Италияның атақты ұлттық тамағы макарон спагеттиін жеп көрген Шерағаң – Шерхан Мұртаза: “Осының қай қасиетін мақтан қылады. Мұның арғы атасы қазақтың кеспе көжесі ғой”, деген еді. Италия сапарында осыны өзіміз де байқадық.
Қазақтың қадірлі қонағына қазы-қартаны араластырып жаяның мол етінен табақ тартқандай италиялықтар бірінші тағамға міндетті түрде пастасын, макаронын ұсынады екен. Дайындалуы әр түрлі шығар деп әртүрлі мейрамханадан жеп көрсек те, Шерағаң айтқандай, қасиетін тани алмадық. Макаронның аты – макарон. Дүкен сөрелерінде сыймай тұратын “Сұлтан” маркасы секілді. Ерекшелігі, италиялықтар тағам дайындағанда кетчуп пайдаланбайды. Олардың түсінігінше, кетчуп құрамында консерванттар мен жасанды бояғыш бар, ал бұл зиянды делінеді. Оның орнын болонезе, яғни етті соус басады. Шанышқымен балық аулағандай бір пісуі ішінде макаронды жеп отырып ойлайсың ғой, италиялықтардың алдына төре табақ ет тартсаң, макароннан жақсы емес деп шоршып түсетіні анық. Болонезе дайындаудың машақаты көп. Түрлі көкөністерге, шарапқа бұқтырылған еті қырғыздың түтіп турағанындай ұсақ. Италиялық шеф-аспазшыдан аудармашы арқылы сұрағанымызда көзі оттай жанып кетті. Сағаттап түсіндіруге бар. Ұнамайды дегенді сөзбен емес, қабақпен-ақ танытсаңыз қазекең секілді ақкөңілдеу келетін италиялық бауырды әп-сәтте ренжітіп аласыз. Бұл – олардың ұлттық тағамы, ұлттық бренд.
Ал біздің ше... Жілік-жілігімен мүшеге бөлініп, астауға салып тартылған ет. Біреулер оспадарлықпен таңып жіберген – бесбармақ. Біздікі ме?! Біздікі сияқты. Әй, қайдам. Жылқы етін жек көрмейтін француздардағы бір пысықтар біз малданып жүрген ет асуға патент алған дейді. Білектей қазыңызға өзбек ағайындар ие. Жоқ дей алмайсың. Қоңырат – қалың тармақты ел. Жартысына жуығы кешегі қазақ, бүгінгі өзбек жерін жайлап, сол елге сіңді. Түбі бір түркілігіміз бар, ағайын жат емес. Оны айтасыз, Өзбекстаннан жұмыс жасауға келген бір жігіт ішкі жақта Адай деп аталатын өзбек ауылы барын айтқан.
Алпамыс батырдың мерейтойын өзбектер тойлады деп битке өкпелеп тонымызды отқа жаққанымызбен, түбі туысқан сол қазақтардың пысықтау туғандары “қазы – біздің ата-бабамыздың асы” десе, таласа алмайсыз ғой.
Салқар даламыз сияқты кеңқолтықпыз. Өткенде, Қазақстандағы ауылшаруашылық көрмесіне Германиядан келген неміс қазақтарға өзі патент алған қымыз жайлы лекция оқып кетті. Қымыздың сан ауруларға шипасын айтады. Мыңдап, жүздеп бие байлап отыр. Қымызды құрғатып, әйелдерге опа-далап жасайтындай дәрежеге жетіпті. Фабрика ашқан. Бетті жасартады дейді.
Атқа кеше ғана мініп үйренген неміс, қымыздың дәмін татқанына бір ғасыр болмаған неміс дүние жүзіне қымызды насихаттап жүр. Пайдасын. Оның авторлық құқығына ешкім қол сұға алмайды. Рәсімдеп, сертификатын алған. Опа-далап жасап көр, сотқа берсін. Оған ақы төлеп қана фирма ашасың. Құжат ойыншық емес. Бұзсаң, сотты боласың.
Шұбатқа ие болып жүрген Мұсатілла Тоқанов деген ғалым ағамыз бар. Оған да бір өзбек азаматы келіпті. “Көке, қазақ-өзбек дейтіндей емес, түбі бір туысқанбыз ғой. Сізде ақша жоқ, менде бар. Сертификатын бірге алайық. Кәсіпорын ашамыз, пайдаға қаламыз” депті.
Мұсатілла көкем, әрине, шоршып түседі. Кейін таппай қалатынын біліп.
Тоқанов – Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші маманы. Шұбаттан таблетка түрінде сусын алуды ойлап тапқан ғалым. Инновациялық патентін алған. Кейін шұбаттан йогурт, сусын жасауды жолға қойды. Жаңа технологиясы өткен жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ұйымдастырған инновациялық өнертапқыштар конкурсында 380 жобаның ішінен таңдалған жиырма үздіктің қатарына кірді. Құрт ауруы, қант диабеті, бүйрек, қан аздығы және онкология ауруларына бірден бір ем деп қабылданатын шұбаттың бірақ жолы болмай келеді. Кәсіпорын ашуға Ұлттық инновациялық қор мен облыстық “Максимум” өңірлік инвестициялық орталығы кет әрі емес, бірақ айлығы шайлығына ғана жараған ғалымда кепілдікке қоятындай ірі мүлік, нысандары жоқ.
Алайда, шұбаттың қасиеттерін ғылыми түрде дәлелдеп жүрген ғалым жолортадан қайтар жан емес. Жақында жолықтық.
– Елдің экономикалық қауіпсіздігін сақтау үшін сырттан келетін тағам және басқа өнімдер 20 пайыздан аспау керек, ал бүгінгі таңда өкінішке қарай сүт өнімдерінің 63 пайызы, көкөніс, тағы басқа тұқым өнімдерінің 80 пайызы сырттан келеді, – дейді ғалым. Себебі, біздің ауыл шаруашылығындағы экономиканың дамуына әсер ететін салаларға көңіл бөлу әлде де болса жеткіліксіз. Ең алдымен бұған мемлекеттік көзқарас қажеттігін ұмытпауға тиіспіз. Мұнайлы ел қатарына жатқанымызды мақтаныш тұтқанмен, мұнай да бір күні таусылады. Олай болса, болашақты болжай отырып, бүгін атқарылатын істі кейінге қалдырмауымыз керек. Сондай саланың бірі түйе шаруашылығы болып есептеледі. Оның сүтін жоғары технологиямен өңдеу ісін жолға қоя алатын болсақ, онда біздің экономикалық өрлеуімізге оң ықпалын тигізетін, экономикалық бұлақтың бірден-бір көзі болуы сөзсіз. Осылай деп сөзін түйіндеген ғалым мұның себебін төмендегіше түсіндіреді.
Егер ресми ақпаратқа сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 16 мың түйе бар. Бұл көрсеткіш республика бойынша 150 мыңға жуықтайды. Түйе сүтінің өнімдері мұнай өнімдеріне қарағанда 38-40 есе қымбат. Мысалы, халықаралық биржада 1 баррель мұнай 70 доллар, 1 тонна мұнай 350 доллар. Ал шұбаттың 1 литр сатылу құны Қазақстанда 400-600 теңгені құрайды. 1 тоннасы 400-600 мың теңге. Ал шетелге шығатындай жағдайда әлбетте кем дегенде 2-3 есе қымбатқа сатылады. Сондықтан, мұнаймен салыстырғанда шұбаттан түсетін табыс айтарлықтай көлемді.
Төрт түліктің төресі түйе малына өндірістік көзқарас болса, болашақта қазіргі таңдағыдан мал санын 10-20 есе көбейтуге мүмкіндік бар. Еліміздегі Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының көптеген шөл-шөлейт жері бос жатыр. Осындай жерлерде түйе шаруашылығын дамытуға қолайлы дер едім. «Түйе малы – кедейдің малы» деген халықта қағида бар. Өйткені, түйе малы шөлге төзімді, қой және сиыр сияқты өзіне арнайы күтімді, жылы қораны онша қажет етпейтін жануар. Егер осы іс мемлекет тарапынан қолға алынып, біз ұсынған технология негізінде жүргізілсе, онда шұбат Қазақстанның ұлттық бренді ретінде әлемге танымал тағам ретінде белгілі болары айқын. Әлеуметтік экономикалық жағдайды түзеуге мүмкіндік беретін бір сала болары анық.
Ең алдымен шұбаттың емдік қасиетіне тоқталатын болсақ, бір литр шұбат адам ағзасын тәуліктік қажет ететін витаминдермен, және басқа микроэлементтермен толық қамтамасыз ете алады. Бір литр түйе сүтінің қуаттылығы 911 ккал болса, сиыр сүтінікі 660 ккалл-ға тең екен. Шұбатта табиғи иммундық қасиеті адам денсаулығына пайдалы түйіршік белоктар бар. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Тағамтану академиясының директоры, ұлттық Ғылым академиясының академигі Төрегелді Шармановтың мәліметтері бойынша, өкпе, бауыр ауруларын, холециститті, өт жолдарының қабынуын шұбатпен емдеуде клиникалық тиімділігі дәлелденген. Отандық және батыс ғалымдарының мәліметтері бойынша, алты ай бойы күнделікті астан 30 минут бұрын бір литр шұбат ішкен жағдайда оның рак, СПИД, тыныс алу, ас қорыту жолдарының және жүрек-қан тамыры сияқты ауруларды емдеуге ықпал жасайтындығы тұжырымдалған.
Шұбаттың шипалылығы негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Еуропа, Америка, Африка, Азия құрлықтарының халқын түйе сүтінен дайындалған өнімдермен қамтамасыз ету бағдарламасы қабылданды. Осыған орай Жапония, Еуроодақ, Америка, Австралия сүт индустриясының белді компаниялары түйе сүтінің өнімдерін өңдеу технологияларына қызығушылық танытуда.
Қазір дүние жүзінде балалар тамағына, актимел, иммунел, био-йогурт және қышқыл сүтті тағамдарға сиыр сүті пайдаланылып жүр. Ал ол жетіліп өсіп келе жатқан бала ағзасына оншалықты пайда әкеле бермейтіндігі ақпараттарда айтылып келеді. Сиыр сүті құрамы жағынан ана сүтінен алшақ жатқандықтан, зат алмасу процесін бұзып, қант диабеті сияқты аурулардың белең алуына жол ашады екен. Ал түйе мен бие сүтінің табиғи иммуномодуляторлық қасиеті барлығы дәлелденген. Алайда, жаңа сауылған түйе сүтінен дайындалған шұбат, мықтағанда екі аптаға шыдас береді, әрі қарай ашып бұзылады. Ол үшін не істеу керек?
Шұбат пен қымыздан құрғақ ұнтақ, таблеткалар жасап, өндіріске шығарсақ, қазақтың әлемдік рыноктан өз орнын ойып алар жері осы. Шұбат таблеткасын шығаруды Шымкенттегі «Химфарм-Santo» фармацевтикалық фабрикасы алдағы уақытта өндіріске қоймақ ниетте. Шұбатты таблетка етіп шығару үлкен инвестицияны қажет ететіндігі сөзсіз. Ал жобаны толықтай жүзеге асыру үшін орасан көп қаржы қажет.
БҰҰ-ның Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі департаментінің Еуропа, Америка, Африка және Азия елдерін түйе сүтінен жасалған қышқыл сүтті тағамдармен қамтамасыз етуге шақыруы, біздің мемлекетті ойландыруға тиіс. Осы орайда ғалымның өз қаупі де бар.
– Біз, бір топ ғалымдар, түйенің шұбатын жасау әдісіне, балқаймақ және шұбаттан ұнтақ, йогурт және таблетка алуға Қазақстанның инновациялық патенттерін алғанымызбен, – дейді ол, – мықты елдердің ғалымдары толығымен біздің жаңалықтарды зерттей келе, бір түйіршік өзгеріс енгізіп, біздің жаңалықтардың иегерлері болып шыға келуіне ешкім кепіл бола алмайды, Мысалы, бізде ойлап табылған алыс жайлауларда, көкөніс алқаптарда қолданатын жылжымалы тоңазытқыштарға израильдіктер қызығушылық танытуда. Маусым айының соңына біздің Шымкентке Жапонияның белді ұлттық телекомпаниясы «Эн-Эч-Кей» келіп, түйе сүтінен шұбатты жасау технологиясы туралы кино түсіріп, Жапонияда көрсетпекші. Бір жағынан бұл деген бізге үлкен абырой, ал екінші жағынан үлкен сұрақ туындайды?..
Мұсатілла Тоқанов қаржы мәселесі шешілген жағдайда әлемдік нарыққа түйе сүті өнімдерін бірнеше бағытта шығаруға болатындығын айтады. Біріншісі, шұбаттың құрғақ таблеткаларын өңдіретін цех ашу. Екіншісі, асыл тұқымды түйе малдарын өсіретін кешендерді іске қосу. Үшіншісі, түйе сүтімен емдейтін профилактикалық санаторийлер салу. Мұны тездетпесе болмайды. Өйткені, ғалым айтқандай шұбаттың таблетка түріндегі өнімдері әзірге ешбір елде жоқ. Қаржысы барлар қымыздан опа-далап айырғандай шұбатқа да қол салса ше?! Бүгінде медицинада рак-обыр ауруы жазылмайтын дертке жатады. Ал осы ауруға ұшыраған дертті тежейтін “лактоферрин” деген дәріні сүт ішіндегі ақуыздан алады екен. Пайдалысы ана сүті делінеді. Бір литр “лактоферрин” алу үшін 2,5 тонна ана сүті керек. Ол оңайлықпен табылмайды. Мұсатілла Тоқанов осы ферментті түйе сүтінен алуға болатындығын анықтады. Осы жаңалығын Әділет министрлігіне қарасты Зияткерлік құқық меншігі комитетіне тіркетіп, тиісті патент алған. Мәселен, бір грамм “лактоферринның” құны 2,5 мың доллар болса, түйе сүтінен өндіргенде, ол 3,3 долларға түседі. Яғни, 800 теңге шамасында. Бұл дәрі адам бойындағы қауіпті бактериялар мен вирустарды жоятындай қасиетке ие. Бірақ мұның бәріне орасан қаржы қажет.
Қазақстандық ғалымдардың «Шұбат алу әдісіне» алған инновациялық патенті Женева қаласында 150 жыл бұрын ашылған «Бүкіләлемдік өнертапқыштар» институтының 2010 жылғы 23 сәуірдегі шешімімен әлемдегі алдыңғы қатарлы жаңалық деп танылып, алтын медальмен және 1-орын дипломмен марапатталған.
Қазақ ғалымдары қарап отырған жоқ. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Жамбыл гидромелиоративтік институтының ғалымдары ойлап тапқан тамшылатып суару әдісі бүгінде “Израильдық технология” болып, елімізге оралды. Қазақ ғалымдары тапқан жаңалық деп ешкім айтпайды. Көл-көсір суды қажет етпейтіндіктен осы технологияға өтіп жатырмыз.
Шұбат – қазақтың ұлттық бренді. Сан алуан пайдасын айттық. Еуропа клубтары түгілі мына Ресейдің төменгі дивизионындағы орташа клубтардан ойсырай жеңілетін қазақстандық футбол клубтарына текке шашылып жатқан ақша нағыз мемлекет пайдасына келгенде қысыр қалған сиырдай болатындығы несі екен?! Қазақтың шұбаты көлденең көк аттының қанжығасында кетпесе екен, елге пайдасы тисе екен, мың ауруға ем дәрумен сусыннан айырылып қалмайық деп дабыл ұрып жүрген ғалымның жанайқайына жоғарыдағы тиісті сала басшыларының үн қатпайтындығы қалай?!
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.