...Еліміз тәуелсіздік алған тұстың алғашқы өтпелі кезеңінде Меккеге қажылық сапар өтеуге барғанымда, мені сондағы арабтар Пәкстан, Ауғанстан, тіпті Қытай азаматтарымен шатыстырған еді. Мұндай жағдай сыртқа шыққан әрбір қазақтың жүрегін талай сыздатқан болар?! Аллаға тәубе, бүгінгі таңның қажылығында Қазақстан десең, Нұрсұлтан деп жауап беретін жағдайға жеттік.
Сонау 11 қыркүйектегі әйгілі теракт жаһандағы қай елдің болсын жүрегіне үрей тудырды. АҚШ әлі де ұмытпайтындай әсерде. Бұл дүниені екіге бөлген «Ислам қатері» теріс дақпен ақ пейілді мұсылманға жағылды. Бүгінде Батыс елдері ішкі үрейін білдірмесе де, қырағы көзімен жан-жақтағы ынтымағы жарасқан мұсылмандарға жалтақтап қарайтындай. Ал кейбір ислам елдерінің өз ішінде ауызбірліктің сақталмай отырғаны рас. Егер де мақсатымыз бір арнаға тоғыспаса, өз арамыз бүлікке айналып кетуі де ықтимал. Сондықтан, Алла тағаланың хақтығына сенуші елдер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, үлкен күнәлардан сақтанып, әлем тарихының бетін кірлетпеуі керек.
Негізінде, ислам – жоғары мәдениет пен өркениет діні. Небір Батыстың ұлы ғұлама-ғалымдары мен философтары ислам дінімен тәубеге келген. Тіпті дүниежүзілік өркениет мұсылман үлесінсіз дамыды дегенге сенуге болмайды. Қайта исламнан бастау алған десек жарасады. Ислам – жақсылыққа шақыратын дін. Оны барша әлем мойындайды. Ұлы француз океанологы Жак Ив Кусто мұхит әлемінің құпия сырын ашуға бар ғұмырын сарп еткен. Бір атап көрсетерлігі, өмірінің аз уақыты қалғанда сол сырды қасиетті Құран аятынан оқып, Аллаға мойынсұнып, исламды қабылдап өткені көп нәрсені аңғартатыны анық.
Ал, бүгінде дінімізге «ислам терроризмі», «лаңкестік», «діни экстремизм» атауларымен таңба салынуда. Ислам бейбіт дін екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінде Исламның шарықтау кезеңі тұсында ислам әлемі ойын сан-саққа жүгіртіп, жаңа әлемнен өзіне жаңа орын іздегенімен, алғашқы қадамында түсіністік пен келісім болуы керек, бір тілмен айтқанда, бастысы – толеранттылықпен өзара әрекет жасау.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Құдай қаласа, ендігі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына басшы боламыз. Бүкіл дүниедегі ислам мемлекеттерін аралап, олармен де кездесіп, олардың да басын қосуға мүмкіншілік жасайық. Осындай жағдайды қазақтың басына, біздің еліміздің басына беріп отыр. Батысты да, Шығысты да қосып, ел-жұрттың арасын табыстыруға ұмтылайық» немесе «Мұсылман әлемімен қатынасты жандандыру – Қазақстанның сыртқы саясатының басым міндеттерінің бірі!» деген сөздеріне елең етпеген жан қалмаған шығар.
Яғни, жаһан мұсылмандарына көшбасшы болу – жан-жақты мықтылану деген сөз. Басқа мұсылман елдерімен қарым-қатынасымыз жақсы. Бұл – өте қымбат деңгей. Мақсатымыз – қолдау мен дамыту. Жұмыр жердің бетінде 200-ден астам мемлекет бар. Оның 60-қа жуығы ислам дінін ұстанады. Яғни, әлем мұсылмандарының бүгіні мен ертеңгі тағдырының келелі мәселелеріне еліміздің киелі шаңырағында «Ақылмен, ашық, әділ түрде үнқатысу шеңберінде пәтуа» шығаруға берілген алғаш мүмкіншілік, Алла тағаланың бізге жазмышы. Сенімді талап ететін сынды ауыр жүк. Дегенмен, ескеретін жағдайлар бар.
Мысалы, экономикалық тұрғыдан келер болсақ, табиғи ресурстардан мұнай қорының 70 пайызы мен табиғи газдың 50 пайызы Ислам Конференциясы Ұйымының мүшелігіндегі елдердің еншісінде екен. Бұл, әрине, әлемдік байлықтың жақсы деңгейі. Тек осал жерлерімізді алға бастыру қажеттілігін ойластырған жөн. Негізінде ислам әлемі мен оның дамуы дүниежүзілік деңгейде жоғары көрсеткіште емес екендігін мойындауымыз қажет. Әлеуметтік жағынан мұсылман отбасының өмір сүру сапасы мен табысы, бала мен ана өлімі, жұмыссыздық, мұсылман құқығы тәрізді мәселелер мәз емес. Ал рухани мәдениеті жағынан Еуропа елдерімен салыстырғанда даму бар. Дегенмен, діни надандық пен діни сауатсыздық көріністері де жоқ емес. Ең негізгісі – ислам дінін жамылған тексіз діни ағымдар мен топтар көбейіп, әр түрлі қозғалыстар мен партиялар құрылып, ислам құндылықтарын таптауда. Бұған дамыған Батыс елдерінің алакөзденіп сенімсіздік танытуын қосыңыз. Байқағанға, бұл жағдайлар біздің өз арамыздағы жастарға еліктеу туғызуда. Сондықтан қалыптасқан жағдайлар бұдан да кең ауқым алмауы үшін оған тосқауыл қою жақтарын қарастыру қажет.
Дүние жүзінің саясаткерлері, сарапшылары Шығыс пен Батыс мәдениетін ғасырлап талқыға салып келеді. Бірақ, осы екеуінің өзара тиімді қатар өмір сүру формуласын тапқан емес. Елбасы Н.Назарбаевтың «Еуропаға жол» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл – ертеңгі күні жемісін берер үлкен дүние. Яғни, Еуропа мен Ислам әлемі Қазақстанның қос қанаты іспетті болмақ. Өркениеттер үнқатысуына рухани тиімді тәсілмен ислам ынтымақтастығының жаңа архитектурасынан үмітіміз бар.
Алайда, Ислам Конференциясы Ұйымы діни бағыттағы халықаралық ұйым емес, үкіметаралық ұйым. Яғни, ислам ынтымақтастығын басшылыққа алып, отаршылдыққа, гендерлік теңсіздікке, нәсілшілдікке қарсы бірігіп күресуді қарастыратын әлеуметтік, экономикалық және саяси бағыттағы жан-жақты құрылым. Басты мақсаты, әсіресе, дүниенің шиеленісу аймақтарында мұсылмандық ынтымақтастықты күшейту мен дамыту болса, ұстанымы – экономикалық мүмкіндіктерін өзара әріптес елдер арасында дұрыс пайдалану. Ең ұнамдысы – шариғат қағидасын басшылыққа алатын бейбітшіл, келешегі зор ұйым.
Ұйым құрамына енуді әлемнің көптеген елдері қалайды. Көрші Ресей қоғам мүддесі үшін Ұйыммен байланыс жасағанды жөн көреді. Төрткүл дүниеге бұрылмастан тең қарау үшін төрт көзің болуы тиіс. Сол іспеттес, ұйымға Қазақ елі 1995 жылы мүше болса, оның қызметінің өрлеуіне өзіндік жаңару ұсыныстарын енгізіп келеді.
Ислам Конференциясы Ұйымы бізді Орталық Азиядағы бейбіт ел, тату орда, салиқалы саясатымен беделі биік, ынтымақты дәріптейтін саламатты ел, ұлт пен дін келісімі жарасқан озық мемлекет ретінде танып біледі. Шүкір, дүние жүзіндегі БҰҰ-дан кейінгі ірі ұйыммен алғаш рет төс қағыстырып, қол алысып, бір сапта қатар тұрып, оған төрағалық еткелі отырмыз.
Бұл төрағалық бізге не береді дегенге келсек, дүние өздігінен пайда бола қалмаған, сол сияқты ертеңгі еліміздің төрінде тұсауын кесетін саяси және экономикалық келісімдер – жарқын келешегіміз. Біз сан ғасырдан бері мұсылман елміз және ислам өркениетінің бір бөлігіміз. Бірақ әлемдегі мұсылман қауымымен енді етене араласып жатырмыз. Соған қарамастан, төрағалықтың сеніп тапсырылуы еліміз беделінің қазірдің өзінде айтарлықтай көтерілгенін көрсетеді.
Қазіргі әлемдік алаңда Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы дүрбелең, Израиль-Палестина мәселесі мен Иранның «Ядролық бағдарламасы» көптің көңіліне түйткіл болып отыр. Елімізге шоғырланатын мұсылман елдері өкілдерінің түпкі ойы алдағы күндерде белгілі болады, дегенмен, дүниеде қабақ шытысқандардың қазанын сапырмай, жалпының көңіліне қонатын бастамаларымызбен мәмілеге шақырып, билігімізбен ортақ құжат жасауымызда Жаратқан Алла Елбасымызға және ел қамында жүрген аға-інілеріміз бен апа-қарындастарымызға қуат берсін деп тілейік.
Нұрлан қажы АСАНОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймақтық өкіл имамы. Шығыс Қазақстан облысы.