Қостанайлық диқандар көктемгі дала жұмыстарын аяқтап, демін бір алды. Жиі жауған жаңбыр диқандарға өткен жылдарғы қуаңшылықты да ұмыттырайын дегендей. Биыл жерде ылғал мол. Алайда диқан көңілі алаң. Неге? Өйткені, аз ғана жыл бұрын қуана-қуана алған америкалық, еуропалық озық техникалардың осы науқанда ызасы өтіп болды. Жермен жұмыс істеген кім болса да техникасыз қарға адым аттай алмайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы бауырын көтере бастаған 2000-шы жылдардың ортасынан бастап облыста техника паркін жаңалау қызу қолға алынған еді. Жақында диқандар мен алыс шетелден ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізушілердің кездесуінде облыс әкімі Сергей Кулагин бүгінге дейін осы мақсатқа 82 миллиард теңге жұмсалғанын айтты.
Қазір облыста көктемгі дала жұмыстарының 49 пайызы, астықтың 60 пайызына жуығы алыс шетелдерден әкелген техникалармен атқарылады. Амал не, биыл егін егу кезіндегі тәжірибе көрсеткеніндей, шетелдік үздік техникалар диқандарды сазға отырғызатын түрі бар. Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұрқанов – шаруашылықтағы бұрыннан қалған комбайндар мен тракторларын, сеялкаларын түгелдей дерлік алыс шетелдік заманауи техникалармен жаңалағанның бірі.
– Қостанайда алыс шетелден әкелінген техникалардың сервис орталығы жоқ. Комбайндар мен тракторлардың қосалқы бөлшектерін алу үшін Көкшетауға бару керек, іздегенің онда жоқ болса, сол трактор, комбайнды шығаратын еуропалық зауыттарға сұраныс жасайсың. Егінді егу және жинау науқаны кезінде әр сағат қымбат екені белгілі. Қостанайдан Көкшетауға барып келгенше трактор немесе комбайн қаңтарылып 2-3 күн тұрады. Бұл бір. Екіншіден, қосалқы бөлшектердің сапасы жоқ. Сеялканың дискілері дәнді сеуіп болғанға дейін әрең шыдайды. Қымбатын қайтерсің. Бұрынғы ресейлік техникалардың қосалқы бөлшектерінен бес есе қымбат. Қостанайда шетелдік техникалар қосалқы бөлшектерінің қоймасы болмай, диқандар жағдайы жақсармайды, – дейді Сайрат Бәлкенұлы.
Америкалық, еуропалық ауылшаруашылығы техникаларын сатқандардың ісі «есегім судан өткенше» дегеннің кері болып отырған сыңайлы. Мысалы «Джон дир» комбаиндарын сатқан кезде сервистік орталықтар әр облыстарда ашылады, оларды жөндеуде, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуде ешқандай қиындықтар болмайтынын айтып су сепкендей еткен фирма өкілдерінің уәдесін диқандар ұмытқан жоқ. Міне, енді олардың сөзінің барлығы да қағаз жүзінде қалып отыр. Өнімділігі жоғары шетелдік техникалардың тұрып қалуынан келетін шығын да аз емес.
– Тұқым себетін шетелдік кешендік техника бір тәулік тұрып қалса, сол күнгі еткен еңбектің 20-25 пайызы желге ұшқанмен бірдей. «Кейс» тракторының сынып қалған генераторын Көкшетаудан шұғыл жеткізгенімізше бір тәуліктен аса уақыт кетті. Егер сервистік орталық Қостанайда болса, оны ауыстыруға небәрі үш-ақ сағат уақытымыз кетер еді. Фирмадан сұратқан қосалқы бөлшектерді жарты жылға дейін күтеміз. «Кейс» тракторы осылай күтудің салдарынан үш ай қаңтарылып тұрды. Аккумуляторлар жарты жылдан аспай тоқтап қалады, ал оның берген кепілдік мерзімі кем дегенде екі жыл, – дейді «Рысқұл» серіктестігінің атқарушы директоры Александр Максимов. Шаруалар шетелдік техникалардың сапасына да шағым айтты. «Қайрат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Төремұрат Өтеповтің Германиядан 350 мың АҚШ долларына алдырған кешенді техникасы қырға бір шықпастан әлі тұр. Қосалқы бөлшектердің қымбаттығы мен жоқтығынан техниканың қыр басында тоқтап қалған мысалдары жеткілікті. Кездесуде диқанның жанайқайына шетелдік техникаларды жеткізіп беретін фирмалардың жергілікті өкілдері жарытып ешқандай уәж айта алмады.
Мамандардың айтуынша, облыста ауылшаруашылығы техникаларының 60 пайызы ескірген. Диқандар «КазАгрофинанс» акционерлік қоғамының несиелік демеуімен немесе өзінің тапқан қолдағы қаржысына болсын техниканы жаңалауды тоқтатпайды. Егер шетелдік зауыттар диллерлері мен сервистік орталықтар өз тұтынушыларымен арадағы жұмысты жолға қоймаса, шашетектен шашылып алған техникасы үшін тағы да еселеп шығынданып, шетелдік фирмалардың теспей соратын жеміне айналатын түрі бар. Облыс әкімі Сергей Кулагин шетелдік техниканы сатумен айналысатын фирмалар өкілдерінің өз тұтынушыларымен арақатынасын жергілікті атқарушы билік бейтарап бақылайтынын айтты. Егер ол шешімін таппаса, бұл көрініс диқан шығынымен қоса ауыл шаруашылығының дамуына да кері әсерін тигізері сөзсіз. Озық техниканың бұл машақаты таусылмаса, еліміздегі сыртқа сататын ұн мен астықтың 40 пайызын беріп отырған қостанайлық диқандардың Үкімет есігін қағуға мәжбүр болатын уақыты да алыс емес.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.