17 Маусым, 2011

Еңбек. Бәрін де жеңбек!

737 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Хакім Абай өзінің жетінші қара­сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұра­ды... Біреуі білсем екен демеклік...» дей келіп, одан әрі осы мінез-құлықтың қыр-сырын тара­тып әке­тетіні өзімізге белгілі десек, бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Арық­бай Ағы­баев бала кезінен-ақ білуге, айналасын тануға ынтық болыпты. Оны қаршадай кезінен білетін ауылдастардың айтуын­ша, тап бір ересек адамдарша сал­мақ­ты, ойға бейім бала өзгелер сияқ­ты асыр салып ойнаудан гөрі, кім не деді, оны неге айтты деген ойдың аста­рын ашуға құмар болған сияқты. Иә, ол бізге сабыр­лы, салмақ­ты қалпымен жарала салған­дай кө­рі­нетін. Бір қызығы, осындай балаң сезім бойымызға сіңіп қалған ба, әлі күнге Арықбай ағамыз не айтса да дұрыс па, бұрыс па деп ой жүгіртіп жатпаймыз, оның сөзіне жүгінеміз. Әрине, ол қашанда жөн әңгіме айтады ғой. Жалпы, Арық­бай ағамыз да кейінгі ұрпақ­тың өзінен орнықты ой, ағалық мінез күтетінін сезінетін болар, қашанда кейінгі жастарға бай өмірлік тәжі­рибесінен ақыл-кеңесін айтып, жөн-жоба көрсетуден шар­шаған емес. Сол ойлардың бәрі де көкейімізге қонатыны ғой, біз оның әр ісін өзімізге үлгі-өнеге тұтып өстік. Осы жерде сәл шегініс жасап, бір жәйтті айта кетсем, Қазақстан ғы­лы­мына бүгінде сүбелі үлес қосып жүрген ғалымдардың біразы, нақ­ты­лап айтсам 15 ғылым док­торы, 50-ден астам ғылым канди­даттары біз­дің Қастек ауылының түлектері екен. Солардың ішінен заң ғылы­мына түрен салған А.Ағы­баев бо­ла­тын. Түрен салған деген сөзді де жайдан-жай айтып отыр­ғаны­мыз жоқ. Оны өзімізге өнеге тұтқан бір топ інілері біз де осы саланы таң­дадық. Өзімізге белгілі, сонау өткен ға­сыр­дың 60-жылдары ауыл баласы не­г­ізінен екі-үш оқудың ғана атын білетін. Оның бірі – малдәрігерлік, екіншісі – ауылшаруашылық, үшін­шісі – мұғалімдік оқу еді. Сол жыл­дар­ғы жастардың бәрі дерлік осы ма­мандықтарды таңдайтын. Ал Арық­бай ағамыз болса, осы қалып­ты жәйт­тен ауытқып, заң саласын неге таңдады? Оны қайдан білді дегенге келсек, бұл сұрақтың тек тамыры – осы Қастек ауылының тумасы, кезінде Варшава университетін бітірген, Қазақ АССР-інің алғашқы прокуроры болған Қанай Боранбаев атамызға барып тіреледі. Иә, Алматыдағы мемлекеттік уни­вер­ситеттің заң факультетіне оқуға Арекең де бірден түсе сал­ған жоқ. Ол төрт жыл шопан болып, бұл оқуға әбден зарығып барып түсті. Әрине, басқа оқуға барса, мектеп бітірген жылы-ақ оның студент атанатынына еш күмән жоқ еді. Бірақ ол бар ниетімен Қанай ата­мыз сияқты заңгер болуды қала­ды. Ол кезде университетте сабақ тек орыс тілінде жүретін. Ауылда тірі орыс­ты көрмей өскен Арықбай бұл тіл­дің қиындығын да өзінің алғыр­лығы ар­қасында жеңіп шық­ты. Сөйтіп, бү­кіл университеттің мақта­ны­шына айна­лып, Лениндік стипендиат атанды. Осындай белсенділігінің арқа­сын­да ол университет бітіргеннен кейін, бірден Философия және құ­қық инс­ти­тутына жұмысқа орна­лас­ты. Бұл ғы­лыми ортада да ол өзінің ізденгіш өрен екенін көрсете білді. Сөйтіп, 1970 жылы Мәскеу­дегі Мем­лекет жә­не құқық инсти­туты­ның аспирантура­сына жолдамамен оқуға аттанды. Ара­ға 3 жыл салып, канди­даттық диссер­та­ция­сын қорға­ған Аре­кең енді ғылы­ми ізденісін тәжі­рибемен ұштас­тыру­ды ойлап, Ал­маты облыстық соты­ның мүшесі болып, табаны күре­к­тей 5 жыл бойы осы жұмысты атқарды. Әйтсе де, білімге, ғылымға деген құштарлық оны өз тыл­сы­мына қарай тарта берді. Сөйтіп, ол 1978-1981 жылдары Қара­ға­нды мемлекеттік университетінің құқық және қылмыстық іс жүр­гізу кафедра­сының аға оқыту­шы­сы болды. Ал 1981-1990 жылдар аралығында Қыз­дар педагог­ика­лық институ­тын­да дәріс берсе, ел тәуелсіздігін алған шақтан бастап, Қазақ ұлт­тық университетінде еңбек етіп келеді. Әрине, осы жылдар арасында ол ғылыми ізденісін де індете жүрді. Сөйтіп, 1997 жылы «Лауа­зымды тұл­ғалардың қызмет жө­нін­дегі қыл­мыс­тары үшін жауап­тылықтың теория­лық пробле­ма­лары» деген тақырыпта доктор­лық диссертациясын қорғады. Иә, бүгінде А.Ағыбаев – қыл­мыстық құқық және криминология ғылымы саласындағы ірі маман­дар­дың бірі. Ол Қазақстан Рес­публи­ка­сының жаңа Қылмыс­тық кодексі­нің жобасын жасауға белсене қатыс­ты. Жалпы көлемі 670 баспа табақ­тан асатын 560-тан астам ғылыми еңбек­тің ав­торы, оның ішін­де «Қа­зақстан Рес­публи­ка­сы­ның кодексіне тү­сін­дірме», «Қазақ­стан Рес­публи­ка­сын­да­ғы қызмет өкілдігіне қия­нат жаса­ғаны үшін қылмыстық жауап­ты­лық», «Лауа­­­зым­ды тұлға­лар­дың қызмет жө­­нін­дегі қыл­мыс­тары үшін жауап­ты­лық», «Сы­байлас жемқор­лық­пен кү­рес жүр­гізу­дегі қылмыс­тық және крими­нологиялық шаралар», «Па­ра­қор­лық үшін қылмыс­тық жауап­ты­лық», «Қылмыстық ниет және оның қыл­­мысты сара­лау­дағы ма­ңы­зы» сияқ­­­ты моно­графия­лардың және 5 оқу, 16 әдістемелік құрал­дар­дың, қа­зақ­­ша-орысша, орыс­ша-қа­зақ­ша заң­тану сөздіктері­нің, қыл­мыстық құ­қық және криминология пәні бо­йынша бір­қатар оқу бағ­дар­лама­лары­ның авторы. Осы арада оның тәуелсіздіктің елең-алаңында жазған «Сот құ­жат­тарының үлгілері» атты ең­бегі­н­ің Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­дағы сот жүйесінде құжат­тарды заң талабына сәйкес әзір­леу­ді жүзеге асыруға қо­сылған сүбелі үлес бол­ды десек, 1995 жылдан бері А.Ағы­баев Жо­ғарғы Сот жанын­дағы ғылыми консультативтік кеңестің мүшесі. Қазақ­стан Респуб­лика­сын­дағы «Заңг­ер­лер әділетті сайлау үшін» қоғам­дық ұйы­мының бас­қарма мүшесі. А.Ағыбаев заң саласына қатыс­ты еңбектерімен қатар, Қарасай ба­тыр, Сүйінбай, Жамбыл, Сұран­шы, Сүтті­бай мен Нарбота би жө­нін­де де тарихи очерктер жазған адам. Және осы еңбектері үшін оған х­а­лықаралық Жамбыл Жабаев атын­дағы сыйлық берілсе, ерен еңбегі үшін А.Ағы­баевқа «Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері» атағы берілгенін де айта кетсек дейміз. Серік БАЙБАТЫРОВ, Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы.