Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ел Президенті есімін иеленген білім шаңырағында Назарбаев Университеті, Зияткерлік мектептер мен Назарбаев Қоры Жоғары қамқоршылар кеңесінің бірінші отырысы өтті. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Үкіметтің бірқатар мүшелері, Парламент депутаттары қатысты.
Елбасы күн тәртібімен таныстырды. Басты мәселе біреу – Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептерін ұйымдастыру үлгісі өзгереді. Яғни, мұнан былайғы уақытта «Назарбаев Университеті» АҚ пен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ деген атау «Назарбаев Университеті» Білім беру дербестік ұйымы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Білім беру дербестік ұйымы болып жаңа атаулар иеленеді. Халықаралық мәртебеге ие оқу орнының келешек атқарар міндетін Елбасының: «Университеттің мамандықтарын экономиканың басымдықтарына байланысты айқындау керек. Университет Қазақстанда дамып келе жатқан салалар үшін ең үздік инженерлерді дайындауға тиісті. Мамандықтардың бірқатары генетика, биохимия, биофизика сияқты тек жаңа бағыттағы ғылыми кадрларды даярлауға бағытталуы керек. Бұл үшін университеттің әрбір студентінің мансап жағынан дамуын нақты түрде қарастыру керек», деп қысқаша тұжырымдаған сөзі білім ошағының алдағы бағыт-бағдарын айқындаған қағида еді.
Архитектуралық шешімі қазіргі заманға сай және халықаралық озық стандарттарға сәйкес келетін оқу ошағы корпустарының бір-бірімен орталық жалпы атриум және ішкі өту жолдары арқылы қосылуы білім кешенінің қайталанбас сәулет өнерін айшықты бедерлесе, биылғы жылы университеттің жалпы көлемі 127 мың шаршы метрге жуық бірінші кезектегі құрылысы бойынша жұмыстар ойдағыдай аяқталып отыр. Атриум арқылы қосылған орталық ғимарат және 8 блок тапсырылған. Оған мектептер, кітапхана, асхана, зертханалар кіреді. Сонымен бірге, университет аумағында келешекте студенттер мен профессорлық-оқытушылар құрамына арналған тұрғын үйлер бой көтереді деп күтілуде. Университеттің инфрақұрылымын барынша дамыту мақсатында Kisho Kurokawa Architect and Associates халықаралық архитектуралық компаниясымен келісім жасалғаны елорда келбетіне ерекше тыныс әкелетін бастамалар болып табылады.
Осы келісімнің аясында компания университет кампусының даму бағытының бас жоспарын әзірлегені мәлім болды. Университет кампусында студенттердің, профессор-оқытушылар мен тұрғындардың демалысы үшін саябақтар құрылатыны алаңның сыртқы түрін өзгертіп қана қоймай, қаланың гүлденіп, көркеюіне әсерін тигізеді, адамдардың серуендеп, тынығуына мүмкіндік туғызады деп күтілуде. Мұнда студенттер үшін жайлы жабдықталған жатақханалар, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден келіп дәріс беретін профессорлық-оқытушылар құрамы үшін тұрғын үйлер қарастырылған. Оларды қажетті тауарлармен, қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында дүкен, дәріхана сияқты қызметтерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымның құрылуы, негізгі корпустың Интернеттің wi-fi түрімен жабдықталуы өрендердің сапалы білім алып шығуына жасалған жағдайлар.
Назарбаев Университетінің қазіргі жағдайы мен келешегі жайында сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсу, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исімбаева, университеттің атқару кеңесінің төрағасы Аслан Саринжипов, университеттің провосты Энн Лондсдейл, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова, Кембридж университетінің өкілі Филипп ван Овербергтің лебіздері ортақ мүддеге тоғысып, білім ошағындағы жобалар мен жоспарлар жан-жақты сараланды.
Назарбаев Университетінің Foundation бағдарламасы және Инженерия мектебі бойынша – Лондон, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі бойынша – Висконсин-Мэдисон, Бизнес мектебі бойынша – Дьюк университеттерімен, Мемлекеттік саясат мектебі бойынша – Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебімен, Ғылымдар және технологиялар мектебі бойынша – Карнеги-Меллон университетінің iCarnegie, inc. бөлімшесімен, Медицина мектебі бойынша – Гарвард университетінің еншілес ұйымы ретінде құрылған Партнерс Гарвард Медикал Интернешнлмен, Білім саясатының орталығы бойынша – Пенсильвания, Өмір туралы ғылымдар орталығы бойынша – Питтсбург университетінің медицина орталығымен, Энергетикалық зерттеулер орталығы бойынша – Берклидегі Лоуренц атындағы ұлттық зертханамен, Халықаралық аспаптық орталығының даму тұжырымдамасын әзірлеу бойынша Аргон Ұлттық зертханасымен әріптестігі мұнда келешекте тек Қазақстан жастарының ғана білім алып қоймай, алыс-жақын шет елдерден келетін азаматтардың да қызығушылығын туғызатыны күмәнсіз.
Университеттің келешегі жайында айта келіп, Елбасының осы мәселеге айрықша тоқталып өтуі бекер емес. Профессорлық-оқытушылар құрамының өзі университет мәртебесінің халықаралық деңгейге сай екенін айғақтай түседі. Австралиядан – 2, Ұлыбританиядан – 31, Мысырдан – 1, Үндістаннан – 3, Италиядан – 2, Қазақстаннан – 2, Канададан – 2, АҚШ-тан – 7, Польшадан – 1, Филиппиннен – 1, Франциядан 1 оқытушының қамтылуы, биылғы жылдан Foundation бағдарламасының (бакалавриаттың бірінші курсы) күзден бастап Инженерия, Ғылымдар мен технологиялар, Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінде ашылады деп күтілуі осы сенімді нықтай түседі.
2012 жылы Жоғары мемлекеттік саясат мектебі, Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебі бойынша магистратураның, 2014 жылдан бастап медицина мектебінде бакалавриаттың ашылатыны, сонымен қатар, қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарында мемлекеттік қызметшілерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша орта бизнестің топ-менеджментіне арналған тренингтік бағдарламалардың жүзеге асырылатыны, өмір туралы ғылым, халықаралық пәнаралық аспаптық, энергетикалық, білім беру саясаты орталықтары құрылмақ. Елбасы Жоғары қамқоршылар кеңесінің мүшелері болып Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Президенттің көмекшісі Б.Сұлтанов, Назарбаев Университетінің ректоры Ш.Катсу, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов енетінін мәлімдеді. Қордың төрағасы болып Үкімет басшысы К.Мәсімов бекітілсе, Назарбаев Университетінің ректоры орнына Ш.Катсу, атқару кеңесінің төрағалығына А.Саринжипов, «Зияткерлік мектептер» басқарма төрайымдығына К.Шәмшидинова тағайындалды. Директорлар кеңесін Премьер-Министр басқарады және ол жоғары саяси мемлекеттік қызметкерлерден, бизнес шеңберіндегі өкілдерден құралатыны, жобаның ұзақ мерзімді және стратегиялық жоспарлануы мен дамуын жүзеге асыратыны, Директорлар кеңесі атқарушы органның қызметін бақылауды қамтамасыз ететіні, қаржылық-шаруашылық орта мерзімді жоспарларды бекітетіні айтылды.
Зияткерлік мектептердің мақсат-міндеттері нақтыланды. 2013 жылға дейін 20 зияткерлік мектеп дарынды балалардың білім ошағына айналмақ. Онда білім алған жастардың тағдыры Назарбаев Университетімен ұштасып, олардың келешекте білікті маман болып шығуына жан-жақты жағдайлар туғызылатыны атап көрсетілді. Жоғары қамқоршылар кеңесінің алғашқы отырысында қозғалған ойларды Мемлекет басшысы түйіндей келіп, білім саласына елдік тұрғыдағы көзқарас керек екенін, оған жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін айтты.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.