Қазақстанда бұл саланың дамуы әлем ғалымдарының назарын аударуда
Жарық дүние кеңдігін әлі сезініп үлгірмеген маңғыстаулық екі жасар сәби аяқ астынан ауыр науқасқа шалдықты. Ойламаған жерде оңбай құлап, басына жарақат түсті. Енді оны емдету үшін сонау Швейцарияға немесе Израильге сапар шегу қажет болды. Бірақ ол үшін қыруар қаражат та керек еді. Оған қол қысқа. Ал уақыт өткізуге болмайды. Бос өткен әр күн қайран сәбидің ажалын жақындата түсуі мүмкін. Сондықтан ол баланы сол маңғыстаулық нейрохиругтер де емдер еді, бұл бағыттағы тәжірибе аздау, қол байлаулы. Бірақ баланың бағы бар екен, оны емдеуге талпынып отырған нейрохирургтерге Ресейдің, Швейцарияның және Израильдің мамандары көмек қолын созды. Олар баланың бар жағдайын сұрап біліп, соған орай не істеп, не қою керектігін айтып, келелі кеңес берді.
Бұл аталған мамандар өз елдерінде жатып маңғыстаулықтармен хабарласпағаны анық. Олар Астанада бас қосқандықтан ғана телекөпір арқылы өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал елордаға жалғыз бұл үш елдің ғана емес, АҚШ, Жапония, Аргентина, Германия, Швеция, Үндістан, Қытай, Түркия, Иран және Греция секілді алып елдердің ірі нейрохирург мамандары да жиналған еді. Олар «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында» Нейрохирургиялық қоғамдастықтардың Дүниежүзілік федерациясының, Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақ нейрохирургтары ассоциациясының атсалысуымен өткен халықаралық конференцияға қатысты. Солардың ішінде Нейрохирургиялық қоғамдастықтардың Дүниежүзілік федерациясының президенті, профессор Питер Блэк пен аталған федерацияның білім беру комитетінің төрағасы Йоко Като және Мәскеудегі Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Александр Коновалов та болды. Олар нейрохирургия саласындағы тың тақырыптарға орай дәрістер оқып, шеберлік тәжірибелерін көрсетті. Осыған орай біз ғылым мен білімнің шыңына көтеріліп, адамды емдеу саласындағы ең ғажайып жетістіктерге жеткен әлемнің алдыңғы қатарлы ұйымдарынан келген мамандарға жолығып, қазіргі қазақстандық нейрохирургияның жай-күйі туралы сұраған едік.
Шетелдіктер не дейді?
Біз әңгімелескен Нейрохирургиялық қоғамдастықтардың дүниежүзілік федерациясы білім беру комитетінің төрағасы Йоко Като бұл аталған курсқа екі жүзден астам адам қатысқанын және әртүрлі елдерден осы салаға байланысты мұншама адамның жиналып бас қосуы сирек болатын жағдай екенін, соған орай Орталық Азияның көптеген беделді нейрохирургтерімен кездесудің сәті түскенін айтты. Аталған конференцияда ең басты назар, әлемнің ірі нейрохирургия орталықтары қол жеткізген ғылымның жоғары нәтижелерін, тәжірибесі мен білімін бөлісуге ауды. Онда теориялық дәрістер оқылып, эндоскопия бойынша практикалық тәжірибелер көрсетілді.
Жалпы, Йоко Като әлемдегі бес құрлықтағы жүзден астам елдерді қамтитын елу жылдық тарихы бар дүниежүзілік нейрохирургиялық федерация қоғамында жұмыс істейді. Ал олардың бас кеңсесі Женева қаласында орналасқан, бірақ өзі Жапониядан көрінеді. Ең басты негізгі міндет дамушы елдердің нейрохирургтерінің одан әрі дамуына көмектесуді ұйымдастыру болып табылады, дейді ол. Олар медицина саласындағы жас нейрохирургтерді қолдауға айрықша мән береді. Алайда, ол бұрын көріп, біліп көрмеген, тек сырттай құлағдар болып жүрген Қазақстанға келгенде, таңданысын жасырмапты. Жоғарыда айтқанымыздай, олар қазақстандық нейрохирургтерге бәрін басынан бастап үйретеміз деп келсе, олардың өздері бұл жерден көп нәрсе алғанын қуана әңгімелейді.
«Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында» нейрохирургия барысы өте жоғары, дейді. Менің мұнда бірінші рет келуім. Жапонияда жүргенде біз бәріміз ойлаушы едік, Қазақстан деген түз дала, өркениеті жоқ ауылдар деп. Олар тек қана мал бағумен айналысады деген пікір қалыптасқан. Ал енді мұнда өзіміз келіп, өз көзімізбен бәрін көріп, қолымызбен ұстағанда, шынымызды айтсақ, таңғалдық. Бұған дейін Қазақстан туралы бізге жеткен ақпараттардың бәрі өтірікке айналды. Біздің ұғымымыздағыдан Қазақстан мүлде бөлек ел екен. Астана қандай қала! Ал мына өзіміз конференция өткізген нейрохирургия ғылыми орталығы әлемдік деңгейге қалай көтерілген дейсіз. Таң тамаша қалдық. Себебі, Орталық Азияда бұған теңесетін мұндай орталық жоқ. Мен сіздердің көршілеріңізде де болдым. Сондықтан бұл орталықты ондағы жаңа заманауи медициналық құрылғылар мен қатар соған сай білікті мамандардың барлығына байланысты тек Мәскеудегі Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтымен салыстыра аламын. Астана қаласының сәулеті мен мұндағы жоғары білім және ғылым деңгейі жалпы Қазақстан туралы өзгеше пікір, керемет әсер қалдырды.
Нейрохирургиялық қоғамдастықтардың дүниежүзілік федерациясының білім беру комитетінің төрағасы Йоко Катоның айтуына қарағанда, олар мұнда түрлі оталар жасау арқылы қазақстандық нейрохирургтердің шеберлігін сынға салып байқапты. Нақты тәжірибе жүзінде көздері жеткен соң ғана шетелдік мамандар қазақстандықтар қызметіне жоғары деген баға беріпті.
Жалпы, осы конференцияға жиналған 270-тей мамандардың 100-ге жуығы қазақстандықтар көрінеді. Осыншама қазақстандық нейрохирургтерді бір мезгілде шетелдік озық мамандардың алдына әкеліп білімдерін ұштап алу орасан жетістік болып табылады. Осының арқасында ғана қазақстандық нейрохирургтердің 50 пайызы аталған федерацияның сертификаттарына ие болды. Ең бастысы, біздің адамдар шетелдік озық мамандардың дәрістерін тыңдап, олардың қалай күрделі оталарды жасайтынын көздерімен көріп, қиын ауруларды емдеу амалдарына тәжірибе жүзінде көз жеткізді. Мәселен, бәрі бес саусақтай анық әрі түсінікті болуы үшін курс тыңдаушыларына Мәскеудегі Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтындағы жасалынып жатқан ота барысын экраннан сол күйінде көрсету арқылы дәріс оқылды. Институттың директоры академик А.Коновалов пен оның орынбасары ми ісігіне және миға реконструкциялық күрделі ота жасау амалын осылайша нақты іс барысында көрсетіп, егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Бұл біздің нейрохирургтерімізге үлкен азық болғаны анық. Әрине, мұндай оталар елімізде де жасалатыны белгілі, дегенмен осындай жағдайда Мәскеудің нейрохирургтері отаны қалай жасайтындығын салыстыру арқылы оның жаңа бір қыр-сырын үйрену артық етпейді.
Конференция не берді?
Бұл әлемдік нейрохирургтер жиынының барысы телекөпір арқылы Ақмола облысына және тікелей Мәскеуге көрсетілді. Осы кезде ота жасаған Үндістанның да нейрохирургиясы осал еместігін танытты. Үндістандық профессордың тәжірибесінен де көп пайда алынды. Әсіресе, Германиядан келген маман мұрын ішіндегі ісікке қалай ота жасалатындығын айқын көрсетті. Әрине, мұндай күрделі талай операциялардың түр-түрі өзіміздің орталықта жасалып жүргені рас және ешбірінің шетелдік мамандардың жасағанынан кем қалып жатқаны жоқ. Дегенмен, өзгелердің бұл бағыттағы шеберліктерін түсіп, озығын үйрену, ерекшеліктерін ескеру бір басқа. Өйткені, бұл операциялардың барлығы да қазақстандық нейрохирургтермен бірге жасалғанын айту керек. Ал бәрінен бұрын осы ота жасалған науқастар операциядан кейін өздерін бірден өте жақсы сезінген. Қазіргі күні олар аттай шауып, үйлеріне қайтып та кетіпті. Біз үшін мұндай басқосулардың, оқулардың керегі осы, науқастың денсаулығының тез түзелгені, айығып, қатарға тез қосылғаны, дейді «Республикалық Нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов.
Бұл ретте әлемнің әр түкпірінен жиналған өз саласының маман дәрігерлері бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, өздеріндегі жаңалықтарын ортаға салған. Оның өзегі ақ халатты абзал жандардың Гиппократ антына сай өзгеге көмегім тисін дегендей, өз білгендерін өзгелермен жасырмай ашық бөлісетіндігінде болып отыр. Серік Ақшолақовтың айтуына қарағанда, бұлар да дүниенің төрт бұрышынан атақты мамандар келетін болғандықтан, осы қалай деген яғни, сырқаты ауырлау, қолдағы ем-домға көне қоюы қиындау науқастарды іріктеп алған. Сондай ұзын саны 25 науқасты жоғарыда аталған әлемнің әр шалғайынан келген шетелдік дәрігерлер жабыла қарапты. Олар науқастардың түсініксіздеу деген дертін тап басып айтса керек. Әрине, мұндай кеңесті енді басқа ешкімнің бере алмасы анық. Сондықтан бірнеше науқастарды жабыла қараған дәрігерлердің кеңесі оларды алдағы уақытта емдеу барысында дұрыс бағыт ұстануға көмегін тигізетіні анық. Оның үстіне бір науқасты бірден бірнеше елдің профессорлары тегін қарап, құнды кеңес бере алды. Демек, осы нәтижелерге ой жүгірте қарасақ, мұндай дәрежеге яғни, осындай жетістікке жеткен ел де бар, жетпегендер қаншама демекпіз. Өзімізге көршілес кейбір елдердің адамдарына мұндай жағдай жасау түстеріне де еніп көрмегені анық.
Елбасының ерен еңбегі
Ал осыншама қуатты, өркениетті елдердің мамандары неліктен Қазақстанға ат басын бұрып, соншалықты тегін қызметтерімен бөлісіп жатыр деген ойдың да іркіліп қалатыны бар. Сонда бұған нақты жауапты «Республикалық Нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Қуандықұлы Ақшолақов Елбасының атымен байланыстырды. Егер Қазақстанда осындай әр бөлмесі ат шаптырым кең сарайдай сәулеті мен мәні жарасқан ғимарат салынбағанда, оның іші әлемдегі ең озық медициналық жабдықтармен, мамандар керек-жарақпен түгел қамтамасыз етілмегенде, кез келген қиын операцияларды жасауға толық мүмкіндік қарастырылмағанда, нейрохирургия саласындағы мамандарымыз шетелден оқып, жетіліп келмегенде, бір сөзбен айтқанда, не керектің барлығы жасалмағанда, сөйтіп шетелдіктермен иық түйістіріп тұрмағанда, қазіргі жағдай арман күйінде қала берер еді. Сороко университетінің нейроренемотологиясын басқаратын профессор Шакиро: «Біздің бұл елге қызыққанымыз, осыдан үш жыл бұрын бір мезгілде Израильге қазақтың жүзден астам дәрігерлері оқуға келді. Олардың барлық шығынын Үкімет көтеріп алған. Мемлекет тарапынан мұндай қамқорлықты мен бұрын-соңды көргенім жоқ. Және әлгі оқуға келген дәрігерлердің 90 пайызы жастар» деп, таң тамаша қалған. Содан әлгі профессор қазақ жастарының білімге деген орасан құштарлығын байқап, Қазақстанда не болып жатыр екен деп шын мәнінде қызығушылық танытқан екен.
Демек, нейрохирургия саласына Елбасының осыншалықты орасан жағдай туғызғанының арқасында әлемдік қауымдастықтар арасында зор беделге ие болдық. Сөйтіп, мәселен 70 жылдық тарихы мен терең ілімі бар ресейлік Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының мол тәжірибесі, сол сияқты нейрохирургия саласының қалыптасқанына сексен, тоқсан жыл толған Еуропа білімі өздігінен келіп елімізге құйылып жатыр. Бұл 20 жылда жеткен Елбасымен бірге ел Тәуелсіздігінің нақты жемісі. «Еуропаға жол» бағдарламасы орындалуының бір көрінісі. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, Шакиро секілді профессорлар енді қазақтың топырағына бір емес, бірнеше рет аяқ басып үлгерді.
