Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінулері тиіс» деген ұлағатты сөзі халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі қашанда басты назарда тұрады. Соған орай біздің негізгі міндетіміз халық сенімін барынша иеленіп, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады. Бұл біздің қызметімізді бағалаудың негізгі өлшемі. Ал ол отансүйгіштіктен бастау алады.
Бұл бағытта еліміз соңғы он жыл ішінде үлкен белестерге көтерілді. Жағымды үрдіс барлық салада, экономика мен саясатта, азаматтық қоғамда да көрініс тапты. Уақыт ағымына сай күш құрылымдарына қатысты заңдар да өзгеріске ұшырады. Сол себепті енді құқық қорғау жүйесі де мемлекеттің барлық институттарының даму деңгейіне сәйкес болуы қажет. Осы орайда құқықтық реформа полиция жұмысының тиімділігін арттырып, оны одан да сапалы әрі кәсіби етуге жол ашады. Құқық қорғау органдарын реформалаудың басты себептерінің бірі, жоғарыда айтқанымыздай, қоғамның полицияға сенімін арттыруға бағытталып отыр.
Бұл орайда ішкі істер органдарының (ІІО) оң имиджін қалыптастырудың 2009-2011 жылдарға арналған арнайы бағдарлама дайындалды. Осы бағдарлама аясында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және құқық қорғау қызметкерлерінің өздерінің де күш салуымен тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы беделін арттыру жұмыстары жүргізілуде. «Бәрін де кадрлар шешеді» деген қанатты сөз бар. Алайда, гәп кадрлардың барлық мәселені шешуінде емес, әңгіме білікті мамандарды қапысыз танып, бағалай алуда. Басты міндет – Отанын шексіз сүйетін ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда қазақстандық полиция кадрларын даярлауға қатысты бірқатар идеяларымыз жүзеге асуда. Ең алдымен біз құқық қорғау мамандарын патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесін жолға қойдық. Бұл бағытта тәжірибелі қызметкерлер, ардагерлер, өзінің озық ғылыми педагогикалық тұрғыдан осы саланы өркендетуге ұмтылған азаматтардан құрылған арнайы тәлімгерлік институт қызметінің негізі қаланды. Бұл бастама ішкі істер органдары қызметкерлерін кәсіби біліктілік пен адамгершілікке баулып қана қоймай олардың мемлекетшілдік, патриоттық сезімдерін қалыптастыруға да үлес қосады деген сенім мол.
Қазіргі таңда еліміздің бар аймақтарындағы ішкі істер органдарында кадр және тәрбие жұмысы саласы қарқынды жұмыс істеп келеді. Бұл саланың басты мақсаты – Отанын жанындай жақсы көретін биік парасатты, дүниетанымы мен ой-өрісі кең, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, қызметте азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермей, Қазақстан Республикасының заңдарын, ІІМ-нің шешімдерін қатаң сақтайтын азаматтарды ішкі істер органдары қатарына қабылдау. Себебі, кадр даярлау ісі мұқияттылықты қажет етеді. Кез келген қызметкерді жұмысқа аларда оның шыққан жеріне, отбасылық жағдайына және өз ортасындағы тәрбиесіне аса мән берген жөн. Сонымен қатар, талапкер психологиялық тестіден де сүрінбеуі тиіс. Осы талаптарды еңсергенде ғана халқының қорғаны болатын нағыз қаһарман ұл-қыздарды саптан көре аламыз.
Жаңа онжылдықта бізге демократиялық мемлекеттегі құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесі қажет екенін Елбасы Жолдауында қадап айтты. Бойына борыш пен намысты, ар мен адалдықты серік етіп, қоғамымыздағы тыныштықты сақтауда, қылмыстылықпен күресте аянбай еңбек етіп жатқан құқық қорғау органдары қызметкерлері мен тәртіп сақшыларына бұл маңызды құжаттың құндылығы да жан-жақты насихатталып келеді. Ел тыныштығын сақтауда алдыңғы шепте тұрған полиция қызметкерлері үшін ең қажетті қасиет – тәртіп пен патриоттық тәрбие. Себебі, күнделікті заңды белден басқандармен, тіпті нағыз қаныпезер қылмыскерлермен де бетпе-бет кездесіп жөнге салатын полиция қызметкерінің дүниетанымы мен рухани байлығы үстем болуы қажет. Ал бұл үшін тәрбиелік мәні бар іс-шаралардан полиция қызметкері әрдайым мәдени және рухани азық алып отыруы тиіс.
