебиетімізден көптеп кездестіруге болады. Өзіміз бала кезімізден батырлар жырын, қазақ ертегілерін жастанып, жаттап өстік. Халқын жақсылыққа жетелеп, бақытқа кенелткен, зұлымдықты үнемі жеңіп отыратын қиял-ғажайып кейіпкерлеріне ұқсағымыз келетін. Тау көтерген Толағайдың ерлігі тәнті ететін. Бұдан туатын қорытынды, ешкім патриот болып тумайды. Мұның өзі жүре келе, тәрбие арқылы қалыптасатын киелі сезім. Кеңестік кезеңде қаншама патриоттық бастамалардың дүниеге келгенін білеміз. Көбінің ғұмыры қысқа болып, жалаң, науқаншылдық аясынан шыға алмай жатқанын да ұмыта қойған жоқпыз. Біз көбіне соғыс кезінде жан қиған, от кешкен аға ұрпақты нағыз патриотизмге балап, бейбіт кезеңдегі жасампаз тағылымдарға мән бермей келдік. Кең байтақ еліміздің тарихы, ата-бабамыздың ұлтарақтай жеріне дейін қызғыштай қорғаған тұлғаларымыз тасада қалды. Ел ертеңі – жастармызды бақытты дейтінім, олар Тәуелсіз Қазақстанды өз қолдарымен құрысып жатыр. Білімді, ойлары азат, өз өмірлерін Қазақстансыз елестете алмайтын, елі, жері үшін жаны ауыратын ұрпақтың қалыптасқанына қуанамын.
Петропавл қаласындағы «Ботаникалық бақтың» директоры қызметін ширек ғасырдан бері атқарып келе жатқан Р.Рязапов Равил бабайдың айтқан мына әңгімесін естігенде нағыз патриот үшін Отаннан асқан мәртебе жоқ-ау деген ойға қалдым. Бірде Қызылжар өңіріне серуендеп келген америкалық бір топ оқушы бақты аралап жүріп жайқала өсіп тұрған Вашингтон пальмасының жанына тоқтай қалады. Жанарларынан от ұшқындап, жүздері балбұл жайнап сала береді. Бір уақытта сондай бір тебіреніспен, ерекше құлшыныспен Мемлекеттік әнұрандарын төгілдіре жөнеледі. Оларды жүрек қалауымен, еріктен тыс күшпен шырқатып тұрған қандай құдірет! Отанға деген махаббаттың биік үлгісі осылай болса керек.
Форумнан бір байқағаным, елімізде патриоттық бағыттағы қозғалыстар мен ұйымдар бірқыдыру екен. Солардың басын қосып, ортақ арнаға бағыттай білу, жаңашылдыққа, іргелі ізденістерге жетелеу, жақсылыққа ұмтылдыру – мұның бәрі, түптеп келгенде, ортақ игілік жолына қызмет етері сөзсіз. Ел патриоты болу – ұлы істер тындыру деген сөз емес. Әркім өз ісі арқылы Отанын көркейтуге, байлығын еселеуге ұмтылып жатса, мұның астарында туған жерге деген ерекше құрметтің, ізгі сүйіспеншіліктің жатқанын аңғару қиын емес. Бойындағы бар қабілет-қарымын ынтымақ-бірлікке жұмсаса, Қазақстанды мекендеп отырған сан алуан ұлттар ортақ іске білек сыбана кірісіп, бір-бірінің дәстүрлерінен, мәдениетінен шын ықылас-ниетпен үйреніп жатса, керегеміздің кеңейіп, шаңырағымыздың беріктене түсері анық. Біздің Солтүстік Қазақстан облысында өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге шын ниетпен ден қоюының өзі – егеменді елге деген құрметтің шынайы көрінісі дер едім. Осындай дәстүрлер аясында да адамды отаншылдыққа тәрбиелеуге болатынын ескерген жөн.
Отан от басынан басталады демекші, елдік рухтың, патриоттық тәлім-тәрбиенің бастауы мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден, қастерлеуден басталары анық. Өйткені, Әнұранымыз, Елтаңбамыз, Көкбайрағымыз – елдігіміздің, егемендігіміздің, тұтастығымыздың символы, әрбір қазақстандықтың ішкі жан сезіміне қозғау салып, асқақтатар, бірлікке үндер киелі нышандар. Әрине, патриоттық тәлім-тәрбие бір шара шеңберінде шешілмесі анық. Алайда, форум талайларға ой салды, жігерін жаныды. Елге деген ерекше құрметтің бір белгісіндей көпке дейін ұмытылмасы сөзсіз.
Жанкелді ТӘЖИН, «Менің Қазақстаным» республикалық Патриоттар форумының делегаты, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты.
Солтүстік Қазақстан облысы.