Ал осы орайда еліміздің нейрохирургия институтының яғни, мидың қан тамырларын емдейтін орталықтын құрылғанына үш-ақ жыл толғанын ескерген жөн. Соған қарамастан, нейрохирургия саласына байланысты шетелдік озық ойлы мамандар қазақстандықтарға бірге жұмыс істеуді ұсынып отыр. Жалпы, медициналық салада ғылымның шыңына шыққан, білімнің нәрін игерген, үлкен дәреже, атақтарға қол жеткізген білікті мамандар, енді сол барлық жиған ілімдерін өзгелермен бөлісуді жөн көреді. Озық ойлы адамдар арасында мұндай дәстүр бұрыннан қалыптасқан. Сондай ізгіліктің Қазақстанда да нұр шашуын олар қалап отыр. Себебі, қазірдің өзінде өздерімен иық түйістіруге жарап қалған елдің ертеңі, олардың ғылымы мен білімі орасан шарықтайтынын аңғарды. Жалпы, дүниежүзілік нейрохирургтер арасындағы бірлік жоғары деңгейге көтерілген. Олар қай елдің бұл саладағы ғылымы мықты, соны араларына тез алып, одан әрі дамуына қолдау көрсетеді. Мәселен, Серік Қуандықұлының өзі талай елдің ірі нейрохирургтерімен таныс екен. Соларға кез келген уақытта хабарласа қалғанда, олардың бірде-бірі уақыттарының тығыздығына қарамастан, кеңес беруден тартынып көрмеген. Бұл, әрине, бір жағынан шетелдіктердің де кіммен хабарласып тұрғанын білгендіктен болса керек.
Бұл жолы біздің елімізге әлемнің 22 елінің нейрохирургтері жиналды. Ал осыдан екі жыл бұрын АҚШ-та Дүниежүзі нейрохиругтерінің съезі өткенде оған 40 елден өкіл келді. Бірақ ол атының өзі айтып тұрғандай съезд еді, ал Қазақстандағы дәріс алу конференциясы екенін ескеру керек. Оның үстіне мұндай оқулар әр елдің өз аймағына қарай өткізіледі. АҚШ, Еуропада өз аймағына қарай елдерден оқуға жиналады. Демек, қазақстандық дәрігерлер өз аймағын тұтас қамти алып, қазіргі мүмкіндік қарқынына орай Орталық Азияда жетекшілікке айнала алатыны сөзсіз. Оған тағы бір дәлел, бізбен көршілес елдер ми ауруларына ұшыраған науқастарын емдетуге Қазақстанға арнайы жібереді.
Алдын алса амал көп
Нейрохирургия өте күрделі сала болғандықтан, онда қызмет ететін мамандар да өте жоғары білімді болуы керек. Ауруы әбден асқынған науқастар да жоқ емес. Әсіресе, жайбасарлыққа салынып ми ісігінің ауруын асқындырып алған адамдарға тез арада сауығып кететіндей ем жасау қиын. Сондықтан мұндай ауру түріне шалдыққан науқастарды дер кезінде қараса, оларға түгел дерлік ем жасауға болады, дейді С.Ақшолақов. Адамдар көбіне өз ауруын өзі жасырып, уақыт өткізіп алады. Мәселен, ми ісігінің алғашқы белгілері ретінде бас ауруы, бас айналуы, көздің бұлдырауы, секілді өзге де көптеген көріністерін айтуға болады. Алайда біздің адамдар осының өзіне мән бермей екі, үш жылдап жүріп алады. Бірақ орталыққа қанша науқас келсе де дәрігерлер оның бәрін де емдеуге тиіс. Алайда, кейінгі жағдайларға байланысты ол науқастың күтімі қандай дәрежеде сақталатындығы да жасалған емнің қаншалықты тиімді болғандығын анықтайтыны сөзсіз. Сондықтан Елбасымыз Жолдауында атап өткендей, қазіргі күні алдымен ауруды болдырмаудың жолын қарастыру қажет. Алдын алу шараларын қолға алып, кез келген адамның өз ауруын асқындырып жібермеуі үшін күресу керек. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде дегендей, нейрохирургия орталығы осы бағытта да ілгері қадам жасап үлгерді.
Олар енді қауіпті дерттің қайдан бастау алатынын білетіндіктен, төменгі буындағы дәрігерлерге аурудың алдын алудың жолдарын үйретуі тиіс. Егер науқастан жоғарыдағыдай белгілер анықталса, бұл ми ісігінің алғашқы көріністері, сондықтан оларды сол мезетте нейрохирургия амалдарымен тексерудің шараларын қарастыру қажет екендігін түсіндіру керек. Сонда ғана көптеген науқастың өмірі сақталады. Ал жергілікті жерлер үшін нейрохирургтерді дайындау ісін «Республикалық Нейрохирургия ғылыми орталығы» өз мойнына алып отыр. Өйткені, ми ісігінің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Қатерлі ісік, қатерсіз ісік дегендей. Сол қатерлі ісіктің өзі төрт дәрежеге бөлінеді. Қатерлі ісіктің үшінші, төртінші дәрежесіндегі науқастар өмірін айлап созу ғана қолдан келеді. Қатерсіз ісіктердің көбі жазылып кетеді. Қан тамырларымен ауырған науқастарды түгел дерлік сауықтырып шығарамыз, дейді мамандар. Оларға бұрынғыдай мүгедектік деген берілмейді. Өйткені, бұзылып, жарылып тұрған қан тамырларын ота жасап қайта қалыптастырғаннан кейін адам денсаулығы да бұрынғы қалпына оралады. Әрине, дәрігерлер араласқанға дейін ол адам инсульт алса, онда оған мүгедектік беріледі. Бірақ алдын ала емдеу инсультқа соқтыртпау жолы.