ІІМ аясында ұйымдастырылатын түрлі тәрбие жұмыстарының – генералдар кеңесі, республикалық және облыстық ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестіктерінің жұмысын жандандыру, офицерлік жиындар, ІІО-да мұражай ашу, жауынгерлік даңқ бөлмелері қызметін іске қосу, Ұлы Жеңіс мерейтойын тойлау қарсаңында салтанатты кеш, әскери-патриоттық өлеңдер фестивалі, көңілді тапқырлар клубы ойындары мен түрлі фестивальдарға арналған бірқатар салтанатты іс-шаралар, т.б. негізгі бағыттары ішкі істер органдарының болашақ қызметкерлерінің мемлекеттік-құқықтық дүниетанымның, кәсіби-адамгершілік, құқықтық және патриоттық тәрбиесін қалыптастыру, жоғары тұлғалық қасиеттерін дамыту, ІІО беделін көтеру болып табылады. Соған орай тәрбие және кадр аппараттары, ең алдымен, жауапкершілікті күшейту, кәсіби шеберлікті жетілдіру, заңдылықты нығайту, мәдени және зияткерлік деңгейді көтеру мақсатында әрбір қызметкерге жеке ыңғайлы әдісті қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдары қызметкерлерінің имиджін көтеру мен патриоттық тәрбие жүргізудің 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасын әзірледі және жүзеге оны біртіндеп асыруда.
Жас қызметкерлерді отансүйгіштікке тәрбиелеуде Ардагерлер кеңесінің алар орны ерекше екенін айта кеткен жөн. Ішкі істер органдары ардагерлерінің басты міндеттері аға буынның жастарды тәрбиелеуде және қалыптастыруда сабақтастығы, өз өмірін қылмыспен күресуге арнаған жас қызметкерлерді құқықтық тәртіпті бекітуге, патриоттыққа, интернационалистікке, адамгершілікке және кәсіби шеберлікке тәрбиелеу болып табылады.
Өткен өмір ізсіз жойылып кетпейді, ол тарихи маңызы зор мыңдаған материалдық-рухани мәдениет ескерткіштеріне айналып, болашақтан болашаққа жалғасып жатады. Әрине, бұл құндылықтар мұражайда сақталып, насихатталады. Мұражайдың басты мақсаты – ішкі істер органдарының жас буын қызметкерлерін тәрбиелеу, полицияның (милицияның) күнделікті өмірін, даңқты және ерлік дәстүрлерін халық арасында насихаттау, полиция (милиция) бөлімшелерінің алғаш құрылған кезінен бастап қазіргі кезге дейінгі қалыптасу, даму, жарақтану тарихы туралы, міндеттеріне адал да берік адамдар туралы естелікті мәңгілікке қалдыру. Полиция қызметкерлерін батыр-патриоттық тәрбиелеу орталығы – осы мұражайлар мен жауынгерлік даңқ бөлмелері. Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелерде 45 мұражай мен 32 жауынгерлік даңқ бөлмесі қызмет етеді.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерекше көзге түсіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде батылдық пен қайсарлық көрсеткендері үшін бірқатар полиция қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды тапсырды. Өкінішке қарай, айбыны асқақтап, ерліктері еленген жігіттердің кейбірі арамызда жоқ. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері қызметтік міндетін атқаруда ерлігімен көзге түскен 800-ден астам полиция қызметкері марапатталса, бүгінде олардың 77-сі арамызда жоқ. Ерлікпен қаза болған осы қызметкерлердің құрметіне орай мемориалдық тақта, ескерткіш ашып, есімдерін көшелерге беру үдерістері ешқашан қалтарыста қалған емес. Себебі, қылмыскерлердің қолдарынан қаза тапқан бұл қызметкерлердің есімдерін әріптестері мәңгілік есте сақтайды.
Елбасымыздың саламатты өмір салтын ұстану мақсатында полиция қызметкерлері арасында апта сайын спорттық түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Қым-қуыт полиция қызметінің арасында спортқа уақыт тауып жүрген қызметкерлеріміздің бары біз үшін мақтаныш. Күні-түні қызметтің таусылмайтын тапсырмасымен жүрген полицейлер үшін спорттың орны бөлек. Екі саланың ажырамас бірлікте болуы керек екені дәлелдеуді қажет етпейді. Себебі, сергектікті талап ететін қызметте спорттың көмегінің зор екені белгілі. Бізде қызмет пен спортты қатар алып жүрген мықты спортшы-полицейлеріміз аз емес. Қазақстандық сақшылардың ІІМ-нің намысын қорғап, халықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз.
Полицияға қабылдау және оның сапалы құрамын дайындау мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Жас полиция қызметкерлерімен мақсатты бағытталған тәрбиелеу жұмыстарын жетілдіруде, олардың кәсіби шеберлігін арттыруда қоғамдық құрылымдар: тәлімгерлер кеңесінің ардагерлер ұйымдары, офицерлік және полицейлер жиналыстары маңызды үлес қосуда. Олар ішкі істер органдары мен бөліністерінің басшыларына жеке құрамды тәрбиелеуде, моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуда, ұжымдағы тәртіп пен заңдылықты, кәсіби шеберлікті арттыруда, жедел-қызметтік жұмысты жетілдіруде, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің бос уақытын ұйымдастыруда үлкен көмек көрсетуде.
Полиция қызметінің тиімділігін арттыру үшін ең бірінші ішкі істер органдарында қызмет етудің беделін арттыру керек екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Ал бұл дәрежеге біз ІІО-ға биік саналы азаматтарды тарту арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Ішкі тәртіп, құқық қорғау қызметінің маңызын арттыру жалпы халықаралық тұрғыдан да маңызды болып отырғаны жасырын емес. Сол себепті де біз ішкі істер органдарына кадр даярлауда мамандардың кәсіби біліктілігін, білімін арттырумен шектелмеу керек екендігін ұғындық. Бізге мәлім шығыс даналығы «Тәрбиесіз берілген білім – ақымаққа қанжар ұстатқанмен тең» демеуші ме еді?! Бұл мақалды бүгінгі нақты жағдаймен салыстыра отырып айтар болсақ, құқық қорғаушыға шен беріп, қару ұстатардан бұрын оның ішкі жан дүниесін тәрбиелеп алудан бастаған ләзім. Құқық қорғаушының жүрегіне биік сана, озық парасат, таза ниет ұялатпайынша, оған кәсіби білімнің де қажеті шамалы. Бұл кезде керісінше құқық қорғаушыдан азаматтарды қорғауға тура келетін фактілерге ұшырасамыз. Алдымен құқық қорғау саласын таңдаған жас мамандық иелерінің көзқарастарын түбірлі зерделеп алмайынша, олардың бойына патриоттық ұрығын себіп, елін, жерін сыйлауға тәрбиелемейінше, сапалы маман туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Сондықтан да, «қазіргі құқық сақшысының рухани бейнесі қандай болуы керек?» деген мәселе күн тәртібінен түскен емес.
Қай мамандық болмасын, өз ісіңнің асқан шебері болуға тырысқан дұрыс. Ал білімі бар, патриоттық сезімі жетерлік, іскер, мақсатшыл, ерік-жігері мығым болу – бұл ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын басты талап. Бізге жұмысқа орналасуға келген жастардың бір жақсы қаcиеті – отансүйгіштігі. Көздерінде от ойнайды, өжеттік бар. Полиция қызметінің қыр-сырын меңгергісі келіп, қызығушылық танытып тұрады. Білімді, ой түйсіктерін жетілдіріп, соңғы жаңалықтардан құлағдар болып отыратын мінездеріне көңілім толады. Патриоттық сезімді ата-ананың түсіндіруімен отбасында сезініп өскендері көрініп тұр. Көлденең кездескен тосқауылға түңілмей, өзін өзі шыңдап, ысыла түссе, онда сол адамнан үміт күтуге болады.
Амантай КҮРЕҢБЕКОВ, Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор.