17 Маусым, 2011

«Болашақ» мақсатты бағдарламаларға бет бұрды

378 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстанның дарынды жастарын мемлекет есебінен шетелдік жоғары оқу орындарында тегін оқытуға бағытталған «Болашақ» бағдарламасына заман талабына сәйкес бірқатар өзгерістер енгізілді. Осыған орай болашақтықтармен тікелей жұмыс істейтін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбекті әңгімеге тартып, осы өзгерістер жайын қысқаша әңгімелеп беруді өтінген едік. – Саясат мырза, «Болашақ» бағ­дарламасындағы өзгерістерге байла­нысты орталық тарапынан ел ішінде белгілі бір түсіндіру жұмыстары жүр­гізіліп жатқан болар. – Дәл айтасыз. «Халықаралық бағ­дарламалар орталығы» құрған арнаулы топтар аталған мәселеге байланысты 20-30 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірлеріндегі 16 қалада болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде облыстық әкімдіктерде мемлекеттік қызметкерлермен, университеттерде олардың профессорлық-оқыту­шы­лық құрамы, суденттері және ғы­лыми қызметкерлермен кездесулер ұйым­дастырылды. Мұның сыртында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да тиісті ақпараттар берілді. Бұл науқан әлі де жалғасып келеді. – Енді осы өзерістер жайында қысқаша айта кетсеңіз? – Ең бастысы, биылғы жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы арқылы бакалаврлар дайындау ісі тоқтатылды. «Болашақ» ендігі кезекте жоғары оқу орнынан кейінгі оқу сатыларын жүзе­ге асыру ісіне басымдықпен мән беретін болады. Яғни негізгі назар магистрлар мен ғылым докторларын (Pһ.D) даярлау ісіне аударылады. Осыған орай рес­публикалық комиссия «Болашақ» бағ­дарламасына бөлінетін халықара­лық стипендиялар арасынан мемлекеттік қызметкерлерге, сондай-ақ мемлекеттік ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдарының ғылыми және педаго­гикалық қызметкерлеріне арнайы квота бөлетін болады. Қызметкерлер «Бола­шақ» бағдарламасының аясында Қазақ­стан үшін неғұрлым қажет етілетін мамандықтар бойынша арнайы тағы­лым­дамалардан өту үшін жіберілетін болады. – Осындай өзгерістер неліктен туындап отыр? – Біздің елімізде төрт бағыт бойын­ша маңызды мемлекеттік бағдарла­малар қабылданғандығын өзіңіз білетін боларсыз. Олар үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, білім беруді, денсаулық сақтауды және тілдерді дамыту бағдарламалары. Міне, осы төрт бағдарламаның еліміздегі басқа бағдарламаға қарағанда басым­дықты мәні бар. Сондықтан да олар ұлттық, мемлекеттік бағдарламалар деп аталады. Біздің бүгінгі қазақстандық қоғам зәру болып отырған заманы­мыздың ең көкейкесті мәселелерінің шешімдері де осы бағдарламалар ар­қылы анықталған деп айтуға болады. Ендігі кезекте «Болашақ» бағдарла­масы да аталған төрт бағдарламаны жү­зеге асыру ісіне белсенділікпен қаты­сып, сол бағдарламаларға қажетті кадрларды даярлау ісіне басымдықпен мән беретін болады. «Болашақ» енді мақсатты бағдарламаларды іс жүзіне асырады. Мәселен, қазіргі уақытта біздің елімізде халықаралық озық стандарт бойынша білім бере алатын Назарбаев университеті құрылып отыр. Оның білімін бойына сіңіруге қабілетті, былай­ша айтқанда, талапты да талантты студенттерді әзірлеу үшін еліміздің әр өңірінде интеллектуалдық мектептер ашылып, дарынды жеткіншектер соған қарай ойыса бастады. Ол мектептердің өзі математикалық, химиялық, биоло­гиялық секілді бағыт ұстап, жеткіншек­тердің бойына білімді неғұрлым те­реңірек сіңіруге кірісті. Міне, осы мектептер дәл қазіргі сәтте білікті ұстаз­дарға зәру болып отыр. Ол мектептерде сабақ беретін мұғалімнің өзі терең білімді, тілді жете меңгерген адам болуы қажет. Жастарымыз бәсекеге қабілетті болуы үшін бұл мектептер дәрістерді ағылшын тілінде өткізетін болады. Осы іске енді «Болашақ» бағдар­ла­масы да тиісті үлесін қоспақ. Ол үшін біз бірінші кезекте бес жүздей ұстазды шет елдерге жіберіп оқытатын боламыз. – Түсінікті. Енді «Болашақ» бағ­дарламасының аясында бакалаврлар әзірлеу ісі неге тоқтатылды? Осыған жауап бере кетсеңіз. – Осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасының аясында бакалаврлар әзірлеу ісіне көбірек көңіл бөлініп келгені белгілі. Енді біз бакалаврларды өз ішімізде әзірлейтін боламыз. Осы үшін шетелдік жоғары оқу орындарынан білім беру сапасы ешбір кем емес Назарбаев университеті құрылып отырған жоқ па?! Бірте-бірте Қазақстандағы басқа жоғары оқу орындары да осы Назарбаев университетінің оқыту үлгісіне көшетін болады. Бұл – заман талабы. Міне, осы кезде талапты да талантты студенттер өз ішіміздегі осы оқу орын­дарына да қажет болады. Егер біз өзі­міздегі жоғары оқу орындарына екінші кезекте ғана көңіл бөліп, барлық жақсыларымызды шет елдердің оқу орындарына жібере берсек, отандық жоғары оқу орындарының білім беру сапасы қалай көтерілмек?! Ол үшін отандық жоо-ларға деген дұрыс көз­қарасты қазірден бастап қалыптас­тырғанымыз, отандық жоғары оқу орындарының бәсекелестік қабілетін барынша арттыра түскеніміз жөн. Отан­дық жоғары оқу орындары да өздерінің бәсекелестік қабілетін арттыру жолында өнеркәсіп саласындағы кәсіпорын­дары­мыз секілді сапалы шикізатты алуға ұмтылыс танытатыны түсінікті. Ал олардың шикізаты дарынды да білімді оқушылар емес пе?! Екіншіден, бакалаврларды іште оқыту мәселесін бізге өмірдің өзі қойып отыр. Осы білім сатысы бойынша «Бо­лашақ» бағдарламасының қамқорлы­ғына алынған жастар мектеп парта­сынан шығысымен бірден шет елдерге жіберілді. Олардың өмірге дайындығы, Отандық өндірістің жағдайлары мен ерекшеліктері туралы мүлдем түсінік­тері болған жоқ. Шетелдік жоғары оқу орындарын бітіріп келіп, өз ішіміздегі компанияларға жұмысқа орналасқан кезде осыған орай олардың алдынан бір­қатар қиындықтар ұшырасты. Міне, сондықтан да «Болашақ» бағдарламасының аясында ендігі кезекте қазақстандық мамандарды, мемлекеттік қызметкерлер мен ғылыми қыз­меткерлерді шетелдік тағылымдама­лар­дан өткізу ісіне елеулі дәрежеде мән берілуде. «Болашақ» бағдарламасына қа­тысты жоғарыдағы өзгерістерді Елбасы тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік хат­шы Қанат Саудабаев басқаратын рес­пуб­ли­ка­лық комиссия айқындады. «Х­а­лықаралық бағдарламалар орталы­ғы» АҚ республикалық комиссия бекіткен жаңа тәртіпті орындауға кірісті. Оқырмандарға ескерте кететін бір мәселе, мен бұл жерде мемлекет есебінен қаржыландырылатын «Болашақ» бағдарламасының аясында ғана әңгіме қозғадым. Ал балаларын өз қаржысы есебінен шет елдерде бакалавр сатысы бойынша оқытқысы келетін ата-аналар үшін қашан да болсын жол ашық екендігін ескерте кетпекпін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.