Түйін
Әрине, еліміздің нейрохирургиясы әлі жас. Жас та болса жоғары жетістікке жетіп жатқаны жан жадыратады. Жоғарыдағыдай оқу конференцияларын жиі ұйымдастырып, әлемнің ең озық елдерінің нейрохирургиясынан тәлім-тәрбие алу өте қажетті іс. Алда тұрған әуелгі міндет әлемдік жаңа технологияларды ендіру мен жаңа ота жасаудың амалдарын үйрену еді, қазір аталған орталық мамандары мұны жүзеге асырған секілді. Ендігі міндет білім алуды одан әрі тереңдете түсу болып отыр. Сондықтан Қазақстан дүниежүзі нейрохирургтарын оқыта алады деу әлі ертерек шығар, дегенмен жоғарыда айтқанымыздай, шетелдік ірі нейрохирург мамандарымен елімізде бірге білім беру бәріне пайдалы болары анық. Оған еліміздің толық мүмкіндігі бар. Нейрохирургия саласында үш ірі яғни дүниежүзі нейрохирургтерінің съезі, еуропалық нейрохирургтердің съезі және Азия елдері нейрохирургтерінің конгресі бар. Осыған орай, – дейді Серік Қуандықұлы, – 2014 жылы Бүкілазиялық нейрохирургтерінің оныншы конгресін Астанада өткізетін болып келістік. Оған келісімге келу де оңай болмаған көрінеді. Жеті бірдей мемлекет атынан нейрохирургтер орталықтары аталған конгресті өз елінде өткізу үшін тапсырыс беріпті. Саралау жасырын түрде жүргізілген. Ақыры қазақстандықтар жеңіп алған. Бұл өте үлкен шара, оған Азия аймағынан түгел жиналады. Демек, дайындық шаралары бүгіннен басталуы керек. Міне, осы орайда бұған Үкімет тарапынан қолдау әрі көмек болып жатса, нұр үстіне нұр деген сөз. Өйткені, жалғыз нейрохирургия орталығының аталған конгресті өткізуге шамасы жетпейтіні белгілі.
Осыдан төрт ай бұрын Серік Ақшолақовтың Германияда болғаны бар. Сонда оған неміс әріптестері жаңадан ойлап табылған су жаңа медициналық құрылғыны көрсетеді. Қазақстандық профессор аспаптың керемет мүмкіндігін тез аңғарып, оны өз елінде тәжірибеден өткізуді ұсынады. Сол жерде өзі құрылғыны игеріп те алады. Бұл сиқырлы аспаптың ерекшелігі сонда, ол микроскоп пен эндоскоптың біріктірілуімен соңғы компьютерлік технологиялық жетістіктер арқылы қан тамырларын 30 есе үлкейтетіндігінде екен. Ал қолданыстағы микроскоптар тамырды бар болғаны 10-12 есе ғана үлкейте алады. Міне, осы әлем әлі естіп, көрмеген аспапты С. Қуандықұлы кешегі елімізде өткен конференция кезінде шетелдік мықты деген нейрохирургтер алдында сынақтан өткізеді. Ол жұлын ішіндегі ісікке ота жасайды. Нәтижесі өте жоғары болды. Сонда бұл жетістікке Ресейден, Жапониядан, Үндістаннан келген ірі профессорлар таң тамаша қалып, аузын ашып, көзін жұмды. Өйткені, оларда мұндай аспап жоқ, көрген де емес және оны қалай қолдану қажеттігін де білмейді. Сөйтіп, Қазақстанда білгір ғалымның біліктілігінің арқасында су жаңа аспап арқылы жасалған ота нәтижесі ел нейрохирургиясының озық елдерден бірде бір кем емес екендігін және келешегі мұнан да зор екенін әлемге тағы бір нақтылап берді.
Александр ТАСБОЛАТОВ.